Георгий ленталары неге заңсыз таратылады?
2015 ж. 14 мамыр
2429
24
Мемлекет тыйым салған Георгий ленталарын тағу Ақтөбеде әлі де жалғасуда. Ең масқарасы, "Рика" телеарнасының жүргізушілері Жеңіс күні қарсаңында қарашұбар лентаны омырауларына тағып эфирге шықты. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмаған соң ба, заңды белінен басқан "Рика" арнасының қызметкерлері саяси қателерге жол беруде.
Көшеде жүйткіген көліктердің де терезелерінде жапсырмалар Георгий лентасындағы таңбаны бейнеледі. Тырнақ астынан кір іздеп, жүргізушілердің жүйкесін жұқартып, әр тасада тығылып тұрып, ереже бұзған жүргізушіні тарпа бас салатын жол сақшылары да көзге ұрып тұрған заң бұзушылықты байқар емес. Құқық қорғаушылар елімізде қандай заң барынан да бейхабар секілді. Базарларда да, дүкендерде де сатушылар сол бір Георгий ленталарын омырауларына тағып алып, қасқайып қарап тұрды.
«Ақ жол» партиясы осыдан екі жыл бұрын ең алғаш рет өзіміздің туымыз түстес көгілдір лентаны тегін таратқанын білеміз. Көшеде жүріп, ақжолдықтар осы лентаны көпшіліктің омырауына қадап жатқанда, жатсынған адам көрмеп едік. Керісінше, үлкендер де, жастар да дән риза болып қалып еді. Менің балам да мектепке тағып барғанда өзге оқушылар қайдан алғанын сұрап, жата кеп жабысыпты. «Біз де осындай лента тағар едік, қай жерде сатылады» - деп сұраған оқушылар көп болыпты. Өйткені, жанымызға жақын Ту түстес ленталарда Қазақ елінен шыққан қас батырлардың есімдері бейнеленген. Георгий лентасын тарату заңсыз болатынын, мемлекет оған тиым салғанын ескертіп, «Қазақ үні» газеті де талай мәрте жазды. Өкінішке орай, Георгий лентасын жасырын жарнамалап жүргендер табылып қалып жүр. Солардың алдыңғы қатарына "Рика" телеарнасын қоюға болады..
Ақтөбедегі жаңадан ашылған бөбекжайдың бірінде таңертең сағат сегізде баласын балабақшаға алып келген ата-аналар да мәре-сәре болып қалды. Бөбекжай меңгерушісі мұны мақтанышпен жеткізді. «Бізді, келер ұрпақты жаудан қорғаған батырларға тағзым етуіміз тиіс. Сондықтан Георгий лентасының маңызы зор» деп түсіндірді бұл қылығын бөбекжай басшысы. Оның айтуынша, бөбекжай қызметкерлері ақша жинап, Георгий лентасын өз қаражаттарына сатып алған. Ал, қарашұбар лентаға тиым салынғанынан балабақша меңгерушісі мүлдем хабарсыз болып шықты. Талбесіктен басталатын тәрбие ошағындағы баланың санасына Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікті алғаш болып сіңіретін тәрбиешілердің әрекеті бұл. Тілі енді шығып, әр нәрсені білуге құмартып, көргенін сұраудан танбайтын бөбектерге тәрбиешілер бұл жөнінде не айтқаны белгісіз. Бірақ, олардың ата-аналарын тегін ленталарымен жарылқапты. «Бабаларымыздың тері сіңген, қаны тамған қасиетті лентаны қастерлеп, ата-аналарға табыстап, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына өзімізше үн қостық» - дейді балабақша меңгерушісі Динара Төребаева. Ақтөбеде осылайша мемлекет тиым салған Георгий лентасына бұл жылы да жол ашық болды. Бір ғажабы, заң жүзінде ешкім де жауапқа тартылған жоқ. Соған қарағанда алдағы уақытта бұл заңға толықтырулар енгізіп, жазалау шараларын қолдану керек шығар.
Раушан СЕЙСЕНБАЙ Ақтөбе облысы
"Қазақ үні" газеті