Ұмытылмайтын жеңіс, ұмытылмайтын хат
2015 ж. 12 мамыр
7244
1
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, профессор Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Мәжілісінің депутаты
Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне биыл 70 жыл толды. Адамзат тарихында терең із қалдырған бұл сұрапыл кезеңнің оқиғалары жөнінде жаңа зерттеулердің жүргізіліп, жаңа тұжырымдардың жасалуы да толық табиғи құбылыс. Өйткені бұл соғыстың әлі де болса ой елегінен өткізуге лайық тұстары аз емес. Осы ретте, мәселен, алдымен мүмкін болғанша толық анықталуға тиіс нәрсе, әрине, адам шығыны.
Республикалық статистика агенттігінің көрсетуіне сүйенсек 1941 жылдың 1-қаңтарында Қазақстандағы халық саны 6.425 мың адам болған. Ал соғыс басталған 1941 жылдың 22-маусымынан 1945 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикадан әскерге 1.196.164 адам шақырылған. Егер бұл санға соғыс басталғанға дейін Қызыл Армияда қызметте жүрген 170 мың адамды қоссақ соғыс жылдары әскер қатарында 1.266 мың қазақстандықтың болғанын байқаймыз. Бұған қосымша қорғаныс индустриясына қатысты өнеркәсіп орындарында, транспортта және құрылыста жұмыс істеуге 700 мыңнан астам адам шақырылған. Яғни, Қазақстаннан соғыс жылдары әскери комиссариаттар арқылы 1 миллион 900 мыңға жуық адам соғыс қажетін өтеуге сапқа тұрған (М.Қозыбаев, Қ.Алдажұманов. Күркіреп күндей өтті ғой соғыс // "Егемен Қазақстан". 1993, 8 мамыр).
Ал осы әскер қатарына шақырылған 1.266 мың адамның қаншауы шайқас даласында қайтыс болды, тұтқыннан оралмады, хабар-ошарсыз кетті деген сауалға, өкінішке орай, осы уақытқа дейін нақты әрі дәлелді жауап жоқ. Мәселен, Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әскер тарихы орталығының қызметкері М.Филимошиннің есебі бойынша соғыстан оралмаған қазақтардың саны 125,5 мың адам (М.Филимошин. Военные потери вооруженных сил СССР). Ал біздің ғалымдардың көрсетуіне сүйенсек майданнан оралмаған қазақстандықтардың саны 602 928 адам. Олар шайқастарда, госпиталдарда, тұтқында өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен. Ал шайқастарда, госпиталдарда өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен қазақтардың саны 130, 0 мың адам. Яғни, бұл арада тақырыпқа байланыста зерттеу жүргізетін ресейлік орталықтар мен қазақстандық зерттеуші ғалымдардың арасында адам шығынына қатысты алшақ тұжырымдардың бар екендігі байқалады.
Қалай болғанда да соғыс кезіндегі адам шығыны, майдан даласындағы жауынгерлердің ерлігі, тылдағы адамдардың ерлікпен тең еңбегі, сондай-ақ белгілі себептерге байланысты соңғы уақытқа дейін жабық күйде қалып келген тақырыптар, әрине, жаңа көзқарас тұрғысынан талдауға алынуға лайық. Осы ретте, мәселен, зерттеушілердің қолына тие бермейтін жоғарғы билік буыны мен жергілікті халықпен тікелей жұмыс істейтін мекемелердің қызметіне тән архив құжаттарындағы фактілік материалдардың бірдей ғылыми айналымға тартылғаны жөн. Сондай-ақ білім жүйесінде соғыс тақырыбы оқулықтар, зерттеу жұмыстары арқылы ғана емес, сонымен бірге үлкен біліктілікпен және талғаммен құрастырылған құжаттық материалдар арқылы да оқытылғаны тиімді болмақ. Советтік тарихнама мәселенің тек патриоттық сезім туғызатын немесе патриоттық тәрбиеге қызмет жасайтын қырларына басымдылық берді. Ал бүгінгі кезеңде тақырыпты кең ауқымда, жалпықоғамдық тарихи тәжірибе тұрғысынан, яғни оның күнгей және көлеңке жақтарын бірдей қарастыру пайдалы болары хақ.
Осы ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударуға тура келеді. Ұлы Отан соғысы туралы іргелі зерттеулер басым түрде советтік билік кезеңінде яғни советтік идеологияның үстемдігі тұсында жазылды. Соған байланысты зерттеушілерге көптеген тақырыптарды айналып өтуге тура келді. Ал бүгінгі тәуелсіз мемлекеттілік жағдайында Отан соғысы тақырыбының қай тұрғыдан алғанда да практикалық маңызының өзектілігін мойындап, оның жабық немесе елеусіз жақтары болмауға тиіс екендігін ескергеніміз жөн.
Міне сондай соңғы уақытқа дейін ескерусіз қалып келген тақырыптардың бірі 1943 жылы майдандағы қазақ жауынгерлеріне қазақ халқының атынан жолданған хат. «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты» аталатын құжатты бүгінгі күн тұрғысынан талдауға алудың өзектілігі неде? Хат, әрине, идеологиялық құжат. Оны даярлау және насихаттау идеясы белгілі бір өмірлік қажеттіліктен туындағаны даусыз. Яғни ол белгілі бір практикалық мәселені шешуге қызмет жасауға тиіс болды. Сондай-ақ осы мазмұнда жарияланған хат жалғыз емес-тін. Қазақ халқының қазақ жауынгерлеріне жолдаған хатынан үш ай бұрын «Правда» газетінің 1942 жылғы 31-қазандағы санында «Өзбек халқының жауынгерлеріне олардың ел-жұртынан хат» атты құжат өзбек және орыс тілдерінде жарияланды. Яғни, қазақ халқының хатын осы контексте талдауға алып, түсінік берген орынды. Сонымен, жоғарыда аталған хатты талдауға алу біріншіден, бұл құжаттың өмірге келуін ұйымдастырған Орталық биліктің соғыс жағдайында қазақ халқына байланысты саяси ұстанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік туғызса, екіншіден, хат майдандағы қазақ жауынгерлері мен тылдағы қарапайым еңбек адамдарының қызметіне бүгінгі заман биігінен қарап, мүмкін болғанша объективті, әділ баға беруге көмектесетін дереккөзі болып табылады.
Алдымен, қысқаша болса да хаттың өмірге келуіне негіз болған тарихи жағдайға тоқталайық. 1942 жылдың көктемі мен жазында советтік Қызыл Армияға түрлі ауыртпалықтарды бастан кешіруге тура келді. Сәуірдің соңындағы оның Қырымдағы шабуылы жеңіліспен аяқталды. Осы жылдың 4 шілдесінде 250 күнге созылған қорғаныстан соң совет әскері Севастопольді тастап шықты.
Осы жылдың мамыр айындағы Ленинградтағы қоршауды (блокаданы) бұзып шығу әрекеті сәтсіз аяқталды. Совет, әскерлерінің Харьков бағытындағы шабуылы жеңіліспен және 20 совет дивизиясының қоршауда қалуымен аяқталды. Сол сияқты Волхов майданындағы 2-нші шабуылдаушы армия да қоршауға түсіп талқандалды. Армия қолбасшысы генерал А.А.Власов фашистер жағына өтіп, кейінірек гитлерліктер жағында соғысқан Орыс азаттық армиясын (РОА) құрды.
1942 жылдың жазында гитлерлік басшылық бірден екі бағытта шабуылға көшті: Сталинградқа («Б» армиялар тобы) және Кавказға («А» армиялар тобы).
1942 жылдың 6-шілдесінде 4-нші неміс танкі армиясының бөліктері Воронеждің оң жақ бетін басып алды. Одан ары оңтүстік-шығыс бағытта жүріп Донның оң жақ бетіндегі жерлерді, Донбастың шығыс бетіндегі өнеркәсіп ошақтарын өзіне қаратты. 24-шілдеде Ростовты алды. Ендігі уақытта Кавказға қауіп төнді.
Кавказ үшін шайқас шілденің соңында басталып, Солтүстік Кавказдың біраз бөлігін немістер басып алды. Осымен бір мезгілде «Б» армиялар тобы Сталинградқа шабуылды бастап кетті.
Қорыта айтқанда, бірнеше жетінің ішінде неміс әскері совет жеріне 400 километрге жуық тереңдеп енді. Соғыс қимылында Қызыл Армияның мұндай сәтсіздікке ұшырауы әскер қатарында тәртіптің күрт құлдырауына жол ашты. Тәртіп бұзушылық және үрей кең ауқым ала бастады. Мәселенің күрделене түсуінен қауіптенген Ставка жағдайды тұрақтандыру үшін ендігі уақытта Сталиннің қолымен бекітілген атақты №227 бұйрықты шығарды (1942 ж., 28 шілде). Әскерде темірдей қатал тәртіп орнатуды көздеген бұл бұйрық рұқсатсыз шегінген жауынгерлерге ең ауыр жаза қолдануды белгілеп берді.
Қызыл Армия қатарында байқалған берекесіздік пен басыңқы көңіл-күйді тез арада өзгертуге бағытталған идеологиялық шаралар барлық Кавказ өңірінде антифашистік митингілер өткізуден басталып, оның арты ортаазиялық жеке ұлттардың атынан олардың майдандағы жауынгерлеріне хат ұйымдастыруға ұласты. Бұл идеологиялық шараларды өткізу барысында басымдылық бұрынғыдай партиялық-большевиктік ұстанымға емес, ұлттық-патриоттық сезімге қозғау салып, оны күшейте түсуге берілді. Мәселен, «Правда» газетінің 1942 жылғы 1-қыркүйегінде жарияланған материалда: «Тау халықтары... бауырлар, Кавказ тауларында, Донның, Кубанның, Терек пен Сунжидің еркін жазықтарында, Қалмақия мен Ставрополдың далаларында туып өскен ержүрек жігіттер! Ақтық шайқасқа шығыңдар!... Солтүстік Кавказдың кеңістіктері мен Кавказ тауларына кіре беріс неміс қарақшыларының моласына айналсын!» – деген мазмұндағы үндеу айтылды.
Сонымен бірге, Кавказдың мұсылман халықтарына сенімсіздікпен қараған сталиндік орталық үкімет, ортаазиялық орыс емес халықтарға толық сеніммен қарады деп айту бір жақтылық болар еді. Кеше ғана, яғни 20-30-жылдары ортаазиялық ұлт-азаттық қозғалыстарды қанға бөктірген Сталин, өзінің бұл халықтарға жасаған ойранын ұмыта қойған жоқ-тын. Осы жағдайды ескере отырып ол енді саналы түрде «жұмсақ» саясатқа көшті.
«Правда» газетінің 1942 жылғы 31-қазанындағы санында «Өзбек халқының жауынгерлеріне олардың ел-жұртынан хат» аталатын құжат өзбек және орыс тілдерінде жарық көрді. Жоғарыда аталған №227 бұйрығы рухында жазылып, әрбір абзацы «Бір қадам да шегініс жоқ!» деген сөйлеммен басталатын бұл хатта: «Өзбек халқының батыр ұландары! Отанымызды фашист жыртқыштарынан азат ету ісінде басқа совет халықтарының перзенттерінен кейін қалмаңыздар!.. «Жігіт кісінің ұялғаны-өлгені» деген бабаларымыз. Өзбек халқының атына ұят келтіретін іс қылмаңыздар. Балалық шақтарыңызда аналарыңыздың ақ сүтімен бойларыңызға дарыған Алпамыс, Рүстем, Раушанбек, Абазхан сияқты қаһармандардың үлгісі сіздерге сүйеніш, медет болсын!», - деген сияқты еңсе көтеретін жалынды сөздермен қатар, «егер де араларыңыздан қорқақ, сатқындар шығып жатса, оларға біз лағнет айтамыз, оларды отан-ана ешқашан да кешірмейді. Бұндай перзент атануға лайық еместің елге оралып, туған шаңырағының есігін қағуға хақысы жоқ. Қорқаққа құрмет көрсету мүмкін емес, қорқақтың анасының жүзіне қарауға хақысы жоқ!», - деген сөздер де бар-тын.
Бұл хатта уақыт өтсе де ескірмейтін бір ой, ұстаным болды. Ол халықтар достығы, яғни жеңіске бастаған достық. Советтер Одағын неміс басқыншыларынан жеңілістен құтқарған негізгі факторлардың бірі де осы рухани құндылық екендігі хақ. Советтік басшылықтың бұл реттегі ұстанымы өз нәтижесін берді деп айтуға болады. «Сенің халқың – деп көрсетілді хатта – КСРО-ның бір перзенті емес пе? Енді міне сенің ағаң болған (бөліп көрсету бізден-авт.) орыстың үйіне, бауырласың беларустың және украинның үйіне герман баскесерлері басып кірді, олар өзгелермен бірге дар мен қамшыны, өшпенділік пен өлімді, аштық пен қырғынды ала келмек. Ал шындығында орыстың үйі сенің үйің, украин мен беларустың үйі сенің үйің ғой!».
Сонымен бірге, қасиетті тақырыпқа арналған хатта «кіші» ұлттардың революцияға дейінгі өмірін кейінгі советтік өмірге қарсы қойып, Науаи мен Ұлықбек, Мукими мен Тараби сияқты ұлы тарихи тұлғаларды өмірге әкелген орта мен заманды төмендетіп көрсетуге қажеттілік бар ма еді? Әрине, жоқ-тын.
****
«Правда» газеті 1943 жылғы 6-ақпандағы санында «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хатын» жариялады. Қазақ халқының соғыс жылдарындағы бұл хатына байланысты бір нәрсенің басын ашып алған жөн. Халық атынан майданға жолданған бұл құжаттың соғыс жағдайында қалыптасқан аса зор қажеттіліктен туындағандығын, сондай-ақ оның күрделі сәтте майдандағы қазақ жауынгерлеріне жағымды әсері болғандығы ешқандай да күмән тудырмайды. Хатта айтылған тұжырымдар арқылы әрбір қазақ жауынгері сол бір күрделі тарихи сәтте туған халқының тағдыры одақтағы басқа да халықтардың тағдырына байлаулы екендігін терең ұғына түскендігін аңғару қиынға түспейді.
Соғыстың бірінші күнінен бастап-ақ елдің басына түскен жауапкершілікті майдандағы жауынгер қалай тура әрі терең түсінсе, оның артындағы әкесі мен шешесі, туған-туысы мен ауылдасы да сондай дәрежеде түсінді. Хатта айтылған: «Майдандағы қазақ жауынгерлері! Сендердің ерліктерің, жауға жасаған шабуылдарың, туған елдерің Қазақстанды бір көтеріп тастады. Халық майданға таңдаулы ұлдарын жібергенін қуанышпен мақтан етеді», - деген тұжырым жеңіл-желпі айтыла салған сөз емес-тін, ол халық пен майдан арасындағы тұтастықты білдіретін орынды пікір болатын.
Хатта баяндалған осы мазмұндағы пікірлердің халықтың терең жүрегінен шыққандығы және олардың аса жауапты сәтте отан-ананың үніндей әсерлі болғандығы хақ.
Хатты жариялаған «Правда» газеті сол күнгі санында «Даңқты қазақ халқы Советтік Отан үшін күресте» деген тақырыппен бас мақаласын беріп, онда «қазақтар майданда жауға қарсы жақсы ұрысады, тылда олардың әкелері, аналары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істейді. Қазақстан өз жерінің барлық байлықтарымен, тауларының барлық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болып отыр. Гитлершілдерді талқандайтын әрбір снарядта қазақ даласының, қазақ еңбегінің үлесі бар... Түсті металдар – Қазақстанның отан қорғау ісіне беріп отырған баға жетпес көмегі. Оның астығы, еті мен жүні де сондай бағалы көмек. Қызыл Армияны тамақтандыру, киіндіру үшін, қазақ халқы тылда патриоттық жігермен еңбек етуде. 1943 жылы Қазақстанның дәнді және техникалық егістерінің көлемі 842 мың гектарға артты. Республиканың колхоздарында мал басы 1.518 мыңға өсті. Қазақстанның колхоздары мен совхоздары еліміз бен майданға етті 1941 жылғыдан 2.657 мың пұт, сүтті (тек колхоздар ғана) 1.467 мың пұт, жүнді 107 мың пұт артық берді», - деп жазды.
Бұл айтылған ой-пікірде қазақ елін ешқандай да асыра дәріптеу жоқ-тын. Майдандағы қазақтардың осы биіктен көрінгендігі тарихи шындық болатын және ол мойындалған. Тылдағы қазақ халқының ерлік еңбегі, қазақ жерінің асты-үсті байлығы неміс басқыншыларымен соғыс қажетіне жұмсалғаны да ақиқат болатын. Қазақ халқы соғыс жылдары саяси тұрғыдан да, сондай-ақ рухани тұрғыдан да тұтастық және кемелдік танытты. Ол әлгінде ғана (30-жылдары) ел зиялылары мен басшыларына қарсы жүріп өткен жаппай репрессиялау саясатын есіне алмауға тырысты.
Алаш қайраткері Базарбай Мәметовтың қызы Мәншүк Мәметованың Калининград майданында ерлікпен қаза тауып Советтер Одағының батыры атануы, алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың ұлы, Әлихан Бөкейхановтың немересі Ескендір Смағұлұлының 14 жасында полк баласы ретінде майданға аттанып, сонда жүріп оққа ұшуы, лагерде айдауда жүрген алаш офицері Бермұхамбет Сисекеновтың өз еркімен штрафбатқа сұранып майданға аттанып, соғыс аяқталғанша әскер қатарында болуы, байдың қызы Мәрзия Ибрагимованың (Жамбылдық) «әкем халық жауы болған жоқ, ал мен еліммен біргемін!» - деп, соғыс жылдары білек түрініп колхоздың жұмысына араласып, сол үшін де Социалистік Еңбек Ері атануы міне осы саяси тұтастықтың нақты көрінісі болатын. Соңғы жылдары ғана анықталып отырғандай «Алаш» қозғалысы қатарында болып, сол үшін де репрессияға ұшыраған ақмолалық Шайшық Олжабаев, Тобай Барлыбаев және басқа да белгілі де белгісіз кеткен алашшыл азаматтардың туған туыстары елімен бірге жеңіс үшін белсенді еңбек етіп, қоғамның құрметіне бөленді. Мысалы, Тобай Барлыбаевтың ұлы Әліхан Барлыбаев Ұлы Отан соғысын танк командиры болып, Орлов – Курск иінінен бастап, майданда үш мәрте жараланып, Прага қаласында жеңіспен аяқтады.
Жазушы И.Эренбург соғыс кезеңіне тән саясаттанған публицистика үлгісінде жазылған «Қазақтар» аталатын мақаласында тұтқынға түскен неміс офицерінің қазақ жауынгерлеріне байланысты айтқан пікірін береді (пікірді жазылған тілінде бергенді жөн көрдік): «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ...» (Эренбург И.Г. Война. 1941-1945 / М., 2004, с. 796.).
Бұл қазақ жауынгерлері жөнінде айтылған жалғыз пікір емес-тін. Соғыс жылдары КСРО-да «Санди таймс» газетінің және ВВС (Би-би-си) радиокомпаниясының тілшісі қызметін атқарған А.Верт «Россия в войне 1941-1945» атты кітабында: «Ортаазиялық халықтардың жауынгерлерінің қаһармандықпен соғысқандықтарына қарамастан советтік басшылықтың бұл халықтарға байланысты жайсыздық танытқанына тоқталып: «Советтік билік орындары Кавказға байланысты, әсіресе, оның мұсылман халықтарына байланысты жайсыздық сезінді. Осындай жайсыздықты ол жауынгерлері майданда жаумен шайқаста қаһармандық танытса да Орта Азияның кейбір мұсылман халықтарына да байланысты байқатты. Қызыл Армияның ең тегеурінді жауынгерлері қазақтар болды; жалпы алғанда соғыстың басынан соңына дейін қазақтар өздерін ең жақсы жағынан көрсетті, ал Сталинградтың өзінде жауынгерлердің ең үздік дегендерінің қатарында қырғыз, қазақ және башқұрт сияқты ортаазиялық халықтардың өкілдері жүрді. Қырымдық емес, волгалық татарлар да өздерін өте жақсы жағынан танытты» - деп жазды (А.Верт. Россия в войне 1941-1945 // oyallib.com /book/vert_aleksandr/rossiya_v_voyne_1941_1945.html).
Майданға қолындағы барын жіберген Қазақстанның ауылдары мен қалалары соғыс жылдары аштық жағдайды басынан кешірді. Ішкі Істер Халық Комиссариатының 1944 жылғы 18-сәуірдегі мәліметіне қарағанда осы жылы Алматы облысында – 40, Ақмола облысында – 21, Солтүстік Қазақстан облысында – 10 адам аштықтың салдарынан опат болған (Людские потери СССР в период второй мировой войны. Сборник статей. Санкт-Петербург 1995. С.169). Оған бір жағынан 1943 ж. еккен егіннің түсім бермеуі болса, екіншіден, халықтың қап түбіндегі астығымен соңғы тұяқ малын майданға жөнелтуі еді.
Осы ретте «Правдада» жариялаған хат пен мақаланың идеологиялық астарына, сондай-ақ бұл құжаттарды даярлап, жариялауға тапсырыс берген идеологиялық органдардың ұлт мәселесіндегі ұстанымына тоқталу қажет-ақ. Өйткені бұл арада тым көзге ұрып тұрған тарихи фактілер бар. Ал оларды көре тұрып көрмегендей кейіп таныту немесе елемей айналып өте шығу көңілге қонымды ұстаным болмас еді. Тарих қандай болса да шындықтың айтылғанын ұнатады.
ҚР Президенті Мұрағатында сақтаулы құжаттық материалдармен таныса отырып, қазақ халқының атынан даярланған бұл хатты ұйымдастыру жөнінде нұсқаудың қандай мекеме немесе жеке адамның тарапынан берілгендігін анықтау мүмкін болмады. Деректердің көрсетуіне қарағанда ол 1943 жылдың қаңтарының алғашқы жартысында барлық облыстың партия комитеттеріне КазТАГ арқылы қазақ және орыс тілдерінде жедел түрде жөнелтілген. Қазақстан Компартиясы ОК-нің сол кездегі бірінші хатшысы Н.А.Скворцовтың қолымен жеделхат түрінде қосымша берілген хабарда хатты типографиялық әдіспен көбейтіп тез арада оны барлық колхоз, совхоз, МТС, өндіріс орындарында, мекемелерде талқылау өткізіп, 14-қаңтарға дейін аяқтауды тапсырған. Хатта баяндалған мәселелерді халыққа түсіндіру ісі облыстық, қалалық, аудандық активке жүктеліп, ал хаттың соңына өндіріс озаттарының, ғылым, мәдениет, өнер қайраткерлерінің қолдарын қойғызу тапсырылып, ал қол қоятындардың басым түрде қазақ ұлтынан болуы міндеттелді.
Хаттың алдымен қазақ тілінде жазылып, сонан соң орыс тіліне аударылғаны байқалады. Орыс тіліндегі бір нұсқасының соңында «Б.Исабеков» деген кісінің фамилиясы жазылған. Б.Исабековтың хат мәтініне қандай қатысы бар, бұл тақырып арнайы зерттеу жұмысын жүргізуді талап ететін сияқты.
Хаттың орыс тіліне аударылған мәтінімен сол тарихи кезеңдегі орыс халқының заңғар жазушылары К.Симановтың, К.Паустовскийдің және М.Зощенконың жұмыс істегенін аңғаруға болады. Иә, тағы бір нұсқаның алғашқы бетінде «Хавин» деген кісінің фамилиясын кездестірдік. Редакциялау ісіне ол кісінің де қатынасы болуы әбден мүмкін. Басқаша айтқанда, аталған жазушылар жоғарғы билік тарапынан берілген тапсырмамен хаттың аударма мәтінімен жұмыс істеген сияқты.
Біз жоғарыда хаттың өмірге келуіне түрткі болған жағдайларға тоқталдық. Оны ұйымдастыру идеясының орталық идеологиялық аппарат қойнауынан шығып, ең жоғарғы билік деңгейінде келісілгендігін болжауға болады. Хатты ұйымдастырушылардың, әрине, белгілі дәрежеде, «турашыл, ашық, ержүректі, кішіпейіл» қазақ халқының майдандағы ұлдары мен қыздарын, сондай-ақ олардың елдегі әкелерінің, аналарының, әйелдер мен қарындас-апаларының сезіміне тиіп, мүмкін болғанша олардың адами потенциалын толық аша түсуді көздегендіктерін түсіну қиын емес. Сталиндік идеологиялық аппараттың ұлт мәселесіндегі ұстанымынан, сондай-ақ 20-30-жылдардағы елдегі репрессия тарихынан жақсы хабардар адамның көңілінде еріксіз осындай ойдың туындауы әбден мүмкін және оған негіз боларлық алғышарттар да жеткілікті екендігі анық. Қазақ сияқты халықтың зиялылар тобының әрбір белсенді қызметін «қазақ ұлтшылдығының» көрінісіне жорып үйреніп қалған орталық билік және оның идеологиялық аппараты соғыс жағдайында сол бұрынғы пиғылынан қайтты, жіберген қателігін түсінді, ұлыдержавалық ұстанымынан біржола арылды деп түсіну, әрине, ағаттық болар еді. Соғыс аяқталмай жатып-ақ басталып кеткен «қазақ ұлтшылдығымен» күрес соның айғағы болатын.
Большевиктер партиясының қазақ сияқты ұлтты идеологиялық тұрғыдан адастыру әрекеті біз қарап отырған хатта да байқалды. Мәселен, қазақ тарихының октябрь (1917) революциясына дейінгі дәуірін советтік кезеңге қарсы қойып, соңғысына басымдылық беру, сол сияқты большевиктер партиясын қазақ елі үшін тек жалқы жарылқаушы күш ретінде көрсету большевиктік идеологияның іргелі ұстанымдарының біріне айналды. «Правданың» бас мақаласындағы «қазақ халқының тарихы баяғы заманнан басталады. Бірақ қазақ халқы тек совет өкіметі тұсында ғана өз алдына ерікті өмір сүре бастады. Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл тоқсан жастан асты, бірақ тек социалистік революциядан кейін ғана жасарды. Бүкіл қазақ халқы жасарды. Бұрын Қазақстан даласы қуаң еді. Көлді, шұрайлы жерлер тек байларда еді. Қазақ даласы құнарсыз, шөлді өлке деп есептелетін еді. Жер қойнауында ен байлықтар елеусіз жатты. Дарынды халықтың басына ұзақ уақыт бойы тарихи қаратүнек орнап келді. Қазақ халқының бір кездегі салтанаты туралы ақындардың ән-күйі сол түнекте күңіренген үн болып естілді. Ленин мен Сталин, большевиктік партия қазақ халқын жаңа тұрмысқа жеткізді. Сталиндік Конституция қазақтың кең байтақ даласына нұр сәулесін төкті...», - сияқты жолдар сол ұстанымның көрінісі болатын.
Басқаша айтқанда, Советтер Одағының бас газеті қазақ жауынгерлерінің майдан даласындағы ерлігін, сондай-ақ қазақ елінің тылдағы жанқиярлық еңбегі мен биік қасиеттерін тек советтік шындықтан ғана бастау алатын, соған сүйенген құбылыс ретінде көрсетуге басымдылық берді. Мұндай тар идеологиялық әдістің көздеген мақсатын, оның құйтырқы әрекетін сол тарихи кезеңдегі ұлт зиялыларының алдыңғы тобы жақсы түсінді. Москва түбіндегі қанды шайқаста қаһарман істерімен көзге түскен Бауыржан Момышұлы Алматыдағы әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа жазған хатында қазақ халқының революцияға дейінгі өмірін қараңғы түнек, ал өзін бар жақсылықтан хабарсыз, бишара ретінде көрсетуге үзілді-кесілді қарсы шығып, «Біздің кейбір әжептеуір адамсынған жігіттеріміз баспа бетінде, көптің алдында: «Біз қараңғы, жабайы, надан, сорлы едік... Біздің бабаларымыздың көзі ашылмаған соқыр, пайымсыз, жарық дүниені танымаған, даланы жайлаған айуан қатарлы халық едік», тағы осы сияқты бірнеше жала, өтірік, өсек, қиянат «жалпанышты» сөздер айтып, ел еңсесін селге салып, жер етіп жүргендері аз емес, ондай жігіттердің ел сорына біткені сөзсіз емес пе?
Біздің бабамыз кімнен кем, кімнен сорлы еді? Мың жыл жасаған қазақтың ішінен ақылды, пайымды адамдар бүгінгі таңда ғана шығып па? Кемеңгерлік, данышпандық, ел қасиетін, бабамыздың аруағын тепкен тентектердің аузына қашан тыйым салынады? Бабамыздың адамгершілігі, ерлігі, ақылы, сипат, салтанаты көп алдында әділ баға алып, немере-шөберелеріне қашан мақтаныш, тымсал, мысал болып, жұрт алдында еңсемізді қашан көтереді. Басқалар бабаларының аруағына сыйынып бас ұрғанда, ондай міндетті борышымызды басымыздан атқаруға біздің ұялуымызға жол болсын?», - деп жазды (Момышұлы Б. Алыстан сәлем жолдаймын. Көптомдық шығармалар жинағы. 20-кітап, А., 2010, 60-61 б.б.).
Майданда от кешіп жүріп, ақыл мен батырлықтың не екендігін нақты ісі арқылы дәлелдеген Б.Момышұлының ұлт өміріне берілген әділетсіз бағаға және елінде тоқтаусыз жүргізілу жолында тұрған орыстандыру саясатына ашық қарсылық танытуға толық моральдық құқы бар-тын. Батыр Баукең бұл құқын мүдірместен пайдаланып, оны көрсете де білді.
Бауыржан Момышұлының бұл айтқан пікірі жай эмоциялық сілкіністен туа қалған негізсіз сөз емес-тін. Бұл соғыстың алдында ғана диктаторлық жүйе тарапынан ауыр соққы алған, бірақ оған сынбаған, тек іштей булығып, тына қалған ұлттық намыстың реті келген сәтте қайта бас көтеріп, дүлей билік алдында «Мен бармын!» деп бой көрсетуі болатын. Қазақ рухы оны майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінің жанқиярлықпен көрсеткен жаппай ерлігі арқылы, сондай-ақ тылдағы шаршап-шалдығудың не екендігін білместен күні мен түнін ауыр еңбекте өткізген қазақ әйелдерінің ерік-жігері арқылы білдірді.
Неміс басқыншыларымен ақтық күрес жағдайында қазақ халқының майдан мен тылда танытқан мұндай «ашық мінез, кең пейіл» ықыласы Орталық билік тарапынан сондай дәрежеде түсіністік тауып, қолдауға ие болды ма? Мұндай сауалға сенімді түрде жағымды жауап беру қиын. 1941-1943 ж.ж. майдан даласында қалыптасқан ауыр жағдай өте салысымен-ақ партиялық идеология бұрынғы 20-30-жылдары қалыптасқан арнасына қайта түсті. «Қазақ ұлтшылдығы» туралы мәселе идеологиялық аппарат тарапынан қайта көтерілді және ол мынадай тарихи фактілерден анық байқалды.
1943 жылы ресейлік (соғыс жылдары Алматыда тұрған) және қазақстандық ғалымдардың шығармашылық бірлікте даярлаған «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» (М.-А., 1943) атты кітап жарық көрді. Кітап жарық көре салысымен сол жылы-ақ сәтті жазылған еңбек ретінде Сталиндік сыйлыққа ұсынылды.
Іргелі ғылыми тұрғыдан жазылған бұл кітапта патшалық биліктің қазақ қоғамын отарлау және орыстандыру саясаты тиянақты талдауға алынып, оған жауап реакция ретінде көрінген қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресіне, түрлі аймақтарды қамтыған ұлт-азаттық қозғалыстарға жеке тараулар арналды. Азаттық қозғалыстарды басқарған жеке қайраткерлердің тұлғалық болмысы сомдалды, қоғамдық ойдағы «Зар заман» ағымы көрініс тапты.
Ресейлік отарлау саясатының мұндай ашық сынға алынуы Мәскеудегі ресми ұстанымдағы ғалымдардың «намысына» тиген еді. Мемлекеттік сыйлықтар бойынша Комитеттің тапсыруымен еңбекке пікір жазған А.И.Яковлев кітапта Ресей үкіметінің империялық территориясын кеңейте түсу әрекеті қорғаныстық мақсатта жүргізілген, сондықтан да бұл процесс «прогресшіл» сипаттағы әрекет ретінде көрсетілуге тиіс еді, ал қазақтардың орыс отаршылдығына қарсылығын дабырайтып көрсететіндей ол соншалықты маңызды тақырып емес-тін, жалпы кітапта Ресей мемлекетіне де, сол сияқты орыс халқына да жағымды көзқарас жоқ деген қорытындыға келеді.
Кітап төңірегінде қалыптасқан жағдай 1944 жылы мамыр-шілде айларында БК(б)П Орталық комитетінде оның идеология бойынша хатшысы А.С.Щербаковтың төрағалығымен, сондай-ақ ОК-тің хатшылары А.А.Андреев және Г.М.Маленковтың қатысуымен КСРО тарихының мәселелеріне арналған тарихшылар кеңесінің өткізілуіне себепші болды. Тарихшы А.М.Панкратова: «Дискуссияға сырттай түрткі болған «Қазақ КСР тарихы» кітабы, ал бірақ бұл себеп осыған дейін іште айтылмай, тұншығып жатқан ойдың сыртқа бұлқынып шығуына жол ашты», - деп жазды. Кеңес барысында бой көрсеткен нәрсе құрамында Тарле, Ефимов, Яковлев бар топтың «Қазақ КСР тарихын» жазған авторлар ұстанымына қарсы шабуылы еді. Тарихшы А.В.Ефимов кітап авторлары қазақ халқын тіптен «таңдаулы халық» («избранный народ») дәрежесіне көтеріп, негізі жоқ концепция жасау жолына түсті деген пікір айтты. Жалпы кеңесте «Қазақ КССР тарихына» айтылған сын бұл кітапқа жасалған шабуылдың басы ғана еді.
Өз ретінде Қазақстан тарихынан аталған еңбектің жарық көретіндігі жөнінде хабар майдандағы жауынгерлерге де жетіп, олардың тарапынан қызығушылық тудырған еді. Мәселен, Д.Қосанов деген майдангер кітапты жазуға атсалысқан ғалымдарға жолдаған хатында «Кеше ғана біз «Правда» газетінен өзіңіздің, біздің жақын достарымыздың белсенді атсалысуымен жақын арада «Қазақ КСР тарихының» жарық көретіні жөнінде білдік. Біз сіздердің зор нәтижелі жұмыстарыңыз үшін өте қуандық, енді, міне, сол кітапты оқып шықсақ деген үміттеміз. Егер сіздерге қиын болмаса, осы сарылып күткен кітаптың бір данасын бізге жіберсеңіздер екен», - деген өтінішін білдіреді (Бранденбергер Д.Л. Национал-большевизм. Сталинская массовая культура и формирование русского национального самосознания (1931-1956) Санкт-Петербург, 2009. С. 196).
Өкінішке орай, бұл кітапты оқу мүмкіндігі сол тарихи кезеңде майдангерлерге де, елдегі қалың оқырмандарға да бұйырған жоқ еді. Кітапты қалың оқырманның қолына беру қауіпті деген мағынадағы тұжырым жасалынып, оның тиражы ұстанымнан қайтарылып, оқуға тыйым салынған еңбек ретінде сейфке бекітілді.
40-жылдардың соңына қарай ғылымдағы «қазақ ұлтшылдарының» ұстанымын түрлі деңгейдегі партия жиналыстарында талқылау шаралары репрессиялық актілерге ұласты. 1951 жылы 6-қарашада ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметте болып, 1946 жылы оның директоры қызметін атқарған, ал 1950 жылдың соңына қарай осы мекемедегі әдебиеттану саласындағы жұмысынан босатылған Ысмайылов Есмағамбет Самұратұлы тұтқынға алынып Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігінің абақтысына жабылды. Ал келесі 1952 жылдың 17-шілде күні Қазақ КСР Ғылым Академиясы тарих институтының сектор меңгерушісі Сүлейменов Бекежан, 5-қыркүйек күні ғылыми және университеттегі оқытушылық қызметтерінен босатылып. Жамбыл облысы Шу ауданы Ново-Тройцк селосындағы орта мектепте мұғалімдік жұмыста жүрген Бекмаханов Ермұхан тұтқынға алынды. «Ұлтшылдар ісі» бойынша сотқа тартылғандар қатарында белгілі ғалым-жазушы Қажым Жұмалиев, жас әдебиетші Қайым Мұхаметханов және басқалар бар еді.
Сонымен, ел басына қауіп төнген соғыс жағдайында ұлттық-патриоттық ұстанымды күшейту жолына түскен сталиндік орталық билік ол қауіптің беті қайтқан сәтте-ақ сол бұрынғы қалпына түсіп, қазақ сияқты елдің табиғи ұлттық сезіміне сезікпен қарайтын болды. «Правда» газеті ендігі уақытта совет халқы «қазақ халқының турашыл, ашық, ерлік жүрегін, оның кішіпейілділігін, оның адалдығын жақсы көреді», - деген мазмұндағы пікірді бермейтін болды. «Правда», әрине, партиялық, яғни идеологиялық ұстанымдағы басылым болды.
Бүгін, біздің ел Ұлы Отан соғысы жылдары отан үшін от кешкен ұрпақтың ерлік істеріне зор құрметпен қарайды, оны биік азаматтықтың қайталанбас үлгісі ретінде бағалайды. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың», - деген аталы сөзі ойға оралады.
Мәңгілік Ел идеясы да міне осы адам табиғатында бар және ешуақытта маңызын жоғалтпайтын құндылықтардан бастау алатындығы хақ. Бүгінгі таңда осы ұлы идея біздің елімізде жалпы азаматтық құндылықтарды шоғырландыру жүйесінің, сондай-ақ, жүргізіліп жатқан реформалардың дүниетану негіздерін қалайды. Ендігі жерде ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясын іске асыру үшін аянбай тер төгу керек.