Қазыбек ИСА: ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ОЯТУ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАЙ БІЛУДЕН БАСТАЛАДЫ!..
2015 ж. 06 мамыр
14843
33
«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы мен Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - "Золотая Осень" орденінің иегері, журналист Қазыбек Исадан бүгінгі қоғам мен ұлттық мүдде тұрғысында әңгіме өрбіткен едік, соны оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
- Қазіргі әлеуметтік желіні пайдаланушылар арасында «Интернет ресурстары, сайттар газет пен журналдың алдын орап кетті. Болашақта қағаздық басылымдар оқылудан қалады» деген пікір айтады. Сіз бір газет пен сайтты қатар алып жүрген бас редактор ретінде не айтар едіңіз?
- Иә, өкінішке орай осындай пікір қазір белең алып келеді. Бірақ, газет-журналдардың қатардан қала қоюы оңай емес. Интернеттің өрістеуіне байланысты, әрине, таралымы әлі де кеми береді. Бірақ, жақын арада өмір сүруін тоқтатады дегенге сену қиын. 2013 жылы «әлемдегі ең бір байырғы басылымның, осы кезге дейін Лондонда баспа түрінде 1734 жылдан бері шығып келе жатқан «Lloyd's List» газетінің сайты 20 желтоқсаннан бастап қағаз нұсқасын шығаруды тоқтатады» деген хабар таратты. Редакциясының хабарлауынша, зерттеу нәтижесінде газеттің басылым түріндегі нұсқасын екі пайыздан да аз оқырман оқиды екен. Артынша арада жарты жыл өтті ме, өтпеді ме, сол басылымның "газеттік нұсқасы қайта шыға бастады" деген ақпарат жарияланды. Яғни, бұл әлемдегі ең байырғы басылымның газеттік нұсқасы әлі сұранысқа ие дегенді білдіреді.
Мысалы, менің қолымда газеттік нұсқасы да, интернеттік нұсқасы да бар дейік. Мен диванға жантая кетіп, газет-журналды қолыммен ұстап, еркін ақтарғанды жақсы көремін...
Екіншіден, еліміздің тең жартысына жуығы ауылда тұрады. Ал ауылдың бәріне интернет желісі тартылды деп кім айта алады? Интернет желісі жеткен ауылдардың өзінде бәрінің компьютер алуға, интернет пайдалануға жағдайлары бар ма? Сондықтан, газет-журнал өмір сүре береді деп ойлаймын.
Ал Қазақ контенті қазір ерекше қарқын алып келе жатыр. Әрине, орыс тілді сайттармен салыстырғанда саны өте аз әзірше. Бірақ қазақ контентіне кірушілердің саны мен олардағы пікірталастардың көлемі тез қарқынмен өсуі көңілге үміт ұялатады. Алдыңғы қатардағы abai kz, baq kz порталдарын, shyn kz, қарқыны күн сайын күшейіп келе жатқан qamshy kz сайтын, тіпті енді қимылдай бастаған gu-gu.kz сайтына қарасақ та бұған анық көзіміз жетеді. Қоғамдық пікір тудыруда қазір қазақ сайттары алдыңғы қатарға шықты. Бір-екі ғана мысал, өткен жылы Өскеменде бір түнде қойылған Абай мен Михаэлистің ергежейлі ескерткішінің бір күн ғана тұрып, алынып тасталуы "Қазақ үні" бастаған қазақ сайттарының көтерген шуының арқасында болды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың шетелде "Қазақ елі" атауына байланысты үстірт айтылған сөзіне түсінік беріп, ақталуы да осыны аңғартады...
Сонымен бірге қазақ контентінің әралуан тақырыптарды қамтып жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Тек мұнда да қаржылық қолбайлаулар кедергі келтіріп жатқанын айтуымыз керек.
- «Қазақ үні» газеті ақпарат нарығында сұрыпталып шыққан бірден бір басылым. Қазақ жоғын жоқтауда өзіндік ұстанымынан айнымай келеді. Мұның сыры неде?
- Тәуелсіздік жылдары көптеген басылымдар шықты. Содан іріктеліп, бүгінге санаулысы ғана жетті. Небір алпауыт кәсіпорындардың, ірі саяси партиялар, қалталы олигархтар құрылтайшылық еткен басылымдар да шығуын тоқтатты. "Қазақ үні" газеті «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы ашылды. Біздің басылымның өркендеп келе жатқаны «достарымның» пайдасы. Олар газет алғаш шыққан кезде «Ертең-ақ жабылып қалады. Қазыбек журналист емес, суретші, ақын ғой» дегенін естіп, намысқа бастым. Заманның батыры Заманбек Нұрқәділов ағамыздың Алматыны басқарып тұрған кезінде баспанасыз қазақ жастарымен бірге иесіз жерлерді басып алып жүріп, зорға қолым жеткен «Таугүлдегі» он сотық жер телімін сатып, ол кезде 3 мың долар ғана болды, бұл жоғары баға еді, осы газетті ашуға бел будым. Ойлап көріңіз, Алматыда баспанасы жоқ адамның зорға қолы жеткен жерін сату қандай қиын болғанын... айтпақшы, биыл газетіміздің жарық кқргеніне 15 жыл толады, құдай қаласа... «Жас қазақ үні» болып ашылған газетімізде ең алдымен жастар жұмыс істеді. Жаңа ашылған редакцияда істеп, немесе, автор ретінде мақалалар жазып, қолғабыс еткен жастар қазір әрқайсысы елге белгілі аты бар қаламгерлерге айналды. Олар Әмірхан Балқыбек, Болатбек Төлепберген, Ақеділ Тойшан, Гүлбиғаш Омар, Әлібек Шегебай, Жанарбек Әшімжан, Қонақбай Саттаров, Берік Бейсенұлы, Төреғали Тәшенов, Шәріпбек Әмірбекұлы, Шыңғыс Асқарұлы, Бекжан Әшірбек, Алмат Исаділ, Гүлжанат Шонабай, Құтмағанбет Қонысбай, Ләйла Сұлтанқызы және т.б.
2011 жылы болу керек, үнемі руханиятқа демеу болып жүретін рухы биік қайраткер Иманғали Тасмағамбетов бас редакторларды жинаған кезде «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов ағамыз «ҚазМұнайГазда» істеп жүріп, «Айқарма» атты газет ашқан Шархан Қазығұлға «Ең тез ашылып, тез жабылып қалған газеттің редакторы» деп қалжыңдады. «Ой, газеті құрсын, өте қиын екен, қаржы жетпейді» деген Шәкеңнің маған көзі түсіп кетіп, «Осы Қазыбекке таңым бар, қалай газет шығарып, қалай шыдап келеді» деген еді. Мен жай ғана: «Жас қазақ үні» жабылудан кеткен газет қой, құдайға шүкір. Өйткені оны қазір бар қазақ іздеп оқиды» деп жауап бердім. Әрине, «Қазақ үні» газетінің қарышты қанат жайып келе жатқанына көптеген елім деген ерлердің, руханиятқа қамқор Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхамед, Ислам Әбішев, Азат Перуашев және т.б. атпал азаматтардың да еңбегі зор…
"Қазақ үні" газетінің Қазақтың үні, мұңы болып, өзің айтқандай, Қазақтың жоғын жоқтауда өзіндік ұстанымынан айнымай келе жатқаны елге белгілі. Себебі, қазақ тілді баспасөз бір ғасыр бұрынғы Алашордалықтардың "Қазақ" газетінен бастасақ та, қазір де тәрбиелік рөл атқарып келеді және атқара береді. Себебі, сол жүз жыл бұрынғы ұлттық мүдделер бүгін де, Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырында да күн тәртібінен түспей келеді. Өйткені, "Не толқытса, соның мұңын тартасың!" (Мұхтар Шаханов). 1915 жылғы "Қазақ "газетінде де, 2015 жылғы "Қазақ үні" газетінде де ел мен жер жағдайы, көрші елдермен қарым-қатынастағы ұстанатын экономикалық-саяси бағыт, мемлекеттік тіл, ағарту, білім-ғылым мен мәдениет мәселелері, ұлттық мүдделер көтерілуі және ол үгіт-насихат түрінде жазылуы сондықтан... Яғни, бұл қазақ журналистикасындағы ұлттық һәм мемлекеттік қажеттілік!
Қазақ журналистикасының көтерер жүгі орыс тілді журналистикаға қарағанда анағұрлым ауыр... Өйткені, қазақ журналистикасы ұлттық мүдделерді көтеруде ұлттық партияның рөлін атқарып келеді (Ерлан Карин). Қазақ журналистикасы кез келген іске ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды.
2014 жылғы есеппен елімізде 2532 газет-журналдар болса, соның 500-дейі ғана қазақ тілінде шығады. Бұл өте аз... Бұған ең алдымен қазақтардың, әсіресе, қалалық қазақтардың басым бөлігі орыстілді екендігі, қазақ тіліне шынайы сұраныстың аздығы әсер етуде...
- Қазақтың жоғын жоқтап, ұлт үшін қызмет атқарып жүрген азамат ретінде ұлттық рухты оятудың басты тетіктері деп нені атар едіңіз?
- Ұлттық рух болмаған жерде - ұлт болмайды! Ұлттық рухты ояту - біздің қазіргі жағдайымызда ұлттық мүддені қорғай білуден басталады. Негізі мемлекеттің басты ұстанымы - ұлттық идеология болмаса, ұлт ұпайын түгендеуде алға басу оңай емес. Арам шөпті тамырымен отап тастамасаңыз, қанша жерден егін ексеңіз де, көңілдегідей өнім болмайды. Тәуелсіздік алған әр елдің алғашқы ең басты мақсаты - отарсыздану, яғни деколонизация саясатын жүргізуден басталады. Біздің жағдайда бұлай болмады да, сондықтан да біздің ұлттық рухты ояту, ұлттық мүддемізді ұлықтауға жұмсап жатқан қажыр-қайратымыз арам шөптен аяқ алып жүре алмайтын алқапқа егін еккендей халді елестетеді. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің ширек ғасырына таясақ та, мемлекеттік тілдің Атазаңымызға лайық төріне жақындай алмай келе жатқанын айтпағанда, мысалы Павлодардың, Петропавлдың атын ауыстыру - шындаса, бір демде бітетін іс - бізге ақырзаман орнайтындай әлі созылып, солтүстік көршіміздің қабағына қараумен келе жатырмыз. Негізі, бұл биыл 20 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан Халқы ассамблеясының ұсынысымен-ақ бітетін іс. Біз осы ассамблеяны осындай ұлттық, яғни мемлекеттік мүдделерімізге үлесін қоспаса, не үшін құрдық? Президент сайлауы секілді ең маңызды саяси мәселеге бастамашы бола алатын ассамблея неге осы патшалы Ресейден қалған, отарлық езгінің символы ретінде көзімізге сүйел, көңілімізге шемен болып келе жатқан қалалардың аттарын ауыстыруға бастама көтермейді?.. Айта кетейін, осы жылдың басында үш министрлік пен Қазақстан Халқы ассамблеясы қосылып биылғы өтетін мерекелерге байланысты жиын өткізді. Сонда мен алғашқы болып сөз алып: "Бізде ҚР Президентінің халыққа Жолдауында айқындап бергендей, " Бір ел. Бір тағдыр" атты ұранмен келеміз. Енді осыны Қазақстан Халқы ассамблеясының 20 жылдығы мерекесі қарсаңында "Бір ел. Бір тағдыр. Бір тіл"-деп өрістетіп әкетсек, Елбасымыз айтқандай, "Мемлекеттік тіл - қоғамды біріктіруші фактор" ретінде дамый бермей ме? Бұны Қазақстан Халқы ассамблеясы көтеруі керек деп білемін"-дедім. Бұл сөзімді Қазақстан Халқы ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қуана құп алды. Ал ассамблея басшылығы қалай қарайтынын әлі белгісіз...
Осы солтүстіктегі екі қалаға неге ұлттық қаны бар, іскерлігі мен саясаткерлік салмағы қатар қанат қаққан қайраткерлерді әкім етіп тағайындамасқа? Саясаткерлік дегенді кейбір әкімдеріміз бен министрлер, жалпы шенеуніктеріміз ұлттық мәселеден айшылық жерден айналып қашу, "қазақ тілі" десе, шошып, "қазақ" деген сөзді лексиконынан шығарып тастау деп ойлайды... Жоқ, олай емес, саясаткерлік деп ең алдымен осы жыл сайын күрделеніп келе жатқан ұлттық мәселелерді шеберлікпен шеше білуді айтады. Олар сол облыстағы мәслихат депутаттарымен неге жұмыс жасап, осы мәселені дымын шығармай шешпеске... Мысалы, Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішевтің кезінде Шығыс Қазақстан облысында, Өскемен қаласында ұлт мүддесіне орай біршама жұмыстар ешқандай айқай-шусыз-ақ істелді.. Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың іскерлігіне дау жоқ шығар, бара салысымен ұлы жазушы Жүсіпбек Аймаутұлының 120 жылдығын жоғары деңгейде өткізіп, еңселі ескерткішін тұрғызды, т.б. шаралар жасап жатыр. Бірақ белді әкім Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 24 жыл болғанын павлодарлықтардың есіне түсіріп, қала атауын, көше атауларын өзгерте ала ма? Неге ол өңірде үнемі Руза Бейсенбайтегі бастаған ел патриоттары облыс әкімінің идеологиялық орынбасары мен ішкі саясат басқармасының, тіл басқармасының жұмысын олардың орнына тегін істегені үшін, Конституция баптарын орындауды талап еткені үшін трамвайдың астына түсе жаздап зардап шегуі керек?!. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі туралы ешнәрсе айта алмаймын. Тек білетінім, Астанада баспасөз мәслихатын өткізгенде қазақ тілін түсінбегені есімде қалыпты... Мен айтып отырған бұл кемшіліктің бәрі басында отарсыздану саясаты жүргізілмегендіктің кесірі...
Ұлттық рухты оятуда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте зор. Ал бізде ақпараттық құралдардың басым бөлігі, яғни 75 пайызы Ресей тілінде шығатынын жоғарыда айтып өттік. Ендеше ұлттық ақпараттық қауіпсіздік туралы не айтуға болады?
2012 жылғы 30 қазанда Астана қаласында «Қазмедиа орталығының» ғимаратында Қазақстан журналистерінің этикалық Кодексі қабылданды. Жалпы Журналистердің этикалық Кодексі қысқа да нұсқа, нақты тұжырымдар қамтылған құжат болып шыққан. Дегенмен, менің Журналистердің этикалық Кодексінің «Кәсіби парыз» аталатын 1 бабының 1 тармағына, яғни журналист қызметіне “Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтауды” енгізген ұсынысым қатты тартысқа түсті. «Мемлекеттік мүдде мен ұлттық мүдде бір ұғым, дамыған елдердің бәрінде солай екенін жақсы білесіздер. Бізде ұлттық һәм мемлекеттік мүдделер тартысында мемлекетіміздің ақшасына шығып, еліміздің нанын жеп отырған баспасөз құралдары талай рет көрші елдердің сойылын соғып кеткеніне куә болдық. Меншігіне қарамай мемлекетімізде шығатын барлық баспасөз құралдары мемлекеттік мүддені қорғау керек. Ендеше неге журналистің кәсіби парызына ұлттық ақпараттық қауіпсіздік жатпауы керек? Мен осы бапқа «Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау» деген сөйлемді қосуды ұсынамын.»-дедім.
Тәуелсіз ел үшін маңызды да, ең қажетті, мемлекет мүддесін қорғаған бұл тармаққа басқа-басқа емес, билік партиясының органы – «Нұр Медиа» холдингінің сол кездегі бас директоры Ерлан Байжанов қарсы шықты.. Оған заңгер Марат Баширов та қосылды. Ойлаңызшы, Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті ойламайтын қандай журналист, қандай басшы?
Менің ұсынысымды сол кездегі Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевтан бастап, белгілі қаламгерлер Нұрлан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Бигелді Ғабдуллин, Жүсіпбек Қорғасбек, Мәди Манатбектер табанды түрде қолдап шықты. Ақырында 1 баптың 1 тармағы үшінші рет жеке дауысқа салынып, басым дауыспен қабылданды. Өзге ұлт өкілдерінің өздері де түгел жақтап дауыс берді. Бір ғана адам – Ерлан Байжанов қарсы болды. Журналистердің этикалық кодексіне “Ұлттық ақпараттық қауіпсіздіктікті сақтау” бабының енгізілгені қалам ұстаған ағайындардың айтуынша «Қазақ журналистерінің жеңісі» болды. Ал негізі осы Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесі біздің Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңымызға енуі керек.
- Кейбір алаштанушы ғалымдар «Ақ жол «Алаш» партиясының ұстанымын жалғастырушы емес, керісінше Алаш атына кір келтірушілер" деген пікірде...
- Сіздің кімді айтып отырғаныңызды біліп отырмын. Жалпы, бізде белгілі бір саланы зерттеушілердің көбісінде эгоистік пиғылдарына ие бола алмай қалу көп кездеседі. Тап бір сол саланы, мысалы Алаштануды немесе Алаш бағытына әркімнің өз үлесін косу ісін жекешелендіріп алғысы келеді. Солардың айтуы немесе рұхсат-нұсқауы бойынша жүргенді қалайды. Алашқа зор еңбек сіңірген айтулы ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыздың "Ақ жол" туралы шетін пікірін менің де көзім шалып қалды. Съезд шаруасымен әр өңірде облыстық конференциялар өткізіп жүріп, мойын бұруға мұршамыз болмады. Тек әлеуметтік желіде бір ауыз өз қарсылығымды білдірумен шектелгенмін. Менсіз де ағамыздың жүйесіз сөзіне жүйелі қарсы шығушылар көп екен, содан жылы жауып қоя салғанбыз. Сен сұрақ қойып отырғасын, реті келіп тұрған соң жауап бере кетейін.
"Ақ жол" Алаш бағытымен кейбіреулердің айтуынша кейінгі кезде ғана аяқ астынан айналысып жүрген жоқ. Алаш мұрасын насихаттау Әлихан Бәйменовтың кезінен басталған болатын. Қазіргі кезде партия Алаш бағыты қарқынын күшейтіп, нақты істерді қолға алып жүр. Алаш бағыты туралы жеке Бағдарлама қабылдануда. Түрлі республикалық іс-шараларын, Алашқа, ұлт мүддесіне байланысты парламенттік сауалдарды айтпағанда, 2012 жылы Алашорданың 95 жылдығын Астанадан бастап, барлық филиалдары бас болып, республика бойынша тұңғыш атап өткен партия - "Ақ жол" болады. Жыл сайын жыл бойы өтіп, Алаш күні 13 желтоқсанда қорытындыланатын дәстүрлі "XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" жалпыұлттық байқауы қазір елдің бәріне белгілі. Алаш тарихы бойынша қаншама тың деректер, қаншама жаңа есімдер жарыққа шықты. Бұл зор қажыр-қайрат пен мол қаржы талап ететін қадамдар біреулерге ұнаса да, ұнамаса да, олардың өкінішіне орай - шындық. Бір адамға ұнамай қалыпты, қарсы болды екен деп, біз жоспарлы, съезде бекітілген бағдарламалы ісімізден бас тарта қоймаймыз. "Ақ жолдың" Алашқа байланысты істеріне өз үлестерін қосып, еңбек сіңіріп жүрген әйгілі марғасқа ғалымымыз, маңдайалды алаштанушымыз Мәмбет Қойгелді бастаған, бір топ атақты ғалымдарды қайда қоясыз?!. Жеке басына жақпай қалған істі жалпыәлемдік проблема жасау, істелген істі көрмеу туралы не айтуға болады? Алаш туралы титтей де бір іс істелсе, кім істесе де, ең алдымен алғыс айтып, батасын беріп отыруы тиіс ақсақалдарымыз осындай теріс сөз айтса, онда біздің басқа сөзіміз жоқ...
2014 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 148 жылдығына арнап Еуразия ұлттық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, ас беріп құран оқытқан "Ақ жол" партиясы. Конференцияда сөйлеген сөзінде де, одан кейінгі аста да, бас мүжіп, терлеп-тепшіп отырған Тұрсын ағамыз "Ақ жолдың" Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның әруағын тербетіп жасап жатқан істеріне рахметін айтып, өз ойларымен бөліскен болатын. Енді аяқ астынан не болып қалғанын түсінбедік... Көктем келгенін түсінеміз, бірақ көктен түскендей болып отыру аты бар, заты бар ағаларға жараспайтын қылық...
Ғалымды жетектеуге тырысып, аузына кіріп кетердей суырып алған өздеріне керекті сөзбен ақсақал мен "Ақ жолдың" арасына жаққан оттарына қолдарын жылытуға ұмтылған бесіктен белі шықпаған жап-жас журналистерге қарным ашты. Алашқа қимылдамаған саусақтарын сорып, арзан сенсация жасауға ұмтылу аярлық екенін түсінетін шығар деп үміттенемін...
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу туралы Үкіметке Ашық хат жазылуына да «Ақ жол» партиясы мұрындық болды. Содан кейін екі аптадан соң Елбасымыз Қазақ мемлекеттілігінің негізі Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленетінін жария етті. «Ақ жол» партиясы қазір даулы болып отырған Қазақ хандығының 550 жылдығының ресми логотибінен бұрын, 2014 жылғы 13 желтоқсан – Алаш күні (Бұл күнді де ұсынып, депутаттық сауал жолдаған ақжолдықтар) одан әлдеқайда әдемі де, маңызды эмблема жасатып, тағып, таратып жүрді. Әлеуметтік желіде біздің жасаған логотипке көп қолдау көрсетілді. Ал 2015 жылғы қаңтарда «Қазақ үні» газетінің жаңа жылғы алғашқы санында-ақ “Ақ жол” партиясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, бүкіл қазаққа сауын айтып, Халықаралық мүшәйра жариялады.
Енді, біз партия төрағасы Азат Перуашевтың ұсынысымен 2017 жылғы Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арнап, биылдан бастап логотипке байқау жариялайын деп отырмыз. Оған дейін екі жыл уақыт бар, кемінде бір-біржарым жыл талқылансын деп шештік. Әйтпесе, кейбір байқауларға бір ай беріледі де, асығыстықтан халықтың көңілінен шықпайтын жобалар өтіп кетіп, артынан дау болып жатады...
Ал нақты істің партиясы – “Ақ жол” мемлекеттік тіл мәселесінде бар мүмкіндігінше өз үлесін қосып келеді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет шетелде қазақ тілінде сөйлеген саяси партия – “Ақ жол”. Былтыр күзде Қытай Коммунистік партиясының шақыруымен Бейжіңге ресми іссапармен барғанда Қытай Парламентінде вице-спикермен кездесуде «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттік тілде сөйлеп, қытайлық әріптестерін әбден састырды… Ал 2012 жылы ақжолдықтар жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкіметіміз өткізбей тастады. Бұл туралы кезінде баспасөзде сын мақала жазылды да. Ал мемлекеттік тілді қолдау туралы қоғамда резонанс тудырған әйгілі 138-дің хатына Азат Перуашевтан бастап, “Ақ жолдың” Орталық Кеңесінің 23 мүшесі қол қойып, осы Үндеуді қолдаған Мәлімдеме жасаған жалғыз партиямыз. Біздің партияның саяси бағдарламасында Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Қазақстан Конституциясы және ел тарихынан сынақ тапсыру ұсынылған. 2011 жылы Қызылордада Азат Перуашев 1937-1957 жылдар аралығындағы қанды репрессия үшін Коммунистік партия жауап беруі тиіс деп мәлімдеді. Сонымен бірге «Ақ жол» партиясы Үкіметке бүкіл еліміз бойынша мемлекеттік тілде жаппай диктант жазу туралы депутаттық сауал жолдап, бұл ұсынысты биыл Үкімет қолға алайын деп отырғанын айтуымыз керек.
«Қазақ үні» газетіне де, qazaquni.kz ұлттық порталында бір аптадай бұрын Павлодарлық тілшіміз, ұлт патриоты Руза Бейсенбайтегі бастаған бір топ қоғам белсенділерінің «Ең басты масқара, георгий лентасы еш тосқауылсыз таратылуда!..» атты Ашық хаты http://www.qazaquni.kz/?p=35555 жарияланды.
Павлодар қаласындағы Тәуелсіз мемлекетімізге қарсылық ретінде ешқандай тосқауылсыз ашық таратылып жатқан отарлаушылық символы – Георгий лентасы туралы бұдан бұрын да талай мәселе көтерілген. Георгий лентасын тарату заңсыз болатынын, мемлекет оған тиым салғанынның өзінде осындай теріс әрекеттер тоқтамай, көп қалаларда, әсіресе, солтүстік-шығыс-батыс өңірлерде қарқын алуда.
Ал “Ақ жол” партиясының елімізде екі жыл бұрын ең алғаш шығарған ұлттық оюмен көмкерілген көк туымыз түстес көгілдір ДАҢҚ лентасы қазір барлық өңірде таратылуда.
Сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыста 9 мамырдағы Жеңісті жақындатқан батыр ата-бабаларымызға тағзым ретінде – Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаевтардың есімдері жазылған ұлттық оюлы Даңқ лентасы жылда еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүрлі түрде таратып жүр.
Қазақ елін отарлауды білдіретін жат пиғылдағы заңсыз қарашұбар георгий лентасы керек пе, әлде Тәуелсіздігіміздің белгісі Көк туымыз түстес көгілдір ұлттық ДАҢҚ лентасы керек пе? Қазақстандықтардың ұлттық намысы сыналар жер осы таңдауда!
- Қазіргі таңда «ұлт зиялыларының сатқындығы» ерекше орын алып тұр. Мысалы, елге танымал адамдардың балалары түгел шет елде оқиды, өздері мемлекеттік тілді менсінбейді, кейбіреулері отандық ауруханаларда да қаралмайды екен. Ал қазіргі барлығымыз жарыса айтып жүрген отандық тауарларды тұтынбайды да. Бұған не дер едіңіз?
- «Ұлт зиялыларының сатқындығы» деген сөзің жан ауыртады. бірақ бұл шындық. Мен саған бір оқиғаны айтайын.
2004 жылы «Қазақ үні» газетінің (ол кезде «Жас қазақ үні» деп аталады, ел ішінде "Жас қазақ"деп те айта беретін) Парламенттегі мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттардың стенограммалық тізімін жариялауы қалғыған қазақ қоғамына жарылған сенсациялық бомба болды. Өйткені, қазақ тіліне қарсы шыққандардың 80-90 пайызы... қазақтар еді... Менің «Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылсын!» атты мақалам елімізді дүр сілкіндіріп, зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыздар» десе, қаламгерлердің бас басылымы «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды. "Қазақ үні"газетінің сол бір ғана мақаласы парламенттің "Дауыс беру стенограммасы сыртқа шығарылмасын" деген ереже қабылдауына мәжбүр етті.
Сол секілді 2011 жылғы Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен әйгілі "138-дің хаты" мәселесіне келсек, сол кездерде "Қазақ үні" газетінде бұл Үндеуді қолдағандардың саны 27 мыңнан асып кетті...
Бұл заңды талапты орыстілділер де қолдады. Сын сағаттарда парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері мемлекеттік тілді қолдап шықты. «Қазақ тіліне қарсылық - қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс! Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова 2011 жылы Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты…
Ал өскемендік белгілі ақын, «Золотое перо России» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Борис Петрович Аникин : «Я член союза писателей России. Автор нескольких поэтических сборников. Я упорно изучаю казахский язык. Считаю, что каждый человек, который проживает в Казахстане, должен знать государственный язык, чтить культуру и обычаи этой великой нации. Сам Лев Толстой и Достоевский, приклонялись перед тюрками. Анна Ахматова потомок последнего хана Золотой Орды Ахмата. Казахи великий и воинственный народ. Призываю всех изучать казахский язык!!!»-деп жазады. http://www.qazaquni.kz/?p=27285
Елдің басым пікірі мемлекеттік тілдің заңға сәйкес Конституциялық төріне шығуын қолдайтынын сол кезде бізге қарсы шыққан Гүлжан Ерғалиеваның орыс тілді Guljan.org сайтының сауалнамасы да жасыра алмады. “Как вы относитесь к инициативе исключения статуса русского языка как второго официального языка в Казахстане?” деген сауалға қатысушы 600-ге жуық адамның 497-сі, яғни, 90 пайыздайы “қолдаймын” деп жауап берген.
Өкінішке орай, мемлекеттік тілді қолдауға қарсы шыққандар өзгелер емес, тағы да өзіміздің қазақ зиялылары мен саясаткерлері болды. Олардың кімдер екенін мен сол кезде "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы 5 мыңдай адам жиналған, әлемге әйгілі қаламгер-қайраткер Мұхтар Шаханов ағамыз басқарған тіл туралы дәстүрлі митингіде айттым. Бұл сөзім көптеген басылымдарда жарияланды. “АТАЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ…” атты мақаламда да бар, qazaquni.kz ұлттық порталынан http://www.qazaquni.kz/?p=8911 танысуыңызға болады.
Яғни, өзге ұлт өкілдерінің барлығы Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін түсініп, ынтымақтастық көрсетіп отыр.
Осы жерде Конституцияның 7 бабының 2-ші тармағы орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусын бере алмайтынын Мұхтар Шаханов бастаған депутаттар сауалына берген жауабында Конституциялық Кеңес айқындап бергенін еске сала кету дұрыс болар... (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 ж. 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысы)
- Сіздің басты миссияңыз?
- Менің басты миссиям - Бабаларымыз қанын төгіп, жанын қиған, Аналарымыз мойнына бұршақ салып аңсап өткен ең басты баламасы жоқ бағымыз да, барымыз да, нарымыз - Ел Тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күресу! Ұлттың тірі екенін айқындайтын ұлттық мүддеміздің өзінің заңды да, табиғи да, тарихи төріне шығуы үшін қолдан келгенше өз үлесімді қосу!
- Әңгімеңізге рахмет!
Ержан ЖАУБАЙ
"Сұқбат"
06 мамыр 2015 жыл.
Дереккөз: http://suqbat.kz/index.php/component/k2/item/573-azybek-isa-ltty-rukhty-oyatu-ltty-m-ddeni-or-aj-biluden-bastalady