Облыс әкімі 1,9 млрд теңгеге салынған салтанат сарайы үшін ақталды
2015 ж. 06 мамыр
2731
0
5 мамыр
Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өз бастамасымен салдырған салтанат сарайы үшін ақталды.
Бұл туралы Ақ жайық басылымы хабарлады. Бұған дейін аталған басылым «Әкімдіктің екі құпиясы-2: Заңдастыру операциясы» атты материал жариялап, облыс әкімін салтанат сарайын тым қымбатқа салғаны үшін сынаған болатын. Әкім аталған мақалаға орай өз жауабын беріп, мұндай сарайды бекерге салдырмағанын айтты. «Мен республикалық та, жергілікті де баспасөз басылымдарының барлығын оқимын. Бүгін таңертең «Ақ Жайық» газетінің Салтанат сарайы туралы кезекті мақаласын оқыдым. Әріптестерім тілшіге Салтанат сарайына қатысты қажетті ақпараттарды жеткілікті түрде бермеген сияқты», – деп бастады Атырау облысының әкімі. Ізмұхамбетов 2013 жылы Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізетін жөні түзу ғимарат табылмағандығын, сол себепті, Атырауда лайықты ғимарат салу қажеттігі туындағанын айтқан. «Мақалада ғимарат 1,9 млрд теңге тұрады және Оралдағы осындай ғимараттан 400 млн теңгеге қымбат деп жазылған. Иә, мен Оралдағы салтанат сарайын салу тәжірибесін пайдаландым. Өйткені ол да менің бастамаммен салынған еді. Оралда ғимарат салынып болғаннан кейін мен кейбір жіберілген қателіктерді байқадым. Бұл қателерді Атырауда салтанат сарайын саларда ескердім. Қараңыздар, Атыраудағы нысан көлемі мен сапасы жағынан қатты өзгеше: іргетасы биік, ғимараттың биіктігі үлкен, ішкі безендірулері де басқаша жасалған. Жиһаздарына дейін қымбат. Бұл ең қымбат италяндық жиһаз», – деді әкім. Облыс басшысы мұндай ғимаратты неліктен көп ақшаға салғанын төмендегідей түсіндірген. «Біз «мұнайлы астананың» осындай деңгейде өмір сүріп жатқанын, бет-бейнемізді көрсеткіміз келді», – дейді әкім. Сонымен қатар, Ізмұхамбетов өзінің ақталу себебін де атап өтті. «Мен мұның барлығын ақталу үшін немесе қайдағы бір күдікті сұрақтарға жауап беру үшін айтып отырған жоқпын. Неге «күдікті»? Өйткені газеттің бірінші бетіне «Әкімдіктің екі құпиясы…» деп жазулы тұр. Әкімдіктің ешқандай «құпиясы» жоқ, барлық мәселелерді біз ашық шешеміз. Мен ешқашан «көз бояу» есеп берген жоқпын. Атырауға алғаш келген жылымда 2012 жыл үшін жұртшылық алдында есеп бердім. Жасыратыны жоқ, маған қызметкерлерім келіп, кім не айтатыны, қандай сұрақтар дайындалғаны жөнінде тізімді көрсетті. Мұны неге жасадыңыздар деп сұрадым. Олар есеп беруді тиянақтылықпен өткізу керек-мыс деп жауап берді. Мен ешқашан бұлай жасауға жол бермегенмін. Жиналыстарда барлық сөйлегісі келген адамдар сөз алып, кез-келген сұрақ қоя алады», – деді Атырау облысының әкімі.Дереккөз: Ак Жайык