Басынан бұлт, өзінен өрт кетпеген "барахолка"
2015 ж. 05 мамыр
2143
0
Алматыдағы атышулы халық арасында «барахолка» деген атқа ие болған сауда кешенінің «Адем» алып сауда орталығы отқа оранып, кәсіпкерлердің тауарлары күлге айналды. Абырой болғанда адам өлімі орын алған жоқ.
Қазір «барахолкада» соңғы жылдар қанша өрт болғанын дөп басып айтудың өзі қиындап кетті. Бұл жолы да өрт кешке басталып, таңға жуық әзер ауыздықталды. Төтеншеліктер тағы да сол ескі әуеніне басып, өртке қарсы қауіпсіздік сақталмады дегенге сайып отыр. Бірақ бұл талай рет естіп жалықтырған ертегіге саудагерлер сенер емес. Өйткені өрттің үнемі кешке немесе түнде басталуының өзі көп күдік тудырады. Физика ғылымында электр желілері түнде ғана тұйықталады деген заң жоқ. Біреулер керек қымбат тауарларды шығарып алған соң өрт қойған деген сыбыс таратуда. Кім білсін, бұл жағын құқық қорғау орындары тексеруге міндетті. Көпшілік бұл өртті де сауда саласындағы байлар арасындағы араздықтан болып отыр деп есептейді. «Екі сиыр сүйкенсе ортасында шыбын өледі» дегендей екі ортада қарапайым саудагерлер зардап шегіп келеді. Жылдар бойы жиған дүниесінен бір күнде жұрдай болған жандардың қандай кінәсі бар деген сұрақ оларды мазаламайтын сияқты. Байыған сайын қалтырауық келетіндер қазір ақша үшін бірін-бірі жұлып жеуге бар. Бас көтерген қатардағы саудагерлерге базар басшылары сауда жасайтын орын тауып береміз деп жұбаныш айтып, жарылқамақшы. Ал, күйіп кеткен миллиардтаған теңге тұратын тауардың ақшасын кім қайтарады? Бұл мәселе тағы да өзге базарлардағыдай шешуін таппай қалатын түрі бар.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті