Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елімізде 550 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Шымкентте ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның төрағалығымен өткен «Мәңгілік Ел» идеялық тұғырын жүзеге асырудағы ұлттық спорттың рөлі» атты семинар-кеңесте белгілі болды.
Кешегі қазыналы қарияларымыздан қалған бай мұраны сақтап қалу, насихаттау қауымдастықтың басты жоспарларының бірі болып табылатындығын айтқан Б.Тілеухан Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елімізде 550 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылатынын айтты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті биылғы айтулы даталарда — «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы» мен «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы», «Қазақстан Конституциясының 20 жылдық мерейтойы» және «Астана» күнінде Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті.
Қауымдастық басшысының айтуынша, спорт ұйымы атадан балаға мирас болған ұлттық спорт түрлерінің дамуын көздейді. Яғни ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан ұлттық ойындарымыздың шығу тарихын жазып қалдырған этнограф, деректанушы, тарихшы ғалымдардың еңбектерін насихаттап, көпшілік халыққа жеткізу басты мұрат.
Осы салада қазақтың көрнекті ғалымы, археология және этнография ғылымдарының негізін қалаушы Әлкей Марғұланның «Саят құстар» атты құсбелгілерге арналған еңбегі және этнограф, зерттеуші Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» атты еңбегі жарыққа шығарылып, спорт мектептері мен клубтарына таратылды, деп атап өтті Б.Тілеухан.
Қазақпарат
Қазақ хандығының 550 жылдығына 550 шақырым аламан бәйге
2015 ж. 02 мамыр
3693
5