Зейнетақы қорына деген күдік қайдан келді?
2015 ж. 28 сәуір
2295
0
Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінекеев бүкіл зейнетақы қорларының бірігуінен кейін БЗЖҚ-дан 90 миллиард теңгенің жоғалғанын айтып, сұрау салды.
«Бұл ақша қайда кетті? Әр банктің өз сақтандыру компаниясы болды. Осы ақшаны олар сақтандыру жұмыстарына жұмсаған. Несиелерді төлеп, ақшаны алғаннан кейін «Біз білмейміз» деп шығады. Мұндай банкирлерді қамауға алу керек. Біразымызға келген хабарламада кейбір зейнеткерлердің еңбегімен тапқан 70-90 мың теңгелері жетпей тұр. Бұл қаражат олар үшін кәдімгідей маңызды екендігін айтпасақ та болады» - деді депутат «елімізді зейнетақымен қамтамсыз ету мәселелеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізуге» қатысты заң жобасын талқылау кезінде.
Депутаттардың сауалдарына жауап берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева бұл ақша барлық қордың 2%-ын ғана құрайтынын айтып «қуантты». «Кейбіреулерінен 10 мың, ал кейбіреулерінен қор сомасына қарай 70 мың алынды. Қазақстан бойынша барлығы 4,5 триллион теңгенің 90 миллиардын біз алып тастадық. Бұл қор сомасының бар-жоғы 2%-ы ғана. Десек те, зейнетақы қорының бірігуінен кейін, 2014 жылдың 26-наурызында Ұлттық банк активтерді басқару барысында 8,5%-ға жуық кіріс тапты» – деп шіренді Ұлттық банк өкілі.
«Біз бұл заңды қарауға асығып жатқан жоқпыз ба? Кеңестік зейнеткерлеріміздің мәселелерін әлі шешпедік. Кезінде бізге зейнетақыны қайта есептеумен үкімет комиссиясы айналысуда деп айтқан еді. Көптеген кеңестік кездегі зейнеткерлер жалақыны қолға өздеріңіз айтқандай конвертпен немесе айырбас арқылы тауық, аяқ-киім сияқты өнімдермен алды. Нәтижесінде, 40 жыл еңбек өтілі барлар ең төменгі зейнетақы алуда»-деп наразылығын нықтай түсті Тінекеев. Зейнетақымен қамтамасыз етуге байланысты аталмыш өзгертулерді енгізбес бұрын жиналып қалған сұрақтардың жауабын табу керек екенін еске салды депутат.
Жалпы қор десе, қазақ қорқатын күйге жетті. Естеріңізде болса Медициналық сақтандыру қоры бәріміздің аузымызды аңқайтып, қыруар қаржыны үшті-күйлі жоқ қылып еді ғой. Енді зейнетақы қорын сан саққа жүгіртіп, жұрттың жүрегін шайлықтырып болдық. Банкирлерге 90 миллиард теңге түкке тұрғысыз ақша шығар. Ал, тиын санап отырған зейнеткер үшін әрбір теңгенің өз орны бар. Олай болса сол банкирлер жұрттан жиған ақшаға өздері айтқандай жылына бұрынғысының үстіне қосымша тағы да екі-ақ пайыз қосып отырсын. Жоқ, бұған олар өлсе де келіспейді. Өйткені өздері несие берсе 10-20, тіпті одан да көп пайыздық үстеме ақшамен пайда тауып отыр. Ал, жұрттың ақшасына келгенде «екі-ақ пайыз!» деп түк болмағандай жайбарақаттық танытады. Оның үстіне зейнетақы активтерін қолға алып, басқару арқылы Ұлттық банк 8,5 пайыз кіріс тапты деп мақтануына жол болсын. Зейнеткерлердің есебінен өйтіп байыған банктен жақсылық күтуге бола ма? Ол аздай енді зейнетақы қорындағы ақшаны шаруасына шыр бітпеген ауылшаруашылығы саласын дамытуға бермекші. Ол ақша қайтып келе ме, жоқ па бір Құдай біледі. Қордың ақшасын оңды-солды, бейберекет жұмсаудың соңы қайда апарып соғады? Бүйте берсек ертеңгі күні зейнеткерлеріміз аш-жалаңаш қалуы әбден мүмкін. Сонда кім жауап береді? Тағы да, әдеттегідей Үкімет халықтың қаржысына қол салып, сол арқылы зейнетақы мәселесін шешетін бола ма? Көпшіліктің көңіліне күдік ұялатқан қордан ертең қорлық көріп жүрмейміз бе?
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті