Сарыағаштық "сабаз"
2015 ж. 28 сәуір
2906
1
Біз соңғы уақытта шамамыз келгенше кәсіподақтар жұмысына көбірек көңіл бөлуге тырысып жүрміз. Оның олай болатын себебі түсінікті де шығар. Кеңес кезінде шынайы кәсіподақ болмағанын көзіқарақты жанның бәрі біледі. Бүгінде басқа заман. Соның ыңғайына қарай қарапайым халықтың қамқоры, қорғаны екенін жүздеген жылдарға созылған саяси айқастарда төккен маңдай терімен ғана емес, шеру мен баррикадаларда аққан қызыл қанымен де дәлелдеген бұл ұйым біздің елімізде бүгінгі күндері, шын мәнінде, өзінің жалпыхалықтық бет-бейнесін сомдап жатыр.
ТӨРАҒАЛЫҚ ТІРШІЛІК
Қазіргі таңда елімізде дербес те тәуелсіз үш республикалық кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрі үшін де 27-шілдеде кәсіподақтар туралы жаңа заңға сәйкестендіру мерзімі бітеді. Сол үшеудің ішінде өзіміздің жанымызға жақыны – Қазақстан Республикасы Ерікті кәсіподақтар конфедерациясы екенін жасыра алмаймыз. Дәлірегі, соның мүшесіміз және соған қызмет етеміз. Себебі, «шынайылық – бар игілік бастауы» деген ұстанымды ту етіп көтеретін бізге бұл ұйым сонау 80-жылдардың аяғында, кеңес өкіметінің «тірі» кезінде-ақ құрылған алғашқы қарлығаш болғандығымен ғана қымбат емес. Мәселе, оның бүгінгі беталысы жоғарыда аталған қағидаға, шын мәнінде, аяқ тіреп, арқа сүйейтіндігін көзіміз көріп, көңіліміз сенгеннен кейін өзіміздің де білек сыбана араласа бастағанымызда. Әдетте, біз, қазақ ұлтшылдары «халқым, елім» деген әдемі сөздерді көп айтамыз. Және ол риясыз, шын жүректен шығып жатады. Бірақ, әңгіме көбіне нақты ісіміздің айтылған ұранымызға, сөзімізге сәйкес келе бермейтіндігінде, олқы соғып жататындығында. Осы тұрғыдан алғанда аяушылықты білмейтін қатыгез «жабайы нарық» салтанат құрып тұрған біздің еліміздің халқы үшін, соның ішінде, ең бірінші кезекте «ерте тұрып, кеш қалатын», немесе ояна қоюы қиын, көтеріле, қозғала қоюы ауыр қазақ жұмыскерлері үшін басты қорған осы ерікті кәсіподақ болып табылмақ. Солардың біреуі жайлы біз бүгін кішкене ғана әңгіме етеміз. Ибрагим Жүнісбеков – Ерікті кәсіподақтардың аймақтық бірлестігін (локальное объединение) басқарады. Бұл бірлестік жақын арада республикалық салалық болып құрылуға қам жасап жатыр. Ибрагим – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында тұрады. «Мен 2003 жылдан бері Сарыағаш қаласындағы аудандық емханада нарколог болып жұмыс істеймін. Қалаға Көктерек аулынан, «Сарыағаш» курортынан қатынап істеймін. Жолақым бар. Түскі асты ішуім керек. Кафедегі тамақ арзан емес. Емхананың бас дәрігеріне, кәсіподақтың төрағасына: «Емханада жүзшақты адам жұмыс істейді, соларға арнап кәсіподақтың көмегімен арзандатылған түскі ас беретін асхана ашайық» деп айтып жүрдім. Ешкім құлақ асқан жоқ. Сөйтіп жүрген кезде мен жазықсыз болсам да үстімнен іс қозғалды. Жарна төлеп отырған кәсіподағымнан жәрдем сұрасам қолының ұшын да қозғалтқысы келмейді (жалпы, ол төрағаның кабинетінде бір үстелден басқа ешнәрсе де болмайтын, тіпті, телефоны да жоқ еді. Ал, кабинеттің өзі қашан көрсең құлыптаулы тұратын. Жұмыс істемейтін адам сондай болады ғой). Сосын мен өзім құрамына кіретін Үйлестіру кеңесінің шешімімен ревизиялық комиссия төрағасының қаржылық ісіне тексеру жүргізді. Сол кезде оның қаржыға қатысты былықтарының беті ашылып шыға келді – кәсіподақтың қаржысын өзінің баласының фирмасына аударып отырыпты. Төрағаның ешкімге көмек бергісі келмейтіндігінің сыры осында екен. Оны бір өзі істемеген, облыстық кәсіподақ басшыларымен бірлесіп, халықтың қалтасына қол сұққан. Мен ол туралы Сарыағаштағы «Шапағат.кз» газетіне «Жемқорлардың айласы» деген мақала да жаздым. Ешкім мақаланы теріске шығарған жоқ. Осыны көрген кәсіподақ мүшелері не істейді? Жемқор төрағаның орнына Ибрагим Жүнісбековті төраға етіп сайлайды. Өте дұрыс! Ұйымның нашар жұмысын сынап, өзі нақты ұсыныстар жасап жүрген адамға соның бәрін іске асыруға мүмкіндік беріп көрейік деген көреген шешім болған. Төраға болып сайланған И.Жүнісбеков не істейді? Біріншіден, «дайын асқа тік қасық» болып отырған – аудандық кәсіподақ ұйымы өзіне түскен қаражаттың 48 пайызын аударып отыратын облыстық кәсіподақ федерациясының қанатының астынан шығып, 3300-ге тарта мүшесі бар тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құрады. Бірақ, Сарыағаш, Келес болып екі өңірден тұратын бұл өңірдің екіншісі облыстық кәсіподақ федерациясы құрамына қайта кіріп кетеді. Сірә, облыстағылар жалақының 1 пайызын құрайтын ай сайынғы жарнадан қалай да айырылып қалмауды көздеген болса керек... Облыс құрамына қайта кіргеннен кейін келестіктердің не ұтқаны өздеріне мәлім, біз 1700-дей мүшемен бөлек қалған Сарыағашымызға қайта оралайық. Өз жұмысын құжаттарды реттеуден бастаған Ибрагим мырза әлгі 3300-ден астам кәсіподақ мүшесі бір жылда санаторий-курорттарға «табаны күректей» ...16 жолдама, балалар (бұрынғы пионер) лагеріне 2-3 жолдама алып келгенін көреді. «Материалдық көмек» сұрасаңыз, 2000 теңге зорға алады екен. Онда да оны облыстағылар шешеді. Бұны көңіліне түйіп қойған төраға бәрінен де бұрын өзі айтып жүрген асхана мәселесін шешуге белсене кіріседі. Екі айдың ішінде ол дайын болады. Тура сол емхана ғимаратының қарсысында. Биыл, міне, жұмыс істеп, ақ халатты абзал жандардың алғысын арқалап отырғанына жеті жыл толды. Жолдамаларға да кезек жетеді. 2008 жылдың тоғыз айының ішінде 1700 мүшенің жыл сайын 100-ден астамы денсаулығын нығайтып қайтты. Жыл сайын Наурыз айында кәсіподақ 70 мың теңгеге жалдап, өзінің киіз үйін тігеді. Күнгейдің салтымен жүз келі бабына келген палау басылады. Жыл сайын «Медицина қызметкерлері» күні үлкен ауқымда аталып өтіледі. Оның құрметіне ұйымдастырылатын спартакиадаға жыл сайын 400-500 адам қатысады. Олар сайысқа түсетін «Қапланбек» спорт кешені жалға алынады. Жүлдегерлерге қандай сыйлық ұсынылады? Теледидар, компьютер, тоңазытқыш. Бұл тізім осылай болып кете береді. Бұрынғы жылдардағы теннис ракеткасы мен шахмат тақтасының орнына... Мейіз қосылған, дәмі тіл үйірер тәтті палау мұнда да міндетті түрде беріледі. Аудандағы озық дәрігерлер мен мейірбикелерді, жүргізушілер мен техникалық жұмысшыларды марапаттау аудандық Мәдениет үйінде өтеді. Оған аудан басшылары түгел шақырылады. Одан бөлек Желтоқсан қаһармандарына жыл сайын арнайы құрмет көрсетіледі. 1-қаңтарға қарсы Жаңа жылдық карнавал алдымен оқушылар арасында, кейінірек медицина қызметкерлерінің арасында және өткізіледі. Карнавалда бірнеше миллион теңгеге лоторея ойнатылады. Енді бір айтуға ыңғайсыз, бірақ, айтпаса тағы болмайтын нәрсе бар. Әйтсе де, «ұлы сөзде ұят жоқ», әңгіме дәретхана жайлы. 2008 жылға дейін аудандық емханада дәрет сындыратын арнайы орын болмапты. Бас дәрігердің өзінің демалыс бөлмесінде бәрі бар екен, дәрігер, мейірбикелер көрші орналасқан аудандық аурухана барады. Ал, аурулар болса, қайда барса онда барсын, ешкімнің шаруасы жоқ. Міне, біздің бүгінгі биліктің – басқа емес, ең жаны абзал деген шипагерлер билігінің өзінің алдына келетін ауруларға деген көзқарасы. Бас дәрігердің Жүнісбековтен «құтылу» үшін 2008 жылы салдырған дәретханасы екі жылда толып қалады. Содан нарколог өзі кірісіп, 2011 жылы бұл мәселені де біржолата шешіп тастайды. Рас, «жақсы атыңыз қалсын» деген уәжбен келіссе керек, бас дәрігер (қазір ол кісі Сарыағаш балалар санаториіне басшылыққа ауысып кетіпті) Мәншүк Сәтбаева көмегін аямапты.ЖАЛАҚОРДЫҢ ЖОЛЫН КЕСЕР КІМ БАР?
«Жұмысты жақсы істейтін адам көпшілікке жақпайды». Әсіресе, ол адам өзінің нақты қызметтік міндетін адал да абыроймен атқарып қоймай, қоғамдық істе де белсенді болса. Ибргаим Жүнісбековке де 2007 жылы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланғаны, «айдың тікесінен туғаны өзіне жайсыз, халыққа жайлы» демекші, санда бар да санатта жоқ депутаттар қатарын көбейтпей, көптің ісіне өзі ісіндей жаны аши араласқаны басына таяқ болып тиеді. Сол кезде бейнелеп айтқанда Ибрагимнің сөмкесін көтеріп жүрген бір жігіт кейін аймақта аты шыққан «әділетшіл, шындықшыл» азаматқа айналады. Ал, шын мәнінде Ибрагимнің абыройын көре алмаған ол қазақтың рухани құрт ауруына айналған көреалмаушылық кесірінен оның соңына шырақ алып түседі. Сонау 2010 жылдан бері бұл жалақор азаматтың жазғанын жинасақ, бір атанға болмаса да есекке жүк болар жайы бар. Біз бұл жерде оның атын атып жатудың өзі артық деп білдік, тіпті ұялдық. Себебі, 2011 жылы Сарыағаш АІІБ аға тергеушісі, полиция капитаны Қ.Байзақов «Азамат А.А-ның жазған арызы бойынша, И.Жүнісбековтің үстінен ҚР ҚК-нің 112 бабымен қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға қаулы еттім» дейді. «И.Жүнісбековтің іс-әрекеттерінде қылмыстық істің құрамы болмағандықтан» дәл осындай қаулыны 2012 жылы Сарыағаш аймақтық қаржы полициясы басқармасының инспекторы Т.Меңліқұл да қабылдайды. 2013 жылы бұндай қаулыны Сарыағаш АІІБ тергеушісі, полиция майоры Қ.Жүнісов та қабылдайды. Осы тектес қаулыны 2014 жылы Сарыағаш АІІБ аға тергеушісі, полиция майоры (бұрын капитан еді ғой) Қ.Байзақов тағы да қабылдауға және мәжбүр болады. Бұның бәрін аз десеңіз, 2014 жылғы 23-желтоқсан күні Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты судья Қ.Әріповтің төрағалық етуімен И.Жүнісбековтің жауапкер А.А.-ның үстінен берген арызын ішінара қанағаттандырып, одан И.Жүнісбековтің пайдасына 250 мың теңге моральдық шығынды өндіртуге шешім шығарады. Осыны ойлаған біз жалақордың атын атамай қоя тұрайық, ең болмаса, біздің осы мақаламызды оқыған соң ойланар, «өнбейтін дауды өспейтін ұл қуады» дегенге келетін әрекеттерінен бас тартар деген үмітіміз де жоқ емес. Бірақ, ол осы жазбалардан өзін-өзі танып, «мынау мен туралы жазылған нәрсе ғой, мен енді бұларды сотқа сүйрелемесем болмас, маған біраз уақытқа қосымша азық тағы табылды ғой» десе өзі біледі, біздің қолымызда оның абыройсыз іспен айналысып жүргенін дәлелдейтін құжаттар жеткілікті. Дегенмен, осы жерде көңілге қаяу түсіретін бір жағдай орын алып отыр. Ол жағдай – аудандағылардың «бетбақ жеңдім дейді, бейбақ көндім дейді» дегендей, жалақордың жазғанына жауап беруге мәжбүр болып отырғанында. Жай, ресми түрде ғана жауап беруге мәжбүр болғандық емес. Мысалы, аудан прокуроры 2014 жылы желтоқсан айында Сарыағаш АІІБ ПБ-ы АБ-ы бастығы Б.Тастанов қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан қаулыны бұзу туралы биыл ақпан айында қаулы қабылдапты... Ибрагим Жүнісбеков айтады: «Мен әбден күйгенімнен аудан әкімінің қабылдауына кіріп, ол кісіге: «Сіз неге жалақорды қорғай бересіз?» дедім. «Сіз оның бауында ағаш отырғызыпсыз». «Рас, кәсіпкерге қол созуға тиіспіз. Онда тұрған не бар?» «Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Әңгіме сіздің ол жалақор өз бауын суару үшін су құбырына заңсыз қосылғанына көз жұмып қарап отырғаныңызда. Оның жетегіне еріп алғандығыңызда. Жалғыз сіз емес, аудан прокуроры, ауданның білім беру бөлімінің бастығы соның сөзін сөйлеп жүрсе, бұл елде қандай береке болмақ?». Әкім үндемеді...». Бүгінгі таңда И.Жүнісбеков аға дәрігер міндетін уақытша атқарушы (басшының рөлін атқарушы деген сөз) жұмыс істейтін Сарыағаш аудандық «Жедел жәрдем» бөлімінің дәрігерлері мен мейірбикелері, ұзын саны 67 адам қол қойған, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, аудан прокурорына жолдаған өтініш хаты жатыр. Олар жалғыз нәрсені талап етеді: «...біздің ұжымға ешқандай қатысы жоқ, тіпті, медицинаға мүлдем қатысы жоқ азамат А.А.-ның негізсіз арыздарын қараусыз қалдыруларыңызды сұраймыз!». Дәрігерлер түскен хатқа әрбір мекеме жауап қатуға мәжбүр болатынын қайдан білсін. Біз арызқой бауырымыздың назарын абыройдан бұлайша жұрдай болып айырылуға болмайтынына аударғымыз келеді. Түсінсе өзі біледі, түсінбесе де өзі біледі. Газеттің ойлайтыны елдің қамы – елдің ұйысқан татулығы, ынтымағы. Біздің бәріміздің, әсіресе, қолында билігі бар лауазымды азаматтардың, әрбір қимыл-ісіміз тек осыған бағытталуы тиіс. Елбасымыздың да, елдің де бізден талап етері – осы.Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті