ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛЕТІН ЖЫЛҚЫ!.. Кейбіреулерде осы жануар ғұрлы түйсік жоқ...

"Ол ит сияқты бәрін түсінеді, бірақ айта алмайды..."

AR-121129972

(Сурет ғаламтордан алынды)

Қазір ғана Argymaq.kz сайтынан  Ғабит Қарабас деген автордың  Фейсбук парақшасынан алынған бір қызық әңгіме оқыдым. Сөзбе-сөз келтірейін: "Жақында ғана естіген әңгімем. Өткен ғасырдың аяғында Америкаға қыдырып барған кісілер айтыпты. Бір фазенданың жанынан өтіп бара жатқанда бір әдемі жылқыны көріп, қазақша әңгіме айтып тұрса, жаңағы жылқы елеңдеп, сол кісілерге жақын келіпті. Содан жылқының иесі "Бұл жерде неге жүрсіздер, ары барыңыздар" дейді. Бұлар ұзап кетсе жаңағы жылқы жер тарпып, кісінеп әлгі қазақтардың артынан ұмтылады. Жылқы иесі, әлгі кісілерді тоқтатып, «Сіздер қайдан келдіңіздер, кімсіздер?» деп сұрайды. Бұлар өз жөндерін айтып, "Біз қазақпыз, Қазақстаннан келдік" дейді. Ат иесі жүгіріп үйіне кіреді де, жылқының құжаттарын алып келеді. Сүйтсе бұл жылқы қазақ жерінен келген, әйгілі Абсенттің тікелей ұрпағы болып шығады. Жаңағы жылқы қазақтың үнін естіп, тілін түсініп алаңдап тұрғаны екен. Жылқының иесі жаңағы қазақтарды қонақ етіп, жақсылап күтіп шығарып салыпты. Қазақтар кеткен кезде Қазақ даласынан Америкаға кеткен жаңағы жылқы көзінен жас сорғалап, үнсіз жылап қалған екен. Туған жердің қадірі деген осы шығар! Кейде ортамызда жүрген кейбір жандардың бойынан осы жылқы құрлы түйсік таба алмай қынжылатын кездеріміз болады,"- деп түйіндейді автор. Мына түсіне білгенді тәнті ететін тәмсілге тән тағылымды әңгіме маған қатты әсер етті. Арғымақты ата-бабамыз "асыл текті қанатым" деп текке айтпаған екен-ау деп ойланып қалдым. Есіме ертеректе "Қазақ үні" газетінде  жазылған дүлдүл драматург,  қалжыңның қағаны Қалтай Мұхамеджанов айтты деген әңгіме түсе кетті.  Қалағаң бір күні үйінде қадірлі қонақтарды күткен екен. Шәйі ормалсыз шәй  құйып отырған  келіні қалалық орыстілді болса керек, қонақтардың кейбір сұрағына да естімегендей жауап бермей, үндемей отыра беріпті. Сонда қысылған Қалағаң қонақтарға: - Сіздер көңілдеріңізге ешнәрсе алмаңыздар. Ол ит сияқты бәрін түсінеді, бірақ айта алмайды"-деген екен... Мұндай сөзді осындай "иттердің" пірі,   кезінде қазақ тілі мен тарихын табанына таптаған сөз айтқан, ана дүниеге өзіне жаназа шығартпай аттанған  Нұрболат Масанов та эфирден өз аузымен айтқан болатын: "Иә, біз де ит секілдіміз, бәрін де түсінеміз, бірақ айта алмаймыз"-деп, Ресей тілінде мойындаған еді... Иә, біздің кейбір шеттерінен шешесінің тіліне шекесі тырысып,   шет елдің   тілінде сөйлегіш    шенділеріміз де,  қазақша қақпайтын қарапайым қалалықтарымыз да, өмір бойы тұрып жатқан елінің тілінде  әлі нан сұрай алмай келе жатқан отандастарымыз да, осылай жануарлардан әрмен болып қашанғы жүреді екен... Бұларды көрсе, асыл текті арғымақтарымыз кісенін үзіп,  кісінеп жіберетін шығар...

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz