Театрды “жезөкшелер мекеніне” теңеген актрисаны әріптестері сотқа бермек
2015 ж. 17 сәуір
4427
5
Маңғыстаулық актриса Дина Ахметжанның мәлімдемесі оның әріптестерінің отбасындағы жанжалға түрткі болды.
Енді олар өнер ошағын “жезөкшелер мекені” деп атаған Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық драма театрының бұрынғы әртісі Дина Ахметжанды сотқа бермек деп хабарлайды КТК арнасы. Ол театр директоры басты рөлдерді және пәтерді онымен төсектес болған актрисаларға ғана береді деп айтқан. Осы сөзден кейін отбасымыздан береке қашты деген ұжым енді Дина Ахметжаннан ел алдына шығып, кешірім сұрауын талап етуде. Эльмира Керімбаева театрдан өткен жылы пәтер алған. Ал бұрынғы әріптесі Дина Ахметжанның пәтер мен рөл театр қыз-келіншектеріне “төсектегі өнері” үшін беріледі деуі абыройымды айрандай төкті дейді."Маған ашықтан ашық телефон соғып, "сен пәтерді төсек арқылы алған екенсің ғой. Бәсе, адам басқаша қалай пәтер алуға болады" деген сұрақтар келеді. Ал мен әлі тұрмысқа шыққан жоқпын"
“Маған ашықтан ашық телефон соғып, сен пәтерді төсек арқылы алған екенсің ғой. Бәсе, адам басқаша қалай пәтер алуға болады деген сұрақтар келеді. Ал мен әлі тұрмысқа шыққан жоқпын”, – дейді актриса Эльмира Керімбаева. Ал келіншектер осы сөзден кейін шаңырағымыз шайқалды деп шағымданады. Анар Бисенбина – 5 баланың анасы. Үлкені 15-тен асқан. Көпбалалы ана бұрынғы әріптесінің айыптауынан кейін балаларының бетіне қараудан қалыпты. “Сонда мен сахнада жезөкше болып қызмет атқарамын ба? Ел не дейді, жұрт не дейді? Біз сонда 12 жыл осындай іспен айналысыппыз ба? 12 жыл бойы неге ұстап бермедің бізді?”, – деп ашынды актриса Анар Бисенбина.Театрдағы ер азаматтар да намысымыз жерге тапталды дейді. Өйткені, олардың араларында жұбайларымен бір сахнада өнер көрсетіп жүргендері жетерлік.
“Өткенде бір әңгіме естідік. Көрермен: "Қой, бүгін қандай спектакль болады екен, жезөкшелерді көріп қайтайық”, деп айтыпты. Сонда бұл қалай болғаны?!”, – дейді актер Медғат Өмірәлиев. Ал Дина Ахметжан айтқанынан танбай отыр. Мәдени орынды “жезөкшелер мекені” деуден жалықпады. Ол директорға ашына болмағаным үшін жұмыстан қуып, қызметтік пәтерімді тартып алды деп әлі өкпелі.“Мен айтқан сөздерімнен бас тартпаймын. Айтқан сөздерімнің барлығы рас. Театрда рөлдерді сүйікті актрисаларына беретінін растаймын”, – дейді актриса Дина Ахметжан.
Енді театр ұжымы Динадан айтқан сөзін жоққа шығарып, ресми түрде кешірім сұрауын талап етеді. Әйтпесе, бұрынғы әріптесін сотқа бермек. Ал Дина Ахметжан айтқан сөзіме дәлелдерім жеткілікті дейді. Бірақ нақты қандай дәлелі барын айтпады. Тек сотта көрсететінін жеткізді. Демек, бұл сахна шымылдығы сыртындағы дау әлі бітпейді деген сөз.Дереккөз: КТК арнасы
Қараңыз: Дина Ахмеджан: “Басты рөлді актерлік шеберлік емес, төсектегі “өнері” үшін береді” http://www.qazaquni.kz/?p=35217