|
Арслан Әбдіқалықов
|
Бұл жайында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өткен жарыссөзде белгілі болды.
Еске салайық, Төлеген Бәстенов аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен 2013 жылы 10 желтоқсанда ұсталды.
14 ай бойы қамауда болып, тергеу амалдары жүргізілді. Құзырлы орындар тексере келе, бұл іске тағы төрт адамның қатысы бар деп тапқан. Олардың арасында Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Арслан Әбдіқалықов бар. Прокурорлар оны 11 жылға темір торға тоғытуды сұрады.
Ал Әбдіқалықовтың адвокаты Ләйла Махамбетова “Менің қорғаушыма айып тағылды, бірақ сол дәйектер бойынша қылмыстық іс қозғау туралы қаулы болған жоқ. Яғни қылмыстық істегі материалдарда Әбдіқалықовқа қатысты Қылмыстық кодектің 312-ші және 177-ші баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы туралы қаулы жоқ”, – дегенді алға тартты.
Сотта Төлеген Бәстенов пен Арслан Әбдіхалықовтан басқа тағы 3 адамның ісі қаралып жатыр.
Делдалдар Ғизат Борамбаев пен Бекболат Апсалямов және пара берді деген күдікпен жауап беріп жатқан құрылыс компаниясының жетекшісі Заур Мансұров. Оларды мемлекеттік айыптаушылар 5,6,10 жылға қамауды сұрайды.
Атышулы іс бойынша үкім келесі аптада шығарылмақ.