Жер алмастыру халықты адастыру емес пе?
2015 ж. 03 наурыз
1478
1
Омбы губерниясы губернаторының жер алмастыруға қатысты ұсынысы ҚР Сыртқы істер министрлігіне енді ғана жеткен секілді. Министрліктің таратқан мәлімдемесіне қарасақ, Ресей тарапы Қазақстанға жер аумағына қатысты ешқандай ұсыныс жасамаған. Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік шекараны өзгерту жұмыстары ресми түрде екі тараптың бірлесіп құрған комиссиясының ұйғарымымен шешіледі деген пікір білдірді.
Осыдан жарты айдай бұрын Ресейдің Омбы облысының губернаторы «Русская поляна» атты елдімекенге Омбыдан баратын жол Қазақстан арқылы өтетінін айтып, сол жол аумағын өздеріне беруді сұрағанын білесіздер. Губернатор оның орнына дәл сондай көлемдегі, климаты мен жер жағдайы ұқсас басқа шекаралас аймақты Қазақстанға беруге дайын екенін жеткізген-ді. Ал аталмыш министрлік Ресей тарапы мемлекеттік деңгейде жер алмасуға қатысты ұсыныс жасаса, мәселені қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Енді осы мәселе төңірегінде ой толғап көрелік. Біріншіден, онсыз да қазақтың жерінің жобамен оннан бірі ресейліктердің еншісінде кеткенін тарихтан білеміз. Бұл соңғы жүзжылдық жылнамаға ғана сүйенгендегі деректер. Екіншіден, әупірімдеп жүріп әзер бекіткен шекараның шырқын бұзуға айтарлықтай себеп көріп отырған жоқпыз. Әрі кетсе 50-60 шақырым жаңадан айналма жол салу деген алпауыт мемлекетке сөз болып па? Үшіншіден, қай ұлт болмасын, жалпы адам баласы туып-өскен жеріне кіндігімен байланатыны белгілі. Сол жерде оның әке-шешелері, ата-бабалары жерленген. Жергілікті тұрғындарды қалай тамырынан айырмақпыз? Сондықтан қайдағы бір комиссияның емес, алдымен жергілікті халықтың пікірі басты назарға алынуы қажет. Олай болса бізде де жер ауыстыратын себептер жетерлік. Мысалы, Орал қаласына пойызбен бару үшін Ресей жеріне шығып, қайта кіріп жүрміз. Кедендік тексерулер бізді де титықтатып бітті. Реті келгенде биліктің есіне сала кетейік, Орал қаласына Ресей территориясына кірмей, тура баратын теміржол салу баяғыдан бері сұранып тұр. Айта берсек осыған ұқсас дәйектер мен дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Кеңестік кезеңдегі Қытаймен арадағы шекараны бөлгендей болып жүрмесек болғаны. Туған ағайындардың бірі Қытай жерінде, енді бірі Қазақстанда қалды емес пе? Соның зардабын әлі күнге дейін тартып келеміз.
Бір таңқаларлығы, бүкіл БАҚ шулатып жатқан мәселеге министрлік ештеңе болмағандай бей-жай қарайды. «Бізге ондай ұсыныс түскен жоқ» деп үнсіз, жайбарақат отыр. Қазақ жеріне тікелей қатысы бар басқа да жауапты уәзірлердің айтар уәжін де естімедік. Соған қарағанда біздегі министрліктердің қай-қайсысы болмасын өз алдына жеке-жеке мемлекет болып алғанға ұқсайды. Әркім өз саласын жекешелендіріп алып, өзгелерде жұмысым жоқ деген ұстанымға ұрынғандары көрініп тұр. Әлде біздің шенеуніктер газет оқып, теледидар көруді біржола қойған ба? Ел тізгінін болмаса да, шылбырын ұстап отырған шенеуніктерімізді қазақ жерінің тағдыры тіпті де толғандырмайтын секілді. Өкінішті-ақ!..
Зейнолла АБАЖАН