ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ДАУҒА АЙНАЛДЫ

11 Елімізде етек ала бастаған қызылша дертіне қарсы жаппай дәрі егіліп, жер-жерлерде оның оқушыларымызға тигізген кері әсері туралы айқай-шуды қазір керең адамның өзі еститіндей уақыт болды. Тіпті мәжілісмендер мен сенаторларымыздың да назарына ілікті. Бірақ, бұл мәселе әлі де түпкілікті шешілмей отыр. Аталмыш айқайға байланысты кеш те болса осы салаға жауап беретін министрліктің басшысы Тамара Дүйсенова да араласты. Әділін айтсақ, адамдарымыздың денсаулығына тікелей жауапты осы сала алдымен алаңдауы керек еді. Өкінішке орай, олар әліптің артын бақты ма, тым кеш бой көрсетті. Бірақ, нақты ештеңе айта алмады. Бар болғаны 2-наурызға дейін жаппай екпені тоқтата тұру ғана қолынан келді. Ол уақыт та көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Мәжілістен өткенде ғана «бестік» баға алып шыққан министрімізге енді екпеден құлаған балаларымыздың ата-аналары «екіліктен» басқа баға бермесі анық. Қазір дәрігерлер Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мамандарымен аймақтарды аралап, аурудың неден асқынғанын анықтауда. Олар бірауыздан үнді препаратын қызғыштай қорғауда. Қатерлі екпенің кесірі, әсіресе, Маңғыстау, Теміртау, Тараз, Атырау аймағындағы жүздеген оқушыға тигені баршаға аян. Ал, Шымкентте дәп осы екпе егілген соң 15 жастағы қыз көз жұмды. Алайда, еліміздің бас дәрігері оқушы қыздың қазасына екпенің қатысы жоқтығын, мидың қабынуы себеп болғанын айтты. «Үнді вакцинасын 46 мемлекет, Канада, Ұлыбритания Франция, Германия бәрі жасап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеуге алған. Біз тағы бір рет тексеріп көреміз. Соның нәтижесіне қарай шешеміз» - деген министр үнділік екпеге шаң жуытар емес. Әрине, кез келген аурудың алдын алу өте дұрыс және қажетті шаралардың бірі, оған ешкім қарсы емес. Бірақ, оның біздегідей нәтижесіне бей-жай қарауға болмас. Дәрінің аздап әсер еткені қалыпты жағдай деп бағалаған министріміздің, қазақтардың еуропалықтардан қай жері артық немесе қай жері кем дегенге саятын сөзімен келісе алмаймыз. Осы мәселеге бірінші болып назар аударған сенатор Сәрсенбай Еңсегеновке қойған сұрақтарымызды министр Тамара Дүйсеноваға да қайталауға мәжбүрміз. Біріншіден, өзіңіз атаған елдерде шеттен келетін дәрілерге қатаң бақылау қо­йылған, оны түпкілікті тексермей қолданысқа кіргізбейді. Бізде ше? Көп жылдарғы тәжірибемізге сүйенсек, бізде ондай қатаң бақылау жоқ. Арзан дәрілер арқылы ақша жасау әлі де жалғасуда, сол себепті сапасыз дәріге жол беріліп отыр деген көпшіліктің пікірінің жаны бар. Мемлекеттік сатып алу саласына көлденең көкаттыларды кіргізбей, осы бағытта қатаң бақылау жүргізсеңіздер бәрі де жөнделеді. Ал, өзіміздің дәрі-дәрмек жасау саласын дамыт­саңыздар мұндай дау-дамайдан біржола құтыласыздар. Бұл сұрақтар мен тегін кеңесті біздің газет оқырмандары жолдап отыр деп түсініңіздер. Қайткенде де бір шұғыл шара қолдану аса қажет, әйтпесе қызылша дертінің өзі ұялғанынан өрт сөндіргіш көліктен де әрмен қызарып кетті ғой.         Зейнолла АБАЖАН