Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған министрлік логотипі жарамсыз!
2015 ж. 20 ақпан
8497
28
Оқырмандар таңдасын, мына екі эмблеманың қайсысы дұрыс?
1 cурет
2 cурет
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип жобасына Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған конкурсында бас бәйгені Мәдениет және спорт министрі кеңесшісі Алмаз Нұразхан жеңіп алды. Бірақ оның 14 жобаның ішінен таңдалып алынған жобасы (1 сурет) ел тарапынан қатты сынға ұшырауда. Абай.кз сайты бастаған бірнеше сайттарда бұл туралы мақалалар да жарияланды. Иә, бұл қарсылықтың жаны бар. Өйткені бұған кәсіби суретшілердің көбісі наразылық білдіруде. Белгілі суретші, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Баспа дизайны кафедрасы оқытушысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының логотипінің авторы Бейсен Серікбай тіпті наразы: - Осы логотипті көргеннен қан қысымым көтеріліп кетті. Бұл біздің мемлекеттік рәміздеріміздің бейнелерін көшіріп ала салған, болды. Бұл дегенің турасын айтқанда ұрлық немесе мемлекеттік рәміздерге пародия!Бүгін оның авторы Алмаз Нұразханмен талай рет телефон шалып, айтыстық. Сондағы айтатыны: " Тәуелсіздігіміз Қазақ хандығының жалғасы ғой"- дейді. "Сонда Тәуелсіздігіміз жалғасы болса, оның басы - Қазақ хандығы қайда?"-деген сауалыма жауап таба алмады. Бұл логотипке қарау - біз секілді кәсіби суретші мамандар үшін қорлық болып тұр. "Ал "Ақ жол" партиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотипі көп жақсы, көрнекті шыққан. Мазмұны да, тақырыбы да ашылған. Тек бір кемшілігі логотип талабынан ауытқыңқырап, картинаға ұқсап кеткен... Сол жағын ескерсе, жалпы халықтық қолдануға болатын эмблема. Иә, мемлекеттік баспа орнында 30жылдай еңбек етіп келе жатқан белгілі кәсіби суретші Бейсен Серікбайдың сөзі осындай. Мұның алдында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотипі орнына бір-екі рет пайдаланған эмблема да елдің наразылығын тудырған еді. Онда басты орынға буддалық өрнек шығып кеткені кемшілік ретінде қабылдаған болатын. Бұлардан гөрі «Қазақ үні» газетінің жаңа жылдан бастап 1-ші бетінде жарияланып келе жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип (2-сурет) қайта елдің ықыласын аударуда. Бұл эмблеманы «Ақ жол» партиясы былтыр 13 желтоқсанда Алаш күнінде жасап шығарған болатын. Ол төсбелгі, жапсырма ретінде партия филиалдары арқылы таратылып та кетіпті. Біз бірнәрсені өзгерте қояйық деп өрекпіп отырған жоқпыз. Бірақ қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы секілді аса маңызды мәселеге жеңіл қарамау керек еді. Бұл жобалардың бәрі ғаламтор бетінде талқылану керек еді… Біздікі оқырмандарға таңдау құқығын беру. Өздері бағаласын, қайсысы дұрыс екенін… Махамбет Ерғали gu-gu.kz