Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Сол келімсектердің біразы енді бізге де жетіп, жұмыссыздар санын артуы әбден мүмкін дейді сарапшылар. Шетелдіктердің елде қаптауына қара жұмыспен күн көріп отырғандар да қарсы. Өйткені, келіп-кетімі таусылмайтын келімсектер оларды онсыз да мардымсыз табысынан қаққан.
Санкция құрсауында қалып, экономикасы әжептәуір құлдырай бастаған солтүстіктегі көршіміздің жағдайына қазір Қазақстанның жұмыссыздары қатты алаңдап отыр.
Рубльдің құнсыздануынан Ресейді жаппай тастап кетіп жатқан гастарбайтерлер енді біздің елге қаптауы мүмкін. Бұлар бірінші кезекте жалдамалы жұмыспен жан бағып жүргендердің табысына ортақтасары анық.
"Олардың енді барлығы емес, әжептәуір бір бөлігі Қазақстанға келуі ықтимал. Әрине, бұл Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік мүдделеріне қиын жағдай туғызатыны анық", - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Қазір Ресейдің әуежайлары Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтарына лық толы. Барлығы тезірек ұшып кетейін деп кезегін күтіп жүр. Ресейде небәрі 3 айда 400 мың мигрант рубльге жұмыс істеуден бас тартып, жан-жаққа тарап кеткен.
Әрине, бұл Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік мүдделеріне қиын жағдай туғызатыны анық
Сонда да әлі 6 миллиондайы бар екен. Оның 4 миллионы өзбек болса, 2 миллионға жуығы -тәжіктер. Және басым көпшілігі жүктерін жиып Ресейден кетуге дайын отыр. Өйткені мұнда тек табыс ортайып қана қоймай, көші-қон ережесі де күшейген.
Яғни Ресейде "табыс табамын" деушілер бұдан былай орыс тілі мен мәдениетінен арнайы тест тапсыруы тиіс. Осы арзан жұмыс күші енді бізге қаптаса, бұл еліміздегі жұмыссыздық көрсеткішін арттырмақ.
"Өзбектердің көптігі әсер етеді. Өйткені, жұмыстың бағасы түседі. Мына жерде жігіттер күніге 10 мың, 5-6 мың тауып жүрсе, енді арзанға кетеді. Өзбектер көп болса жұмыс азаяды. "Питактағы" балаларға қиындау болады", - дейді Ербол Нұржақов.
Пакетін ұстап, көше бойында тұрғандар кез-келген жұмысқа келісе кетеді. Бір ғана Алматыда олар мыңдап саналады. Еліміз бойынша жұмыссыздардың саны - 459 200.
Бір жылда тек 47 300 адам жұмыс тапқан. Ал жұмыс істеп жүрген шетелдік мигранттар саны ресми мәлімет бойынша 212 мың екен.
Есепке алынбай, елде заңсыз жүргендері қаншама?! Шетінен мәжбүрлі түрде шекара асырылса да, мұндай мигранттардың азаяр түрі жоқ.
Келімсектерді тыюдың тек бір жолы – Заңды күшейте түсу дейді сарапшылар. Және шетелдік жұмыс күшіне шектеу қойылуы қажет. Сонда ғана "күтпеген қонақтардан" құтылып, өз жерлестерімізге жұмыс табылмақ.
Әйтпесе, депортацияның әлегі одан әрі таусылмай, екі қолға бір күрек іздегендер мүлдем көбейе түсері анық.