"Ардагерлер үйінің" тұрғындары жеңістің 70 жылдығына орай күн санап өздерін іздеушілердің қатары көбейіп келе жатқанын жасырмайды. Алматыдағы "Ардагерлер үйін" қазір жүздеген қария пана етіп отыр. Олардың барлығы да - екінші дүние жүзілік соғыстың кезінде тылда еңбек еткендер.
Бүгінде ет жақын туыстарынан айрылып, балалары мен немерелерінің қамқорлығына зәру болып отыр.
Әрбір шаңырақтың қазынасы болып отыратын шағында үкіметтің үйін пана етіп жүргендердің дені немерелері мен балаларын кіналамайды.
"Балаларға кедергі, жүк болмайын дедім","Қатарластарыммен осы жерде тұрған ұнайды", "Балалрым жаман емес, мына заманда өз балаларын да жеткізу міндеті бар","Апта сайын кездесіп тұрамыз" деп шаң жуытпай, жауап береді.
Бойында қуаты, білегінде күші бар кезде еліне еңбегін сіңірген ардагерлермен NUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтқан еді.
Мұнда тұратын ардагерлердің барлығы өздерін бір шаңырақтың астындағы үлкен отбасының мүшелеріміз деп сезінеді. Тағдырластар бір-бірінің қуанышы мен қайғысын бір көзқарастан-ақ ұғады.
"Ардагерлер үйінің" сыйлы тұрғындарының бірі - Мижан Мұханбетова. Ол - қазақтың көне аспапты музыкасын дамытуда елеулі еңбегін сіңірген Болат Сарыбаевтың өмірлік жары. Белгілі сазгер, талай әншінің қалыптасуына, танылуына ықпал еткен сазгер Талғат Сарыбаевтың анасы.
Ол алдымен сүйікті жарынан айрылды. 2012 жылы ұлын мәңгілік сапарға шығарып салды. Сол кездерде "Ардагерлер үйін" паналап қалатынын тіпті сезбеген де.
Сөзінше, екі жарым жылдан бері, өз үйіне бару үшін немерелерінің, келінінің жүрегін жылыта алмай келеді. Барлығы да ақ шашты анадан бас тартады екен.
Немерелері мен келіні телеарнадан барған журналистерге "Анамыз демалып жатыр,мазасын алмаңыз" деп қайтарады екен.
"Қартайғанда көрер қызығымды басқаша елестетуші едім. Осы жерге де үйреніп қалдым. Алғашында үкіметтің үйінде тұратынымды жасырғаным да рас. Күйеуім мен ұлымды танитындар да аз емес. "Тағдырдың салғанына көнесің" деген осы екен. Осындағы кісілермен сөйлесіп, біргелікте кино көріп, түрлі тақырыпта пікір таластырып, уақыт өткізіп жүрген жағдайым бар", - дейді Мижан Мұханбетова.
"Ардагерлер үйі" атауының "Қарттар үйінен" айырмашылығы тек атауында ғана. Тағы бір ерекшелігі, мұнда соғыс ардагерлері тұрады. Төрт мезгіл тамақ, денсаулығы нашарларға жеке күтуші берілген.
Қуантай Оспановтың "Ардагерлер үйінде" тұрып жатқанына көп жылдар болыпты. Жары өмірден өткеннен кейін туған балалары әкесінен бас тартқан. Бірде қыздарының, бірде ұлының үйінде тұрып көрген ақсақал еш жерге сыймағанын жасырмайды.
"Балалардың шаңырағын шайқалтпай тұрғанда өз жолымды табайын" деп осында келіпті. Мұнда Анастасия есімді апамызбен танысып, көңіл жарастырған. Құрдас әрі тағдырлас жандар - қартайған шағында бір-бірінің көңіліне медеу.
Әрқайсысы бір шаңырақтың берекесі мен құты болып отыратын жастағы қариялар көзге жас, көңілдеріне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрине "Ардагерлер үйіндегі" менбике немесе күтушінің алақаны олардың жүрегін жылыта қоймасы анық.
Қарияларға өз шаңырағында қара нан мен қара су ішсе де, немерелерінің қасында, бал қылығының куәсі болып қартайған әлдеқайда артық. Оны өздері де сөз арасында жасырмайды.
Қазіргі жағдайларын тек өмірдің өзені мен заманның ағысына бағынумен байланыстырады.
Қалың әжімнің арасынан жылтыраған әр бір көздің арманын, бір қараған кісі түсінері анық. Мұндағы әр тұрғынның өмірі - өзінше дастан. Том-томдаған кітаптарға арқау боларлық өмір.
Қариялардың бірнешеуі сөз арасында жастау кезінде өзі немесе балалары араққа салынып отбасының берекесі кеткенін де айтып қалады. "Ардагерлер үйінің" тұрғындары бос уақытты өз қалауынша өткізуге тырысады.
Үй ішінде дүкенде бар. Зейнетақысын алған ардагерлер тегін берілетін тамақтан бөлек қалаған дүниесін сатып ала алады.