НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛҰЛЫ және МАҢҒЫСТАУ ДЕКРЕТІ

nazir torekululy

Ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының ерен еңбегінің арқасында кең байтақ қасиетті Маңғыстау жері қазақтың бағына айналып отыр.

  Болашақ қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, тұңғыш елші, кеңес дипломаты Нәзір Төреқұлұлы 1892 жылы қазан айында Түркістан өңіріндегі Қандөз ауылында мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Ол бастауыш білімді  жаңа үлгідегі діни негіздегі Жәдит мектебінде тіл сындырудан бастайды. Ал, 1903-1905 жылдар аралығында орыс мектебінде, 1905-1913 жылдары Қоқандағы коммерциялық училищеде оқып, 1913-1916 жылдары Мәскеу коммерциялық институтының экономика факультетінде білімін жалғастырады. Жалпы өмірбаяндық мағлұматтар ізімен жүріп отырсақ, 1916 жылы оқуын тастап, жас студент майданның қара жұмысына алынған қазақтар арасында жұмыс істеуге өз еркімен Минск түбіндегі күнбатыс майданындағы «Земсоюзда» нұсқаушы болуға бел буады. Дәл осы сәттерде ақ патшаның құлауымен жігерлі Нәзірдің алдында санқилы қоғамдық саясатқа біржола бет бұру кезеңдері күтіп тұрған еді. 1917 жылы Орынбордағы  Бүкілқазақтық сьезге Ферғанадан делегат болып қатысып, 1918 жылы Торғайда «Қазақ мұңы» газетінің редакторы болады. Алайда, осы жылы Қоқандағы жағдайға байланысты, елге оралып, қызу саяси майданның бел ортасына кіріп кетеді. Қоқан кеңес депутатттары революциялық комитетінің хатшылығына сайланып, өзбек тілінде «Халық сөзі» газетін шығарады. 1918-1919 жылдарда Ферғана облыстық ревком төрағасы болады. 1920 жылдың 20-наурызында өткен Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде Нәзір Төреқұлов оқу-ағарту комиссары болып тағайындалды. 26-сәуірде Нәзірдің бастамасымен, комиссариаттың ішкі құрылымы жүйеленіп, соның аясында - іс басқармасы, қаражат, өнер, театр, музыка, фотокино, ғылым, мемлекеттік баспа, статистика, тағы басқа бөлімдер ашылды. Ішкі контрреволюциялық қарсылық бәсеңсіп, ел арасы тынши бастағанда бәлшебектер Нәзірді Ташкентке алдыруға қамданған көрінеді. Нәзір Төреқұлұлы  аса білімдар, ілуде бір кездесетін сирек болмысты тұлға еді. Бұндай   мұсылмандық тәрбиені еуропалық мәдениетпен сиыстыра білген ерекшелік сол уақыттың зиялы ортасына тән жағдай болатын. Әуелгіде, Ресей отаршыларын батыл айыптаған Нәзірдің азаматтық ұстанымы келе-келе Кеңес үкіметі ұстанған саясатты да шенеумен ұштасып жатты. Бұл жайды Нәзірдің «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі», «Түркістан автономиялық республикасы» секілді тарихи басылымдарынан, «Шығыс саясаты: бұл шаһардың шайқасы кім?», «Балық басынан шіриді», «Қазақ мәселесі», «Қазақтар мен келімсектер» атты публицистикалық мұраларынан аңғаруға болатындай. Мәселен, «Мүштүмде» (№3, 1927 жыл) жарияланған мақаласында: «Ислам мен коммунизм пәлсапасын әммеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек. Ол – имандылық, имандылық һәм имандылық. Мәскеуде тақуа боп күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, мұның себебін терең қиялға шомып дөп тапқандаймын. Сол сәтте бір келеңсіз көрініс көзіме іліне кеткені. Ол немене десеңіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз» - деп жазады. Нәзір аса үлкен лауазымдарда жүрген кезде де, іштей ұлт мүддесінің күрескері болып қала берді. Оны Нәзірдің Алаштың ұлы қайраткерлерімен тығыз достық байланыста болуынан аңғаруға болады. Яғни, Әлихан, Санжар, Нәзір - бұл үшеуі, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы  саусақпен санарлық саңлақ тұлғалар еді. Бұлардың бойындағы  ерекше бекзаттық пен  кісілік оларды елден ерекшелеп тұратын. Алаштың көсемі Әлекең өзінен кейінгі Нәзірге ерекше бөлек елжіреп, бауырына тартқан. Ал Түркістан Орталық атқару комитеті  төрағасы Н.Төреқұлұлы өзі жоқта үкіметтің бар шаруасын Санжарға сеніп тапсырып отырған. Өкініштісі, Нәзірдің кімдермен бет жыртысқанын жақсы білсек те, Алаштың Әлиханымен, Санжармен бөлек достығына тәнтіміз. Жалпы, Әлекеңнің майданға сұранып келген Нәзірдей жас қыранды тегеурінінен танып, топшысын ерінбей түзегені, бұл ағалы-інілі достықтың Торғай даласында да үзілмеуі, Самарқанда жүргенде Орынборға шақыртып алып көз алдында ұстауы, кейіннен Нәзірдің Мәскеуде жүріп Әлекеңдей ағасының жалалы «атағынан» қорықпай, өз баспасына қызметке алуы, шындығын айтқанда паналатуы алмағайып тіршілікте ұшыраса бермейтін, тамаша кісілік пен ерен ерліктің үлгісі екені рас. Нәзірге тән қасиеттердің бірі – оның кішіпейілділігі. Нәзірдің қамқорлығын көргендер қатарында Т.Жүргенов, Х.Хакімзаде, Ш.Байшора, А.Қадыри, С.Қожанов, Ғ.Мұратбаев, С.Сәдуақасов, Б.Аралбаев, С.Сапарбеков, М.Жұмабаевтармен бірге тағы басқа жұрт тани қоймайтындары қаншама. Нәзірді Түркістан Компартиясы әуелі мемлекеттік идеологияның шенеунігі санатында емес, өздері бас сұғуға жүрегі қаймығатын жергілікті нәзік мәселелерге жұмсайтын әскери кадр ретінде бағалаған. Мұсылман бюросының ұсынуымен Қоқанда құрылып жатқан мұсылман еріктілерінің жасағына жұмсағанда, кейіндеу Түркістан ревкомы кеңесінің мүшелігіне сайлағанда, Нәзірдің батылдығы, жергілікті жағдайға жүйріктігі, мәмілегерлігі басмашыларға қарсы күресте мейілінше ескерілді. Туа бітті бойындағы мәмілегерлік дарынын 1920 жылдың 18-ақпанында Әндіжан стансасында жиналған алқалы топтың алдында сөйлеген аталы сөзі айқындайды. Нәзірге ойдағы танымын, берік тоқтамын жүзеге асыру, әлбетте, оңайға соқпаған. Біртіндеп мемлекеттік идеологияға тартылғанымен өзініңиұлттық мүдделерінен, азаматтық  ұстанымдарынан айнып,  ешкімге бас ұрмады.  Кейбіреулердей қара басының қамы үшін ұлтын, достарын  сатып кетпеді. Қайта әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті. Дегенмен, 1920 жылдың 19 шілдесінде Орталықтың үкімімен "енді қауіпті" деп танылған Мұсылман бюросы таратылып, оның орнына Түркістан Компартиясының Уақытша Орталық Комитетін басқару Н.Төреқұлұлына сеніп тапсырылды. Ал, Шығыс халықтарының Бакуде өткен құрылтайынан оралысымен, 8 қыркүйекте Нәзірді Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне сайлайды. Артынша, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің төрағасы  лауазымына ауысты. Сөзсіз, жиырмасыншы жылдары Қоқаннан шыққан албырт жастың саяси-қоғамдық мансабы бас айналдырар биіктерге толы болды. Жалпы Нәзірдің қатарластарының (Тұрар, Сұлтанбек, Санжар және тағы басқаларын) коммунистер қатарына өткені үшін жазғырғаннан гөрі, ұлт мүддесін коммунизм идеалымен қаншалықты шебер үйлестіргені төңірегінде ой өрбіту әлдеқайда маңыздырақ болар еді. Сол кезде Түркістан қайраткерлерінен партиялық лауазымға алғаш жеткен Нәзірдің берік ұстанымын тануға болатындай. «Қосшы» одағын құруда, үкімет басшысы ретінде жергілікті кадрларды тәрбиелеуде оларды Түркістанның жоғары оқу орындарында оқытуға төрағалық жасады. Мұнан тыс көмек сұрап келген қандас қазақ жастарының оқуға түсіп, қатарға ілігуіне қамқорлығын айтпасқа болмас. Ең бастысы, басмашылар құрығына алдап түскен мыңдаған диқандарды өз отбасыларына қайтарудағы еңбегі зор. Түркістан Орталық Атқару комитетінде «Қазақ» бөлімінің ашылуына септігін тигізді, аталған бөлімде Санжар мен Сұлтанбек Қожановтармен үзеңгілес қимылдады. Осы ретте, Ахмет Зәки, Мұстафа Шоқай, Шолпандар шетке ығысса да, Нәзір, Тұрар, Сұлтанбек, Акмал, Файзуллалар өктемдіктің өтінде алыса жүріп, еңбек етті. Олардың басын біріктіріп, туыстырған түбі бір түркі қандастығы екені жазылмаған ақиқат. Әркім өз білгенімен қарекет жасады, қолынан келгенін істеп бақты, әрекеттері нәтижелі істерімен дәлелденді. Нәзір Төреқұлұлы Түркістан Үкіметін басқарып тұрғанда Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезі мен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді де көндіре білген. Яғни, Маңғышлақ уезі мен Красновод уезінің №№ 4,5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түркменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай ендігі кезде Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасына беру туралы №341 декретімен бекітіп, осылайша қазақ жұртының ресми территориялық картасына қабылдатқызған. Мұндай тарихи маңызы орасан зор құжаттың бастамасында 1920 жылдың 16 қазанында Түркістан Республикасы Кеңесі ОАК төрағасы Нәзір Төреқұлов тұрған еді. Осылайша, ел болашағын айқындаған құжатқа қол қойған Алаштың біртуар ұлының ерен еңбегінің арқасында, еліміздің үштен бір байлығын иеленіп отырған кең байтақ қасиетті Маңғыстау жері қазақтың бағына айналып отыр.nazir torekululy mangystau dekreti Сонымен қатар Нәзір Пржевальск қаласының Қарақол атануын қолдаған. 1921 жылдың 7 ақпанында Үкімет басшысы Н.Төреқұлұлы мұсылман жамағатының ыңғайын бағып, демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырған №14 декретке қол қояды. Сонымен бірге, Құрбан айт күндерін мереке деп жариялайды. Мұнда, Нәзірше бағамдасақ, «исламды қызғыштай қору тек дінбасылардың міндеті емес, бәлкім, білімдар не ақылды жанның қолынан неге келмеске, бұл үшін медресе түгесу, сірә да шарт емес...» деуі, Нәзірдің дінге қарсылығының жоқтығы, қайта жақтайтындығын «Дәруіш» деген лақап атпен баспа беттерінде көрінуінен байқаймыз. Наурыз айында Н.Төреқұлұлы Түркістан Компартиясы өкілдерінің құрамында РКП (б) Х сьезіне қатысып, соңынан жұмысшы табының көсемі В.И.Лениннің қабылдауынан кейін, әскери коммунизм саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу жолдарын іздестіреді. 21cәуір күні Түркістан үкіметінің басшысы Н.Төреқұлұлы «Азық-түлік салғыртын салықпен алмастыру туралы» қарарын елге жариялады. Бұл қала мен ауылдағы сауда-саттықты жандандыруға, кембағал һәм орта шаруа диқандардың тұрмысын жеңілдетуге, қауіп тудыра бастаған сұм аштықтан құтқаруға септігін тигізер еді ... Бірақ, осыны жүзеге асыруда басмашылардың жүгенсіздігі үлкен кедергі келтірді. Партия ғадетінше, қатерлі мүддені алып шығуда дұшпанға сөзін өткере алып, сүрінбейтін әмбебап сардар Нәзір Төреқұлұлын жұмсады. Бар жұмысын Санжар Асфендияровқа сеніп қалдырған Нәзір, сәуір айында Көр Шермат құрбашымен пәтуа жасасатын Кеңес делегациясын Марғұланға бастап барады. Құрбашы уағдаға иланып, Кеңес жағына өтуге тілегін білдіргенімен, оның қос кеңесшілері қарсы шығады. Алайда, сөзге шешен Нәзірдің айтқанына құлақ асқан, ықыласы ауған адамдар табылғанымен, басмашылар арасында айтыс-тартыс тоқтамады. Көбі Кеңес үкіметіне өз еркімен беріледі. Қолы пышырап, сергелдеңге түскен Көр Шермат Ауғанстанға ауып кетеді. 1922 жылдың 22 ақпанында Түркістан бюросы Орта Азия бюросы деп аталып, Нәзірге Түркістан, Бұқара, Хорезм аймақтарының жұмысы жүктелді. Әйтсе де, осы жылдың шілдесінде Төреқұлұлы Мәскеуге қызметке шақырылады. 8 қыркүйекте Бүкілресейлік ХІІ партия жиынында Нәзір КСРО халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалады. Баспаға келуімен өмірбаянының жаңа жарқын беттері ашылады. Ең алдымен, 1923 жылдың ақпанында Ұлт істері халық комиссариатының жанынан құрылған Орта Азияда біріңғай латын үлгісінде жаңа әліпби жасайтын топқа төраға болып бекітіледі. Орталық баспадағы қызметте «Жаңа әліпби. Үлкендер үшін» кітапшасы араб жазуындағы қазақ дыбыстарына балама латын әліпбиі үлгісіндегі жаңа қаріптерді жұртшылық назарына ұсынады. Сонымен қоса, Шығыс тілдері институтында оқу-ағарту жұмысының проректоры міндетін де атқарады. Бұған дейін, Ташкентте Нәзір Қазақ ағарту инситуты деп аталған жоғарғы педагогикалық институтты құруға ұйытқы болған еді. Өзі шығаруға үлгермеген соң, Абай шығармаларының Ә.Диваев жинастырған толық жинағының шығуына қолдау көрсетеді. Ташкентке біржола қоныс аударып келген Мағжан Жұмабаевты «Ақ жол» газетіне қызметке кіргізуге Сұлтанбек Қожановқа табыстайды. Кейін Мағжан Мәскеуге келгенде Жоғары әдебиет және өнер институтына түсуіне ықпал жасап, баспаға қызметке алады. Осылайша, Нәзірдің жәрдемімен Мағжанның «Жүсіп хан» ертегі-поэмасы жарыққа шығады. Ал, Әлихан Бөкейханның баспада әдеби қызметкер болып жұмыс жасауына қолдау көрсетіп, «Ер Сайын», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» жырларын, «Жиырма үш жоқтау», «Мың бір мақал» жинақтарын шығаруына ат салысады. 1926 жылы «Жат сөздер туралы» атты еңбегінде ана тілінің сақталуына айрықша көңіл аударып, сингармонизм заңын қуаттаушы лингвист ғалым ретінде қосқан үлесі күні - бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Шығыс халықтарының Орталық баспасын алты жыл басқарған Нәзір  журналистиканың шыңына жеткендігін дәлелдеді. Оның олимпі – «Темірқазық» журналы болды. 1927 жылы 15 желтоқсанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы Нәзір Төреқұлұлын Һижазға елші етіп тағайындайды. Сегіз айдан соң Нәзір жаңа қызметке  Таяу Шығысқа аттанады. 1928 жыл маусымда Сауд Арабиясында КСРО Бас консулы - Сауд Арабиясында КСРО Төтенше елшісі және Өкілетті министрі болып тағайындалады. 1928 жылдың 3 қазанында Мекке қаласында корольдің ұлы Фейсал ханзадаға (суретте) сенім грамотасын табыстайды. Елшілік міндетіне кіріскен Н.Төреқұлұлы елшілік жанынан емдеу клиникасын ашуға күш салады. Артынша, балаларға арналған тіс емдейтін кабинет аштырып, Мәскеуден Мерзон деген маманды алдырады.nazir torekululy 6 Елші Нәзір Төреқұлұлы араб түбегіне келгенде, жергілікті саяси ахуал Англиямен барынша шиеленіскен кезеңі еді. Мұсылман дүниесінің жан сырына қанық, хас иманды, аузы уәлі елші ғаламдық дау-дамайға батыл араласты. Арабша білмейтін Нәзір көп ұзамай аудармашысыз-ақ байланыс орната білді. Мұнысы еуропалық елшілерді, әсіресе, ағылшын Бонд мырзаның өзін таңқалдырды. Сонымен қатар, Нәзір корольдің аса ықпалды тұлғасы, қаржы министрі Абдулла Сулейманды КСРО-мен сауда қатынасын жасауға көндіреді. Нәзір Төреқұлұлы 1930 жылы Меккедегі Фейсал ханзадаға өзінің КСРО-ның төтенше елшісі және өкілетті министрі екенін айғақтайтын сенім грамотасын тапсырады. Оның үстіне, Нәзірдің дипкорпустың дуайены (бір мемлекеттегі бүкіл елдің елшілерінің жетекшісі) болып тағайындалуы ағылшындармен арадағы «тарихи тартысты» өз пайдасына шешкендігінің нәтижесі еді. Осы қызметте жүріп, әлденеше рет үлкен және кіші қажылыққа барып, мұсылмандық парызын да өтейді. Сегіз тілді еркін меңгерген азулы елдің елшісі Н. Төреқұлұлының жастайынан қалыптасқан мәмілешіл, бітімгершіл қасиеті екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастарды биік сатыға көтергені тарихи шындық. Нәзір елшіліктен оралғаннан кейін, қырықтың қырқасында ғылым жолын біржола таңдады. Журналист кәсібін құлай ұнатқан ол, баспагер болумен қатар ұстаздық етті. Қарындашпен адам бейнесін салуда жоғары шеберлікке жеткенімен, оны әсте дабыра етпеді. Бойында Шығыс дәстүріндегі ақындығы да бар болатын. Бұлар, Нәзірдің біз білмейтін қырлары болатын. Осы ретте, Нәзірдің Лубянка қабырғасындағы ең соңғы фотосуретінде (суретте) мұқият қырылған сақал-мұрты, миығынан күлімсіріген отты көзі, қыртыссыз костюмі, таза ақ көйлегі оның рухани жығылмағанын айғақтап тұр. Тұтқын екенін білдіретін таралмаған шашы, шойын жұдырықтың ізі қалған ісіңкі қабағы ғана. Дегенмен, түрме жағдайында да жинақы, мұнтаздай таза, тәкәппар қалпын жоғалтпағаны, өзіне тән сүйкімін сақтағаны таң қалдырады. №71576 тұтқынның РФ архивінен алынған фәни жалғандағы соңғы фотосуреті осындай. 1937 жылдың 3 қарашасында Мәскеуде жабық сот мәжілісінде Нәзір Төреқұлұлы пантүрікшіл диверсиялық террорлық ұйымның белсенді мүшесі, Түркияның тыңшысы деп айыпталып, ату жазасына үкім шығарылады. Үкімнің құны ұлттың бір бұтағын мәңгіге сындырды. Осы түні қазақ халқы біртуар көрнекті қайраткері, асыл азаматымен мәңгілікке қош айтысты.nazir torekululy 5a Тәуелсіздік алған жылдардан бері, ел еңсесі мен абыройы көтеріліп, ұлтының қаймақтарын ұлықтап, тарихи тұлғаларын жас ұрпаққа үлгі-өнегесімен дәріптеуде 2009 жылы ҚР Үкіметі қаулысымен Астана қаласында ҚР Сыртқы істер министірлігі ғимараты алдына қазақтың тұңғыш елшісі, көрнекті мемлект қайраткері  Нәзір Төреқұловтың  еңселі ескерткішін қою жөнінде шешім қабылданған болатын. Қаулыға сәйкес, сол кездегі ҚР Мәдениет министрлігі ресми ақпарат баспаларында арнайы ескерткішті жасау жөнінде республикалық байқауды жариялап та үлгерді. Дегенмен, бірашама биліктік ауыз-түйістердің салдарынан Астана қаласының сол жағалауында орналасқан ҚР Сыртқы істер министірлігі ғимаратының алдында Н.Төреқұловтың ескерткішінің заңды орнына орнатылуы – өкінішке орай, нақты әкімшіліктік-орындаушы мекеме анықталмағандықтан өз шешімін таппай келеді. Жоғарыдағы сұрауды осыдан 4-5 жылдай бұрын   ҚР Сенатының депутаттарының қолдауымен сенаторлар Қ.Айтаханов пен Ғ.Қасымовтың ҚР Үкіметінің басшысы К.Мәсімовтің атына «Нәзір Төреқұловтың 120-жылдығының мерейтойына байланысты» депутаттық сауалдарында - еңселі ескерткішті аталған жерге тұрғызу туралы сұраулары жолданылды, әйтсе де кейін болған ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовтың тұсында да белгісіз себептермен жауабы күні-бүгінге дейін берілмеді. Еуразия Экономикалық Қауымдастығының Бас хатшысы, Төтенше және өкілетті елші Тайыр Мансұровтың қазақтың тұңғыш елшісі Н.Төреқұловтың еңбегін насихаттауда көп үлес  қосқанын, ол  туралы бірнеше  ғылыми және көркем кітабы бар екенін де айта кетуге тиіспіз. Сонымен қатар белгілі жазушы Жолтай Әлмашевтың  да Нәзір өмірінен көркем шығарма жазғаны белгілі. Хош, ал енді, алдымызда 2017 жылы Нәзір Төреқұлұлының 125-жылдығы да келе жатыр. Қоғам тарапынан, бүгінгі буынның сұрауымен әлі де болса, кезінде үкімет басқарған қазақтан шыққан тұңғыш дипломатына арналған ескерткіштің заңды жеріне орнату туралы Үкімет қаулысы  тағы да аяқсыз-сұраусыз қалмауы керек. Ниет біреу, бүгінгі тәуелсіз жасампаз ұрпақ - Алаш жолын, елі үшін ерен еңбек етіп, саяси қанды репрессияның жазықсыз құрбаны болған Нәзірдей нартұлға қайраткерлеріміз  салған сара жолды ұлықтай білуі тиіс.   Тоқсан ауыз сөзді Нәзірше түйіндесек, «жерсізге жер, аштарға нан, сауатсызға білім, білімдіге қайрат, ықтиярынан ажыраған қазақ-қырғыз халқына ерік пен теңдік» болсын. Демек, бұл бір-бірімізді тәрбиелеп келе жатқан жарық күндерге дайындайтын рух болар. (Дәруіш. «Иштракюн» журналы, №243, 1-желтоқсан,1920 ж.) Аманжол НАЙМАНБАЙ, «Нәзір Төреқұлұлы атындағы халықаралық қор» президенті, профессор. *Мақалаға «Нәзір Төреқұлұлы атындағы халықаралық қор» материалдары пайдаланылды qazaquni.kz nazir torekululy 7   nazir torekululy 9   nazir torekululy 8   nazir torekululy 4   nazir torekululy 10