Ленинград блокадасы ардагерлеріне құрмет көрсетілді
2015 ж. 04 ақпан
3310
0
Халықаралық Бизнес және коммуникация колледжінде «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының бастамасымен Ленинград қаласының фашистік блокададан азат етілгеніне 71 жыл толуына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Колледж студенттерімен өткен жиынға батыр қала Ленинградта құрсауда қалғандардың Алматы қалалық ұйымы мүшелері В.Виннер, М. Сергеева, И. Богдановскаялар және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Д.Васильев, Алматы қалалық Колледждер қауымдастығының төрағасы Ж.Әзізханов, Халықаралық Бизнес және коммуникация колледжінің директоры А.Хисматуллиналар қатысты. Батыр қала Ленинградта құрсауда қалғандардың Алматы қалалық ұйымының төрайымы Валентина Виннер: «Ленинград қаласының фашистік блокададан азат етілген күн – мен үшін рухани мереке. Бүгінгі өскелең ұрпақ Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларының ерен ерлігін естерінде мәңгілік сақтаулары керек» – дейді.
Бір сәт тарихқа үңілетін болсақ, 1941 жылдың 8 қыркүйегінде басталған Ленинград қаласының фашистік блокададан азат етілуі 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін созылды. Сондай қиын-қыстау заманда жетім қалған балаларға арналған арнайы балалар үйлері құрылды. Ата-анасыз балалар отбасылардың қарауына берілді. Бір ғана Қазақстанның өзі 1942 жылдың 1 шілдесіне дейін құрамында 13 мың балалары бар 3 балалар үйін эвакуациялады. Қазақстандық отбасылардың тәрбиесіне 1202 бала берілді. Қазақ әйелдері орыс, украин, беларусь сынды өзге ұлттың балаларын бауырына басты. Қазақстан 1943 жылдың 1 ақпанына дейін жарты миллионға жуық адамды эвакуациялаған аймаққа айналды.
– Ленинградта құрсауда қалғандардың тағдыры ауыр болды. Ұлы Отан соғысынан біріміздің әкеміз, біріміздің атамыз оралмай қалды. Бізге Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бүгінгі жастар сондай ерен ерліктің бағасын білуге тиіс. «Ақ жол» партиясымен бірлесіп осындай игі шараны ұйымдастырып отырған колледж ұжымына алғыс білдіремін, – деді кездесу барысында сөз алған Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков.
Осындай өмір мен өлім арпалысқан шақта ақын Жамбыл Жабаевтың жау құрсауында қалған қала тұрындарына «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңінің берген жігері ерекше болды. Мазмұнды да мәнді шарада колледж студенттері ақынның осы өлеңін жатқа айтып, көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Гүлмира САДЫҚ