Қазақ хандығы 550 жылдығында Алтын Ордаға баса мән беріліп, Ассамблея "Мемлекеттік тілді" қолға алуы керек
2015 ж. 26 қаңтар
8690
6
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 жылдығына АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ
Өткен аптаның соңғы жұмыс күні - жұмада, 23 қаңтарда Астанада Инвестиция және даму министрлігі Ақпарат комитеті ұйымдастырған келелі кеңес өтті. Еліміздегі барлық БАҚ басшылары бас қосқан бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына байланысты өткен жиынды Ивестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Асқар Жұмағалиев жүргізді. Алғашқы болып, Ассамблеяның 20 жылдығына байланысты жоспар бойынша Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Пропенко баяндама жасады. Одан соң Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына дайындық мәселесі де қозғалды. Баяндамалар біткен соң, жарыссөзге бірінші болып "Қазақ үні" газеті президенті, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса шықты. Ол "Қазақ хандығына байланысты жасалған жоспар өте тыңғылықты, жан-жақты қамтылып жасалған екен. Әсіресе, еліміздің бар өңірі түгелге жуық қамтылғаны дұрыс болыпты"-деді. - Осы жоспарға қарап отырып, менің бір ұсыныс айтқым келеді. Қазақ хандығы аяқ астынан пайда болған жоқ, аспаннан түскен жоқ, оның әкесі, атасы, бабалары бар. Қазақ хандығының әкесі -әйгілі Алтын Орда. Ал бабалары Шыңғысханға, ары кетсек Көк түріктер қағанатына барып тіреледі. Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі " «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз»-деді. Ендеше, біз осы Қазақ хандығының 550 жылдығында Алтын Ордаға да баса мән беруіміз керек. Баласын айтып отырып, әкесі мен аталарын аттап кетуге бола ма? Сондықтан Алтын Орданың астанасы Сарайшыққа баса мән беруіміз керек. Сарайшықта тек реставрация жұмыстары жүргізіліп қана қою жеткіліксіз, ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу керек деп білемін. Осы жерде ең алғаш 2014 жылы 16 қазанда Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып биік деңгейде тойлау туралы бес адам болып (А.Перуашев, М.Қойгелді, Қ.Иса, Д.Қамзабекұлы, А.Тұртаев) Үкіметке хат жазғанымызды да реті келіп тұрған соң айта кетсем деймін. ("Бүгінгі Тәуелсіз мемлекетіміз - XV ғасырдағы қазақ хандығының тарихи жалғасы", "Қазақ үні" №42 28.10. 2014 жыл) Екіншіден, Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміздегі ынтымақ пен татулықтың тірегі, Елбасымыздың жүргізіп отырған ұлтаралық саясаттың Қазақстандық моделі ретінде белгілі. Иә, Ассамблеяға 20 жыл болыпты! "Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы" атты тұжырымдамада: "Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі шешілген. Мемлекеттік тілді меңгеру - әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті болуы керек. Бұл рухани және азаматтық келісімнің басты факторы"-деп атап көрсетілгені қуанышты жәйт. Ендеше, Ассамблея ҚР Президенті Н.Назарбаевтың "Қазақстан -2050" стратегиясынан туындайтын өзінің негізгі ұстанымы " Бір халық, бір ел, бір тағдыр" атты үштағанды Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдай -24 жыл болып отырғанда, Ассамблеяға 20 жыл толып отырғанда тағы бір елдіктің ең негізгі тірегінің бірі - мемлекеттік тіл мәселесін қосып, " Бір халық, бір ел, бір тағдыр, бір тіл" етіп, төрт таған ететін уақыты жеткен жоқ па? Төртеу түгел болса, төбедегі келеді" дейді халық даналығы. Осы төрттағанды Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынып, өмірге енгізсе деп сұраймыз. Үшіншіден, Тәуелсіздіктен бұрын жаңа жыл тойланып кететіні сияқты, Қазақ хандығының 550 жылдығы Ассамблеяның 20 жылдығы аясында қалып кетпесе екен дейміз,"- деді Қазыбек Иса. (Төменде бұл сөз толық беріліп отыр.) Бұл ұсынысты жиынды жүргізіп отырған Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Асқар Жұмағалиев пен Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев және Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Пропенко толық мақұлдап, мерейтойдың іс жоспарына енгізетіндерін мәлімдеді. Леонид Андеевич Прокопенко бұл ұсынысты қуана қолдайтынын, тек " Бір халық, бір ел, бір тағдыр, бір мемлекеттік тіл" деп тілді нақтылап жазу керектігін айтты. Содан соң сөз алған "Президент және халық" газетінің Бас редакторы, белгілі журналист Марат Тоқашбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы тойына шетелдік елбасшыларынғ әсіресе мемлекеттігіміз туралы теріс әңгіме айтқан Ресей Президенті В.В. Путинді шақыру керектігін қозғады. Ал тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов пен "Алаш айнасы" порталының бас редакторы Серік Жанболат Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктері туралы кинолар түсіру керектігін сөз етті. "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп Ұлы Отан соғысы ардагерлері - қаламгерлердің, әсіресе, тоқсанның төріне шыққан Қалмұхан Исабаев пен Мұзафар Әлімбаевтардың ескерусіз қалып келе жатқанын айтып өтті. Ал "Қамшы.кз" порталының бас редакторы Біләл Қуаныш "Біз Қазақ хандығының 550 жылдығын өткен жылы күзде-ақ бастап кеткенбіз. Тақырыпқа байланысты мүшәйра өткізудеміз"-деді. Сонымен бірге Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев, "Қазақстан" Телерадиокорпорациясы төрайымы Нұржан Мұхамеджановалар да өзекті мәселелерді көтерді. Жиынды Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Асқар Жұмағалиев қорытты.М.Ерғали
Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасы орынбасары, "Қазақ үні" газеті президенті:
Қазақ хандығы 550 жылдығында Алтын Ордаға баса мән беріліп, Ассамблея "Мемлекеттік тілді" қолға алуы керек.
Қазақ хандығына байланысты жасалған жоспар өте тыңғылықты, жан-жақты қамтылып жасалған екен. Әсіресе, еліміздің бар өңірі түгелге жуық қамтылғаны дұрыс болыпты. Осы жоспарға қарап отырып, менің бір ұсыныс айтқым келеді. Қазақ хандығы аяқ астынан пайда болған жоқ, аспаннан түскен жоқ, оның әкесі, атасы, бабалары бар. Қазақ хандығының әкесі -әйгілі Алтын Орда. Ал бабалары Шыңғысханға, ары кетсек Көк түріктер қағанатына барып тіреледі. Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: " «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз»-деді. Ендеше, біз осы Қазақ хандығының 550 жылдығында Алтын Ордаға да баса мән беруіміз керек. Баласын айтып отырып, әкесі мен аталарын аттап кетуге бола ма? Қазақ хандығына байланысты Ұлытау, Түркістан өңірлерінде үлкен жұмыстар істелетінін жоспардан көріп, қуанып отырмыз. Сонымен қатар Алтын Орданың астанасы Сарайшыққа баса мән беруіміз керек. Қазіргі халі сын көтермейтін Сарайшықта реставрациялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетіні көптен күткен мәселе еді, бұған қуаныштымыз. Бұны кезінде "Ақ жол" партиясы Парламентте депутаттық сауал ретінде көтерген де болатын. Енді осы Сарайшықта тек жөндеу жұмыстарымен ғана шектелмей, ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу керек деп білемін. Осылайша мемлекетіміздің бастауында тұрған Алтын Орданың еліміз тарихындағы аса зор маңызына баса мән беріп, әсіресе, қазіргідей халықаралық жағдайдың дүбірі басымдау болып тұрғанда, шетелдіктерге кеңінен танытуымыз керек. Екіншіден, Қазақстан Халқы Ассамблеясы еліміздегі ынтымақ пен татулықтың тірегі, Елбасымыздың жүргізіп отырған ұлтаралық саясаттың Қазақстандық моделі ретінде белгілі. Иә, Ассамблеяға 20 жыл болыпты! "Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы" атты тұжырымдамада: "Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі шешілген. Мемлекеттік тілді меңгеру - әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті болуы керек. Бұл рухани және азаматтық келісімнің басты факторы"- деп атап көрсетілгені қуанышты жәйт. Ендеше, Ассамблея ҚР Президенті Н.Назарбаевтың "Қазақстан -2050" стратегиясынан туындайтын өзінің негізгі ұстанымы " Бір халық, бір ел, бір тағдыр" атты үштағанды Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдай -24 жыл болып отырғанда, Ассамблеяға 20 жыл толып отырғанда тағы бір елдіктің ең негізгі тірегінің бірі - мемлекеттік тіл мәселесін қосып, " Бір халық, бір ел, бір тағдыр, бір тіл" етіп, төрт таған ететін уақыты жеткен жоқ па? Төртеу түгел болса, төбедегі келеді" дейді халық даналығы. Осы төрттағанды Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынып, өмірге енгізсе деп сұраймыз. Үшіншіден, Тәуелсіздіктен бұрын жаңа жыл тойланып кететіні сияқты, Қазақ хандығының 550 жылдығы Ассамблеяның 20 жылдығы аясында қалып кетпесе екен дейміз.qazaquni.kz