Серік Абас-шах: "БӘРІ БІРДЕЙ ҚОЛ КӨТЕРЕТІН БОЛСА, ДЕПУТАТТАРДЫ КӨБЕЙТІП КЕРЕГІ НЕ?
2015 ж. 25 қаңтар
2353
0
Ауылдағы шопыр досым звондайды. Тау жақта күзден бері уақытша тұрып жатқанын, үш-төрт айдан бері барлық жаңалықтан құр қалғанын сампылдап айтуда. Сосын, мылжың сұрақтарын қоя бастады.
- Әй, Пәленше. Қазақ мемлекетінің 550 жылдығына дайындық қалай?
- Мемлекетіміз хандыққа ауысып кетті.
Телефонның ар жағындағы досым қақалып қала жаздады.
- Ойбай не дейді? Рас болып шықты ма?
- Иттің баласы, жаман ойлама.
- Енді не ойлаймын?
- Қазақ мемлекетінің емес, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлайтын болдық.
- Күзде басқаша сайрап едік қой.
- Қазір қыс емес пе? Күн суып кетті.
- Солай екен ау... Айтпақшы, 550 жылдыққа арнап, 20 сериялы тарихи фильм түсіреміз деп едіңдер.
- 20 серияның жартысы ғана түсіріледі.
- Сонда, Қазақ хандығына 275 жыл тола ма?
Досымның өстіп күйдіретіні бар. Қатты ашулана жаздап, өзімді ұстадым.
- Әй, "сәбәкі", қайдағы 275 жыл? Күзден бері 550 жыл деп сарнап жатқан жоқпыз ба?
- Қайдан білейін, үш ай ішінде мемлекеттігіміз хандыққа айналып, сериялар саны екі есе азайып жатыр. Сосын, тарихымыздың жасы екі есе кеміген болар деп шештім. Қарапайым логика.
- Тарих емес, мұнай бағасы кеміп жатыр. Бюджет қысқаруда.
- Солай демейсің бе? Сериал мен ұяттан басқа тағы не қысқарды?
- Ит біліп пе? Бәрін үнемдеуге кірістік.
- Е, ақша жетпесе анау, Сенатты қысқартпайсыңдар ма? Мәжілісмен санын 25 басқа азайтыңдар, қазақтарға сол да жетеді.
- Депутат саны неге 25 адам болу керек?
- Бір класта (сыныпта) 25 оқушы отырмай ма? Бәрі бірдей қол көтере беретін болса, олардың санын көбейтіп қажеті не?
Шопыр досыма ашуландым да, оны екі тілде балағаттап, трубканы қоя салдым. Өзінің саяси сауаты жоқ, шамасына қарамай, жұртқа ақыл айтқысы келеді. "Сәбәкі" десе...
Серік АБАС-ШАХ