Келесі қадам – сайлау!
2015 ж. 03 қаңтар
2197
0
Жалпы өткен жылдың тамыз айынан басталған әуелі үкіметтік құрамның ықшамдалып, мобильденуі, облыстық әкімдерді қайта қарастыру, президент әкімшілігін өзгерту, саяси талдау орталықтарын мазмұндық реңге көшіру, шетелдегі елшіліктердегі жаңа тағайындаулар, бүгінгі қауіпсіздік құрылымдарын реанимациялау – келешектегі сыртқы һәм ішкі саяси науқандардағы түрлі сценарийлердің орын алуына дайындығы басталды. Яғни, билік мемлекеттік саясаттағы жоспарларды қайтадан анықтап, пысықтап жатыр, әрі сыртқы өзгерістердің келер талаптарына қарай әрекет етуде. Мұны Елбасының журналистермен кездесудегі сөзінен анық байқадық.
Меніңше, ендігі парламенттік құрамды жаңалау немесе жұмысшы заң шығару органын нығайту мәселесін қолға алу келесі қадам болуы тиіс. Бірақ та, кейбір сарапшылардың президенттік алдын ала сайлауы да өтуі мүмкін дегендері де жоқ емес. Егер соңғысының маңыздылығын ескерсек, әзірше ықпалы күшті биліктің мынадай дағдарысты уақытта өтуі өзекті емес әрі қажеттілігі әлсіздеу?!
Сондықтан, керісінше, Елбасы қарқынды индустриалдық, кәсіпкерлік, өндірістік экономиканы жеделдету үшін заңнамалық-нормативтік актілерді жасақтауды қолға алады. ЕЭҚ аясындағы проблемалық мәселелерге төтеп беретін, ішкі даму көрсеткіштерін күшейтетін бизнестің жаңа картасына мүмкіндік жасалады. Осы орайда логистикалық, макроэкономикалық үдерістер мен инвестициялық ұсыныстарды енгізудің жаңа тетіктерін қарастыру маңыздырақ. Мұның бәрін Парламенттік фракциялардың қажырлы әрекеттері алға жылжытады. Сол үшін де, осы бағытта сапалы ұсыныс пен бастамаларды көтеріп жүрген жұмысшы фракциялардың маңыздылығына билік тарапынан үлкен мән берілетіні анық. Бұл дегеніміз, сайлау науқанының ауылы да алыс емес деген сөз. Ал, сайлау бола қалған жағдайда, билік фракциясының үштен бір мандаттары еңбекқор фракцияларға, және жаңа форматтағы яғни солшыл бірақ социал-демократиялық сарындағы партиялардың кіруіне мүмкіндік берілуі мүмкін. Себебі, нарықтық талаптардың күшеюіне қарай, әлемдік тәжірибеде нақты осы социал-демократиялық бағыттар басымдыққа ие, мұны Еуропалық одақтағы фракциялардан көруге болады. Сол себепті, сайлау парламенттік болуы керек. Бірақ өткізу кезеңіне көбіне ауа райы емес, биліктің халықтың алдындағы орындалған міндеттері мен нәтижелі маусымдық уақытымен сәйкес келгенімен байланыстырылады.
Мақсат ЖАҚАУ,
«АҚ ЖОЛ» ҚДП төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы.
qazaquni.kz