АДАМ ҚАҒУДЫ КӘСІП ЕТКЕН ҮСЕНОВ ҚАШАНҒЫ ТАЙРАҢДАЙДЫ?!.
2014 ж. 25 қараша
2295
3
...Кемшілікті әрдайым алыстан іздейміз. Ал, жетістік, әлбетте, жанымызда деп ойлаймыз...
Қазақтың Мақсат ҮСЕНОВ деген жап-жас жігіті көлікпен адам басып өлтірсе де, жүрек қағысы, тамақ алысы тамаша күйінде тағы да 38 жасар әйелді әлем-тапырақ таптап өтіпті...
Қазақ қоғамы «асқанға – тосқан» іздеп, дүрлігіп жатыр. «Бұл өзі – қайыс белбеумен қақырата сабап алатын жігіт екен. Мақсат Үсенов – жол бойындағы жұртқа қатерлі қауіп болды», - дейді Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев..
Заңгер Сергей УТКИН Үсеновтың соңғы қақтығысы адам өміріне қауіпсіз болғандықтан, қылмыстық іске жатпайтындығын айып, ең мықтағанда, әкімшілік жауапқа тартылып, жеңіл-желпі айыппұл төлей салатындығын жеткізді. Жаңа Қылмыстық кодекс талаптары бойынша, жол апаты жағдайларында екі жақ, айталық, 10-20 мың АҚШ доллары көлеміндегі болмашы өтемақыға өзара келісіп, қылмыстық істі жаба алмайды. Дәп осындай қатал баптың бекітілуіне Мақсат Үсеновтің алғашқы жол апаты арқау болғаны рас. Әйтпесе, қалтасында 10-20 мың АҚШ доллары бар кезкелген жуанқарын жүргізуші тірі адамдарды тарыша таптап жүре бермей ме?!.
Жалпы, жауапсыздық – қазіргі күннің қасіретін айналып отыр. Күні кеше Алматы сән және дизайн колледжінде гранатадан жарылыс болып, 16 жасар Светлана ЯКОВЛЕВА атты жасөспірім қыз сол жерде қаза тапты. Марқұмның ағасы Алексей: «Светлана ашықжарқын, ақкөңіл, жігерлі болатын. Оқу озаты атанып, үздік диплом алғалы жүрген қарындасымның болашақтағы арман-мақсаты ұшан-теңіз еді» – деп мұңаяды...
Аталған жарылыстан 12 адам жарақат алып, 5 адамға ірі оталар жасалды. Жарылыстың себебін анықтауға арнайы комиссия құрылып, Алматы ІІД Тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы: 251 (қару және жарылғыш заттарды заңсыз ұстау, сақтау, тасымалдау) және 101 (абайсызда кісі өліміне себепші болу) деген баптарға сәйкес қылмыстық іс қозғады.
Жарылысқа қатысы бар деген күдікпен жарылыс кезінде сыныпта болмаған осы оқу орнының «Алғашқы әскери дайындық» пәніннің оқытушысы қамауға алынып, құқық қорғаушыларға жауап беруде. Қала билігі қаза болған және жарақат алған студенттердің отбасыларына жәрдем беруге шешім қабылдады.
Міне, жаппай жауапсыздықтың ақыры ерте ме, кеш пе, түбінде қасірет-қайғыға соқтырады. Үсеновтың ісін үрлеп-үлкейтіп, «Үсенов синдромы» деп атаған бір философ ағамыз:«Үсенов синдромынан» қандай ой түюге болады? ...Ол – ақша, пайда. ...Қазақ үшін ұлт болашағының тамырын шабатын ең қауіпті бейшаралық осы!» – дейтін «жаңалық» ашып, жұрттың бәрін «жемқор» қылып қойды...
Тіпті, жемқорлықтың өзі – ар ұятқа, иманға таразы қоймаудан, жауапкершіліктен жұрдай болудан бастау алады. Аталған қос қасіреттің терең тамыры – жауапсыздықта жатыр.
Қоғам, халық, көпшілік айналамызға – айдаламызға қарағандай тым селқос, тым жауапсыз қарайтын болдық. Жүрегі талықсып құлаған қарияны – маскүнем; басы айналып, тізесі бүгілген адамды – нашақор деп, айналып-аттап өте шығамыз. Әрбіріміз көшедегі бейтаныс сәбиге қамқорлық көрсетіп, қарияның қолтығынан демесек, көлденең жатқан ағашты алып, табанға сүрінген тасты шетке тастасақ, Үсеновтер үстімізден көлікпен таптамас еді, «Алғашқы әскери дайындық» пәніннің оқытушысы гранатаны жас балалардың қолына ұстатып, ойына келгенін істеп, ойқастап кетпес еді...
Жауапсыздық - қылмысқа, қылмыс - қапасқа апарады. Жауапсыз адамды ой-санасы қалыптаспаған жеткіншекке жақындатуға болмайды. Ал, қылмыскер - қымбат көлікпен көше кезіп қыдырмай, қапаста отыруы керек!
Осы талапты қолдап-қорғап, темірдей тәртіп етіп орнатқан қоғамда жауапсыздықты – жанашырлық, қылмысты – қайырымдылық жеңеді.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz