Оралмандар Қазақстан халқының 5 пайыздан астамын құрады
2014 ж. 13 қараша
3075
2
Оралмандар Қазақстан халқының 5,5 пайызын құрап отыр. Бүгін Мәжілісте көші-қон үдерістеріне арналған дөңгелек үстел барысында Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова осылай мәлімдеді.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
"Этникалық қазақтарды елімізге тарту саясаты соңғы жылдары демографиялық жағдайымызды жақсарта түсті. Біз 2011 жылға дейін осы бағыттағы көші-қонның оң сальдосын байқаған болатынбыз. Соңғы 2 жылда теріс сальдо орын ала бастады", - деді вице-министр.
1991 жылдан 2014 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алған этникалық қазақ отбасыларының саны 258 мың 786-ға жетті.
Яғни, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға келген оралмандар саны 952 мың 104 адамға жетті және бүгін олар республика халқының 5,5 пайызын құрап отыр
Вице-министрдің айтуынша, елімізде эммиграциялық үдеріс динамикасы да баяулаған. Мәселен, 2008 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2013 жылы Қазақстаннан кеткен адам саны екі есеге қысқарған.
"Сонымен бір мезгілде, шетелден тартылатын жұмыс күшінің саны да артып отыр. Егер 2013 жылы шетелдік жұмыс күші 23 мың адамды құраса, қазіргі 1 қазандағы жағдайдың өзінде олардың саны 30 мың адамға жетті. Елімізге келетін еңбек мигранттарының негізгі үлесі Қытай, Түркия, Украина, Өзбекстан мен Үндістанға тиіп отыр", - деді Мәдина Әбілқасымова.