Қостанайлық орыстар көше атауын қазақшалауға қарсы қол жинай бастады
2014 ж. 29 қазан
4682
13
Қостанайда көшеге қатысты дау қайта өрбіді. Қаладағы Павших Борцов көшесінің өзгертілуіне қарсы тұғындар Change.org сайтында онлайн-петиция өткізуде.
Бұл туралы "Наша газетаға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Қостанайдағы "Алау" сайтында биыл Павших Борцов көшесіне Шайсұлтан Шаяхметовтің есімі берілетіні хабарланған болатын.
"Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов – тарихи тұлға. Оның елге сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан, Павших Борцов көшесіне Шаяхметов есімін береміз", - деді Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ешенов.
Алайда, тұрғындар көше атауының өзгеруіне наразы. 28 қазан күні Санкт-Петербургте оқитын Стас Ким есімді қостанайлық Change.org сайтында көшенің атауын өзгертуге қарсы дауыс беруге шақырды.
Ол қала әкімі Ахметбек Ахметжанов пен облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовқа хат жазған.
"Құрметті қала және облыс басшылығы! Біз тұңғыш білім министріне қарсы ештеңе айтпаймыз. Алайда, оған басқа көшенің атауын беріңіздер. Павших Борцов көшесі біздің қаламыз үшін өте маңызды!", - делінген хатта.
Стас Ким бұл көшенің қаламен бірге жасап келе жатқанын, 1918 жылғы қанды көтерілістің белгісі екенін айтып, қалалықтарды петицияға қатысуға шақырады.
Ал кеше, 28 қазан күні Қостанайдағы Амангелді мен Павших Борцов көшелерінің қиылысына Шайсұлтан Шаяхметовтің ескерткіші орнатылған болатын.