Алматы әлемдегі ең лас 25 қаланың тізіміне кірді
2014 ж. 20 қазан
3707
1
Алматының ең таза аумағы анықталды. Экологтардың айтуынша, "Сайран" көлінің шығыс жағалауында саф ауа толығымен сақталған. Ал қаланың өндіріс орындары көп шоғырланған бөлігі ең лас саналады.
Оңтүстік астанамыз әлемде ең ластанған 25 шаһардың қатарына еніп отыр деп хабарлайды Алматы арнасы.
Бүгінде Алматыда ресми тіркелген көліктер мен күнде өзге өңірлерден қатынайтын темір тұлпарлардың саны 800 мыңнан асып жығылады. Бұған автобустар мен үлкен жүк машиналарын қосыңыз.
Көліктің көк түтініне тұншыққан Алматының ауасын жақсарту мақсатында барлық мунициапалды автобустар газбен жүруге көшкен. Ал жеңіл көліктерге арнайы несие беруші компаниялардың көмегімен арнайы құрылғылар орнатуда.
"Қала атқамінерлері Алматы экологиясын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар қабылдауда. Жолайрықтар мен кең жолақты даңғылдар салынуда. Бұл көліктердің кептелісте тұрып, ауаны ластауына жол бермейді", - деді "Эко-Парк" жобасының жетекшісі Олег Новиков.
Жуырда экологтар арнайы зерттеу жүргізіп, "қаламыздың қай аймағында ауа таза?" деген сауалға жауап іздеп көрген еді. Нәтижесінде, "Сайран" көлінің шығыс жағалауында ауаға тарайтын қауіпті заттардың саны өте аз мөлшерде екендігі анықталған.
Ал Сейфуллин мен Райымбек көшелерінің қиылысы керісінше, көк түтінге тұншыққан аймақтардың ішінде көш бастап тұр. Жалпы зерттеу нәтижелері Алматы атмосферасындағы ауаның экологиялық тұрақты екендігін көрсетті.
"Қазіргі таңда Алматы қаласының ластануын 5 бекет тексереді. Алмалы, Жетісу, Бостандық ауданында. Алматы қаласының ластануы қазіргі таңда өте нашар жағайда. Яғни автокөлік шығындарынан, көп болуынан және ТЭЦ-тен. Қазір жылыту уақыты басталды. Сол себепті өте көп ластануда", - деді Алматы Гидрометтің инженер-химигі Әсел Рысқұлова.