Депутат Абайдың бесінші ұрпағына баспана беруді сұрады
2014 ж. 15 қазан
3806
4
Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдаған төменгі палата депутаты Алдан Смайыл Абайдың бесінші ұрпағына пәтер беру мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды BNews.kz.
"Қазақ халқының ұлы ақыны, адамзаттық ауқымдағы кемеңгер Абай Құнанбаевтың әулеті коммунистік қатыгез режимнің аяусыз қуғын-сүргініне ұшырағанын белгілі. Ақын балалары мен бауырлары атылды, түрмелерде көз жұмды, жер аударылды. Осы қырғыннан аман қалғандары Ұлы отан соғысында оққа ұшты. Майданға аттанған он адамнан есен-сау оралғаны Абайдың Мағауядан тарайтын шөбере қызы – соғысқа өзі сұранып кеткен. Белгілі қаламгер Медеу Сәрсекеннің деректері бойынша, ақын ұрпағынан бүгін арамызда жүрген жалғыз тұяқ – Абайдың Ділдәдан туған ұлы Ақылбайдың баласы. Ақылбайдан Рәмінқұл, одан Бағыпұр, сол Бағұпырдың баласы Ақылбаев Айдар мен оның жалғыз ұлы Данияр Алматы қаласында тұрып жатыр. Данияр Ақылбаев Абайдың бесінші ұрпағы", - дейді депутат
Алдан Смайылдың айтуынша, Данияр Ақылбаев Ленинградтағы Гидрометеорология инстиутының "Мұхиттану" факультетін бітірсе де, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, Маңғыстаудағы мұнай компаниясының бірінде еңбек етеді және Абайдың ұлы Мағауяның немересі беріп кеткен пәтерді баспаналап жүр. "Абайдың Ақылбайдан тарайтын төртінші ұрпағы Даниярдың әкесі А.Ақылбаев та Алматыда, бірақ әлі күнге дейін баспанасы жоқ", - деген Алдан Смайыл ұлы ақынның ұрпағы болған үшін бұл кісілерді мемлекет қамқорлығына алуы тиіс деп есептейді. "Осы тұста ойланасың, ұлы ақынның қазақ халқына рухани тұғыр болып келе жатқан, бола да беретін данышпанның бүгінгі тұяқтары мемлекеттің қамқорлығына бөленуге тиіс емес пе? Біз де тектілік деңгейінен табылайық, Айдар Ақылбаевқа баспана беріп, кемеңгердің батасына кеңейлік. Абай әулетін жалғастыратын жалғыз үміт Данияр Ақылбаевтың жай-күйімен танысып, көмек қолымызды созайық", - дей келе депутат "Үкімет басшысының қайраткерлік парасаттылығына сенетінін, осы өтініштің орындалатына күмән келтірмейтінін" мәлім етті.