«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» СЫНҒА ҰШЫРАДЫ

сам-к «Самұрық-Қазынаға» сан емес, сапа керек. Мемлекеттің активтерін басқарып отырған әл-ауқат қоры тиімсіз компанияларының тең жартысын жаппай қысқартпақ. Астанада Елбасының қатысуымен ең ірі холдингті трансформациялау форумы өтіп, қорды жаңа бағытта басқару үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Жаңаруға бет бұрған «Са­мұрық-Қазына» трансформация форумына әлемге әйгілі са­рап­шылар шақырылды. «Менед­жерлер жоғарыдан қоңырау күтпей, бизнеске көбірек маңыз бөлулері керек» - деді форум барысында «Самұрық-Қазына» Қоры Директорлар Кеңесінің мүшесі Сэр Ричард Гарри Эванс. 100 миллиард долларға бағаланатын 80 пайыз мемлекет активтерін яғни, теміржол, мұнай-газ, энергетика, атом, әуе, телекоммуникация саласын басқарып отырған «Самұрық-Қазынаның» алға жылжуы эконо­ми­каның дамып, халықтың тұрмыс жағдайының артуына әсер етуі керек. Сондықтан, ұлттық компаниялардың басын біріктірген қор ысырап­шылдықты қойып, үнемге көшпек. Қордың Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, алдағы 3 жыл ішінде бір-бірін қайталайтын, тиімділігі аз, шығыны көп еншілес компаниялардың саны 600-ден 300-ге қысқармақ. Сонда артық 300 компанияны кезінде не үшін ашты екен? Бұл жерде ақша жымқыру жолдарының іздері де болуы мүмкін. – Нақты жоспар болуы тиіс. Сол бойынша, акция байлардың емес, қарапайым тұрғындардың қолына тиюі тиіс. Айтқандай қазір сол акцияға әуес инвесторлар тәуелсіздік жылдарында байып алған. Тағы қол салуға дайын отыр. Үкімет оны қадағалау керек, - деді Елбасы сол сияқты жекешелендіру жайлы да сөз қозғап. Бірақ, қалтасында соқыр тиыны жоқ қарапайым адамның акцияларды қалай сатып алу керектігін айтқан жоқ. Елбасы айтқандай, алғашқы жекешелендіруде молынан қарпып, қалталарын қампитқандар бұл жолы да қарап қалмасы белгілі. «Самұрық-Қазынаны» трансформациялау бағдарламасын қабылдаған соң, Нұрсұлтан Назарбаев айтылған реформаларды жедел іске асыруды талап етті. Қор жұмыстарының кемшіліктерін көрсеткен Елбасы Шөкеевке жұмыс істей алмаса, бұл басшының қызметтен кететінін де қатаң ескертті.