..."Бату ханның заманына оралсақ, онда Ресейдің жартысын Қазақстанға беруiне тура келедi..."
2014 ж. 15 қазан
3806
0
Александр Лукашенко, Белоруссия президенті:
...Бату ханның заманына оралсақ, онда Ресейдің жартысын Қазақстанға беруiне тура келедi...
Жақында Беларусь президенті Александр Лукашенко «Еуроньюс» тілшісі Серджио Кантонеге сұхбат беріп, қазіргі халықаралық саяси жағдайға ой-пікірін білдіргені барлық баспасөзде қызу талқылануда. Оның ішінде ол Украинадағы азамат соғысы мен Батыс және Ресей арасындағы кикілжіңге өз биігінен баға берді. Журналистпен болған сұхбат негізі Украина төңірегінде өрбіді. Көрші мемлекеттегі туысқан халыққа жаны ашыған Лукашенко өзіне салса қолынан келген көмегін аямайтынын айтып, «Менің ойымша, Украина, Ресей және Батыс қаласа, бір жылдың ішінде жағдайды тұрақтандыруға болатын еді»-деді. Сол сияқты Украинаға конституциялық және саяси реформа жүргізу қажеттігін де атап өтті. Бұның бәрі жұртшылыққа мәлім, кез келген ортаңқолды саясаткер айтатын әңгіме. Бас би болып, барлық жерге тұмсығын тыққан Батысқа көп нәрсе байланысты екенін бүкіл әлем біледі. Бірақ, оған қой дейтін қожа болмай тұрған жоқ па?.. Әңгіме Украинаның территориялық тұтастығына тірелгенде: «Украина бiртұтас және бөлшектенбеген мемлекет болып қалуы керек. Кейбiреулер «бiр кездерi Қырым Украинаның құрамына заңсыз өтiп кеткен, ол – Ресейдiң жерi» деп жүр. Бұл дұрыс қадам емес. Олай болса, Бату ханның заманына немесе татар-моңғол шапқыншылығы кезеңiне оралайық. Онда Ресей, Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропа тұтастай жерiн Қазақстан мен Моңғолияға беруiне тура келедi...» – деп салды Лукашенко тарихтан қаражаяу еместігін аңғартып. Қазақта «жер дауы мен жесір дауы – ең ауыр дау» дейді. Жесір дауы шешілген сияқты. Ал, жер дауы әлем бойынша ушығып тұр. Кім де болса шекараны жылжытып, жарты шаршы метр жер болса да басып алғысы келіп тұрады. Соған байланысты тарихты өз пайдасына қарай бұрмалап, адам сенгісіз аңыздарды ойлап тауып жатады. «Қазақтарда мемлекет болмаған, шекарасы да болмаған» деген сияқты сауатсыз саясаткерлер мен тереңге бойлай алмайтын тарихшылардың тал түсте, ашық аспан астында адасып жүргендері де жасырын емес. Оның ішінде, білмей адасатындар мен біле-тұра көзін жұматындар да баршылық. Әйтпесе, ұлан-байтақ жерімізді шекарасыз, басқару жүйесінсіз қалай ұстап тұрар еді. Сонау ғұндардан бастау алып, бүгінгі Тәуелсіздігімізге дейінгі тарих тізбегіне ғасырлар куә. Дүниежүзі білетін Алтынорда хандығы біздің жерімізде болғаны да тарихи шындық. Өз әмірін, өз билігін Еуропа мен Азияға қатар жүргізген атақты хандар жоғары мәдениетімен, сәнді сәулетімен көптеген жиһанкездердің таңдайын қақтырған біздің батыс өңірде орналасқан Сарайшық шаһарын мекендеген. Осы шындықты айналып өткен Владимир Путинге қарағанда Александр Лукашенко тарихқа тура қарап, тұңғиығына тереңірек үңілді деп айтуымыз керек. Лукашенконың бұл сөзі аузынан шықпай жатып, оны саясаткерлер сан-саққа жүгіртіп те үлгерді. Бірі қазақтар мен орыстардың арасына от тастау десе, енді бірі Лукашенконың бүйрегі орыстарға қарағанда украиндықтарға көбірек бұрады деген жорамал жасауда. Қалай десек те тарихтың аты тарих, оны бұрмалап, бұра тартуға жол берілмеуі керек. Тарихты түзетем деушілердің өз мүдделерін ғана ойлайтыны белгілі.qazaquni.kz
Тақырып тарауы
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
БІЗДІҢ ЕЛДІГІМІЗ ҒҰНДАРДАН БАСТАЛАДЫ!..
...Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Тарих жылы деген жылды жарияладық. Дүние жүзінен – Қытайдан, Ираннан қазақ тарихының жазба жәдігерлерін жинадық. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген. Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Мұнда тұрған тау – аумағы 200 шақырым қырат-қырат таулар. Ең биігі – Әулиеата деп аталады. 1100 метр. Одан ағып жатқан, мына біз маңында отырған бұлақ Әулиебұлақ деп аталады. Осының бәрін ата-бабамыз бекер атамаған ғой. Жаздың күні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады...(Ұлытауда «Хабар» телеарнасына
берген сұхбатынан)
qazaquni.kz