200 дана Құран қоқысқа тасталды

АҚШ-тың Айдахо штатындағы Покателло қаласының мұсылман жамағаты мен олар мешіт ретінде жалға алған ғимарат қожайынының арасындағы түсінбестіктен қасиетті Құранның 200 данасы қоқыс жәшігіне тасталған.Бұл келеңсіз оқиға жергілікті мұсылмандар басқа көшедегі мешіттің жаңа ғимаратында Құрбан айтты мерекелеп жатқан кезде болған. Мұсылман жамағаты жаңа мешітке ауысқанымен бұрынғы жалға алған ғимараттан құжаттар мен діни кітаптарды көшіріп үлгермеген. Бұл жайында Idaho State Journal ақпарат көзі хабар таратты. Мұсылмандар Құрбан айтты мерекелеп жатқанда ширек ғасыр, яғни, 25 жыл бойы жергілікті мұсылмандардың құлшылық ететін орнына айналған ғимараттың қожайыны барлық құжат пен қасиетті Құран кітаптарын қоқысқа лақтырып тастаған екен. «Қастерлі нәрсені күресінге шығарып тастап, бізді қатты жәбірледі», - дейді Айдахоның оңтүстік-шығыс ислам қоғамдастығының бас хатшысы Дэниель Хуммел. Ол осы келеңсіздікті аяқсыз қалдырмайтынын айтып, сотқа жүгінетінін жеткізді. Islam.kz