Ленин Әлиханды құртты, Әлихан ақыры Ленинді тұқыртты...

1 О, тоба! «Дүние алма-кезек» дейді ғой, қазақтар. Бірде Қарқаралы қаласының бір көшесін бойлап келе жатып,ленин сол көшенің атына көзім түсіп тоқтай қалдым. Бұл, Қарағанды облысы  Қарқаралы қаласындағы  Ә.Бөкейханов атындағы көше. Ал, бір көшенің атында тұрған не бар, сонша?- демеңіздер. Жоқ, бұл Ә.Бөкейханұлы кезінде елім деп еңіреп, Алашым деп атойлаған, ұлтымыз үшін отқа түсіп, оққа ұшқан  табаны тиген Қарқаралының көшесі болатын-ды. Оққа ұшырған большевиктер, көсемі В.И.Ленин. Сол, Лениннің атын осы көше жарты ғасыр жамылып келген-ді, ал, Лениннің сол көшеге Әлихандай табаны тимек тұрғылы табыты Мәскеудің Қызыл алаңында жатқан еді. Иә, сонда өліп жатқан Ленин Әлиханды қалай атты, атпаған болады ғой?  Рас, Лениннің өзі емес, оның қанқұйлы большевизмі...бұл тарихи шындық. Өкініштісі, орыс империясының бодандығынан құтылдық деп жүріп, большевиктердің бұғауын кидік емес пе?! Соның бір салдарынан киелі өңірдегі көшенің аты Әлиханның өзіне емес, оның көзін жойған хас жауына бұйырып кете берген, кете бергенді қойып келешек ұрпақтың санасына Лениннің «жарқын бейнесін» сіңіріпті. Әлиханды «халық  жауы» етті...бірақ, Тәуелсіздігіміз әділетті әкеліп, Әлиханды тірілтті, мәңгіге тірілтті. Бұрынғы Ленин «жаулап алған» көшеде бүгіндері Әлиханның өзі тұр!..Риза болдым. Мен Әлиханның аруағына басымды иіп, кеуде кере дем алып «Тәуба!» деп жүре бергенім сол еді, алдымнан жас келіншек қарсы жолығып: «Аға, Ленин көшесі осы ма?»- деп сұрамасы бар ма?!  Жаңағы жадыраған көңіл күйім салқын тартып қалды. Жауап бермеске лаж жоқ. «Жоқ, айналайын. Бұл Ә.Бөкейханов көшесі!»- деп бұрыла беріп едім, «Ленин көшесі қайсы?» деп қайталап сұрады. Жасыратыны жоқ, ашу да қысып барады, бірақ іштей тынып жас келіншекті кінәлай да алмадым. Лениннің кім, Әлиханның кім екенін қайдан білсін?.. «Қарағым, бұл Ә.Бөкейханов көшесі, бұрын Ленин көшесі болған»- деп шегелеп жауап беріп, «Саған қандай мекеме керек?»- деп сұрадым. «Аға, әскери комисариат қайсы?»- деді, келіншек.  Көше бойы сәл ертіп келіп, «Әне!..»- деп нұсқадым да, «Есіңде болсын, бұл көшені Әлихан көшесі деп атаймыз»- дедім. Менің қайта-қайта айтып тұрғаныма ыңғайсызданды ма, әлде жолды нақты нұсқап жібергеніме риза болды ма, «Аға, рахмет! Аға, рахмет!»-деп кете берді. Мен өзімше адасқан оған «екі жолды да дұрыс нұсқадым. Ленин Әлиханды құртты, Әлихан ақыры Ленинді тұқыртты- деп көңілімді жұбатып жүрмін...

Серхан Мәлік,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қарқаралы қаласы.

qazaquni.kz