КӨРМЕДЕН ҚАНДАЙ ПАЙДА БОЛМАҚ?

ааа «Экспо-2017» көрмесінің қандай пайда әкелетінін әлі күнге дейін ұйымдастырушылардың өздері де нақты білмейді. Халықаралық шараға дайындық барысын Парламентте баяндауға келген Талғат Ермегияев осындай сұраққа жауап бере алмай сүрінді. Ермегияевті депутаттар­дың емес, журналистердің сауалы жаңылдырды. Тілшілер, ең алдымен, осыдан 130 жыл бұрын Па­риждегі көрменің жетістіктерін тілге тиек етті. Тарих тереңіне бойлай алмағаны өз алдына, қысылғаннан әлемде жоқ жүйені ұсынып таңқалдырамыз деген шенді нақты қандай нысанның көрме нышаны болатынын ашып айта алмады. Тіпті Экспо-ға келетін мүгедек туристер үшін қолайлы жағдай жасауға жауапты емеспін деп жалтара қашты. Оның бар білетіні – халықаралық шарадан 280 миллион еуро пайда түсіреміз деген жоспар ғана. Бұл Экспоны өткізуге мемлекет бөлген қаржыны жабуға ғана жетеді. Ұйым­дас­тырушылар осының өзі үлкен жетістік деп отыр. Ал, әлемдік маңызы бар шара өтсе, жалақысы қысқарып, сыйақыдан қағылып зәрезап болған қараша халық арасында осы жолы да айлық азаяды деген сыбыс тарап кеткен болатын. «Мемлекеттік қызметкерлер қаржысын аламыз деп кім айтып жатқанын білмеймін. Бірақ әр салаға жеткілікті ақша бөлініп жатыр. Біреудің ақшасын алып, бізге аударыңдар дегеннің қатысы жоқ. Мемлекеттік органның айтқан адамын маған алып келіңізші» - деді «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев тығырыққа тірелгенде.