Рубльдің құнсыздануы теңгеге қиын болмай ма?

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Мәскеу қор биржасындағы ашық саудада бүгін бір АҚШ долларының бағамы 40 рубльден асты. Доллар бағамы биржаның бүгінгі алғашқы саудасында 8 тиынға өсіп, 40 рубль 08 тиынға жетті. Еуро да 22 тиынға қымбаттап, 50 рубль 82 тиынға таяды. Осылайша доллар мен еуро құнын қоса алғандағы ортақ бивалюталық бағам 44 рубль 91 тиынға дейін өсті. Бұған дейін 3 қазан күні Ресейдің орталық банкі валюта жұбы бағамы шегін 10 тиынға дейінгі шамаға еркін жіберген. Қазанның 1-і күні валюта жұбының құны белгіленген шегі - 44 рубль 40 тиыннан асып кеткен соң Ресей орталық банкі валюта бағамының құбылуын төмендету үшін валюталық интервенцияны қайта жүргізе бастаған еді. Ресейлік сарапшылардың дерегі бойынша, соңғы үш күнде Ресей орталық банкі рубльді қолдау үшін 454,2 миллиард АҚШ долларын жұмсаған. Ресей сарапшылары бұған қоса әлемдік нарықта мұнай бағасының да түсіп бара жатқанына, қараша айына арналған биржалық келісімшарт бойынша Brent маркалы мұнай баррелі 91 АҚШ доллары болып саудаланғанына қатты алаңдауда. Айта кету керек, шілде айынан бері аталмыш маркалы мұнай бағасы 21 пайызға дейін арзандаған. Ресейдің Urals маркалы мұнайының құнын бағалау үшін дәл осы Brent маркасы қолданылады. Қазір Ресей қаржы министрі Антон Силуанов егер мұнай бағасы арзандай беретін болса, бюджет көлемі азаятынын, рубльдің бағамы одан әрі құнсыздана беретінін ескертіп отыр. «Ұлттық валюта бағамына және мұнай бағамына қатысты арзандау ары қарай да жалғаса берсе, Ресей билігі өз міндеттерін қайта қарауға мәжбүр болады» дейді Антон Силуанов. Сонымен Ресей рубльі күн өткен сайын өз құнын жоғалтуда. Рубльдің құнсыздануы қатысты халықаралық Экономикалық даму орталығының сарапшылары «Ресейден сыртқа жылыстайтын капитал қазіргі қарқынын азайтпаса, 2014 жылдың соңына таман рубль тағы да 20 пайызға түседі» деп құлаққағыс жасаған болатын. Мұны біз Алаш айнасында бұған дейін де жаздық. Халықаралық экономикалық даму орталығының болжамы бойынша биыл Ресейден капиталдың жылыстауы күшейіп, 70 млрд. долларға дейін қаржы сыртқа кетіп қалмақ. 2013 жылы Ресейден 63 млрд. доллар сыртқа кеткен. Ал бұдан пайымдайтынымыз, Ресей экономикасындағы тұралаудың әлі де тереңдей түсетіні. «Ресейдің ұлттық валютасының күнара құнсыздануының өзі осыдан астар береді» дейді мамандар. Ал енді бұлайша рубльдің құбылуы теңгені соңынан ерте ме? Экономикалық бірыңғай кеңістікке біріккен ел ретінде біз бұдан не күтеміз? Қандай шараларды қарастырғанымыз абзал? Отандық сарапшылардың бір парасы «2008 жылы Грузиядағы шиеленіс пен қаржылық дағдарыс кезінде де рубль қиын кезеңді басынан кешті. Сол жолы Ресейдің Орталық банкі рубльді ұстап тұру үшін 200 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Бірақ онысы сәтсіз болды, себебі пайыздық мөлшерлеме жоғары, ал өсім қарқыны төмен болғандықтан, бұл Ресей экономикасына қомақты шығын болды. Нақ қазір Ресейдің Орталық банкі ол жолғы қателікті жасамауға тырысып отыр. Сондықтан орталық банк енді рубльдің құнсыздануына бөгет болмайды» деп отыр. Ал Ресейдің «ФБК» стратегиялық талдау институтының директоры Игорь Николаев «Рубльдің құнсыздануының басты себебі – Ресейдің макроэкономикалық әлсіздігі. Бұл дәрменсіздік сақталып қана қоймай, тереңдей түседі. Біз әлдеқашан тоқыраудан құлдырауға өтіп кеткенбіз» дейді. Рубльдің құнсыздануына қатысты пікір білдірген отандық сарапшыларымыз былай дейді: Марал Төртенова, экономист-сарапшы: - Егер Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс тез шешімін тапса, оның зияны да азаяды. Ресей экономикалық мәселелерін реттеуге мүмкіндік алады. Украинадағы дағдарыс дұрыс шешілмесе, Ресей мен Батыстың экономикалық мәселелері көбейе береді. Сондықтан «Ресей есін тез жинайды» деп үміттену керек. Себебі қазірдің өзінде Ресейдің Орталық банкіне рубльді тежеп ұстап тұру арзанға соғып тұрған жоқ. Біздің экономикамыз Ресейге байланып тұрғандықтан бұл жерде Ресейдің валютасының құнсыздануы бізге әсер етпейді деуге негіз жоқ. Дегенмен, біздің экономикамыз тікелей мұнайдан түсетін түсіммен толығып отырғандықтан бұл жерде біз әлемдік мұнай бағасына қатысты, елге тартылып жатқан инвестицияларға қатысты болжам жасағанымыз абзал. Егер болашақта мұнайдан түсетін түсім артса теңге бағамы да нығаймақ. Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, мұнайдан түсетін түсімге қатысты мынадай болжамдар жасауға болады: А) Бірінші, пессимистік сценарий. Егер 2014-2015 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 70 АҚШ долларына дейін төмендеп, ахуал қиындай түсетін болса, бізге мұндай жағдайға да дайын болу керек. Онда теңгенің бағамы күрт төмендеп тағы бір девальвация орын алады. Қазақта «жаман айтпай жақсы жоқ» деген нақыл бар емес пе? Даму жолына бет бұрған біздің еліміз қазірде бұл бағыт бойынша да жоспарлар құрып, біршама істер атқару керек. Ә) Екінші, консервативтік базалық сценарий. Егер 2014-2015 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 80 АҚШ долларын құрайтын болса, біз орташа базалық бағытпен жүруді ойластыруымыз қажет. Мұндай сәтте әлемдегі шикізат көзінің бағамы 10-15 пайызға өсім береді деп күтілуде. Бұл болжам да жағдайды орташа қалыпта ұстап тұрады. Б) Үшіншісі, оптимистік сценарий. Бұл жағдайда әлемдік нарықта мұнай бағамы 85-90 АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Ал мұндай сценарий орын алса біздің экономикалық әлеуетіміз одан әрі қарқынды бола түспек. Себебі бұл ретте әлемдік шикізат көздерінің құны 20-25 пайызға дейін өсім береді. «Ал қазірде әлемдік нарықта мұнайдың бір баррелі 91 долларды құрап тұрғанын ескерсек, бізге қауіптенетін желеу жоқ» дейді мамандар. Әрине, біз үшін ең қолайлысы осы оптимистік болжам болып тұрғаны даусыз. Мұндай батыл болжамдарға халықтың да іші жыли түсетіні рас. Сондай-ақ мамандар біздің елімізге енетін инвестиция әлеуеті төмендемегенін, керісінше, елде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отырғанын алға тартуда. Мамандарымыз «бұл мәселе де теңгенің бағамын осы қалыпта ұстап тұруға ықпал етеді» деседі. Сақтансаң сақтайтынын ұмытпауымыз керек Дегенмен, бұл жерде біз азуы айды білеген Қытай елінен бастап бірқатар Еуропа елдері әлдеқандай заман болса абдырап қалмауға дайындық жасап жатқанын естен шығармағанымыз жөн. Біз негізінен Қытай мен Ресейді Қазақстанның сыртқы саудадағы басты әріптестері деп білеміз. Қытай елі бүгінде әлем халқына аждаһадай көрінген қаржылық дағдарыс келе қалса оған төтеп беру үшін барын салып сақтанып жатыр. Ресейдегі жағдай бізге белгілі. Ал осы тұста «біз де қарап қалмауымыз қажет» дейді мамандар. Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым: - Жалпы, теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылуымыз керек. Ал біздің алтын-валюта қорының 40 пайызы доллармен жинақталып отырғанын ескерсек, бұл жерде сақтық шараларын қарастырмауға тағы болмайды. Рубльдің күн санап құнсыздануы екі ел арасындағы саудаға кері әсерін тигізіп, бізге түсетін түсім көлемі азаяды. Экономиканың ырғақты өсу негізін инвестициялар легі құрайтыны даусыз. Рас, инвестициялар тасқыны келіп жатыр, мұнайдан түсетін түсім де жақсы, бірақ біз отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандырмай долларға тәуелділіктен құтыла алмаймыз. Ендеше болашақта теңгеміз жыл өткен сайын құнсыздана түспесін десек, отандық өндірісті дамытуға барынша күш салғанымыз абзал. Рас, әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұра алады. Дегенмен 2015 жылы жыл басында-ақ шикізат бағасының түсіп, экспорттан түсетін түсімнің азаятынын ескерсек, бұл-біздің алтын-валюта қорымызға қауп төндіретін жайт. Естеріңізде болса, 1998 жылы Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұруы үшін екі айда 2,5 млрд доллардан астам қаржы жұмсап жіберді. Сондықтан болашақта бұл ретте алғышарттарды қарастыру керек. Көрші Ресейде болып жатқан экономикалық тұралаудың салқыны бізге бәрібір өз әсерін береді. Демек үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта қарастыру керек. Бұған қатысты отандық өндірісті қолдаудың жаңа шарттары түзілгені жөн. Себебі қазірде Ресей үшін сыртқы инвестицияның тиімсіз екені нақты белгілі болды. Ресейден инвестициялар легі қашып жатыр. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Сырттан келген инвестиция қанша жерден тиімді дегенмен, оның қауіптілігі де бар. Сондықтан әлдеқандай заман туғанда инвестиция сыртқа ыдырай қашпауы үшін отандық өндірісті қолдауға барынша назар аударуымыз керек. Доллардан арылуға да, теңгенің бағамын қалыпты ұстауға да, түсімді арттыруға да ықпал ететін бірден-бір фактор осы. alashainasy.kz