Шымкент дамудың жолында

IMG_2815 Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕК, Шымкент қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:                                                 ШЫМКЕНТ ДАМУ ЖОЛЫНДА – Нұрлыбек, журналистика мен әкімдік жұмыстың ұқсастығы бар ма? – Баспасөз хатшылығы журналистикадан алыста емес, тіпті аса жақында емес. Бірақ екеуінің арасындағы алтын көпір. Журналистикада шығармашылық еркіндік қарастырылғанымен, мемлекеттік қызметте арнайы бекітілген жоспар бойынша жұмыс істейсің. Үкімет бекіткен тапсырма, нақты ережелер шеңберінен шықпай қызмет атқару керек. – Шығармашылық адамына бір шеңберден шықпай жұмыс істеу қиынға соқпай ма екен? –Адам бойындағы қандай да бір қасиет лайықты ортасында жүрген кезде қанат жаяды. Шығармашылық адам да солай. Бұл жұмысқа келгелі жазу, сызудан біршама алыстап қалғаныммен, жүрегімнің түкпірінде шығармашылық сезімдерімнің оты сөне қойған жоқ. Әкімшілік қызметте күнделікті жиналыстар мен баспасөз маслихаттарын өткізу үшін де өзінше ерік-жігер керек. Өзіңіз білесіз, проза, поэзиямен түн аясында айналысқан өзінше керемет дүние. Егер де түнімен қалам ұстап, қиял еркіндігіне мүмкіндік беретін болсақ, ертеңгі күнгі жұмыстарда сергектік таныта алмауым мүмкін. Ол өзіме де үлкен сын болар еді. Мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылғаннан кейін оның үдесінен шығу – басты мақсатымыз. – Әрбір жиналысқа дайындалу да өзінше бір шығармашылық деп айтуымызға бола ма? – Мемлекеттік қызметте жүргеннен кейін елдің болашағы үшін атқарылатын жұмыстардың жоспарын көргеннен кейін, сол істердің атқарылуына үлес қосу парызың. Мүмкін өмірлік арман-мақсаттарыңды елдің келешегімен сабақтастыру үшін де үлкен шабыт керек шығар. Біздің мемлекеттің дамуындағы басты ұстанымның бірі – тұрақтылық. Елбасы­мыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда, тұрақтылықтың арқасында қарқынды даму жолымен жүріп келеді. Тұрақтылық пен тыныштықтың негізгі локомотиві мемлекеттік қызмет. Ал, баспасөз қызметі ақпарат құралдары арқылы әкімдік жұмысын халыққа жеткізіп отыру. Біз тікелей бірінші басшылармен байланыса отырып, бүгінгі болған жаңалықты объективті түрде халыққа жеткізу үшін жұмыс істейміз. Оның үстіне қалам мен қағазды пернетақта мен мониторға ауыстырып, ғаламтор ақпарына құлақ түріп отыратын журналист әріптестерге және зейінді халыққа сол күннің, тіпті сол сәттің өзекті де маңызды жаңалығын дер кезінде жеткізу бәрінен құнды болмақ. Сонда ғана орта жолдан қосылып сын айтуға даяр «жазғыштардың» пікірінің өзектілігі төмендейді де, халық ғаламтордың құбылмалы және сәт сайын өзгеріп отыратын ақпарат сиқырының жетегінде кетіп қалмайды. – «Кім ақпарат иеленсе, сол әлемді иеленеді» дегенді сүйеніп, кейбір әкімдер жанына жақсы журналистерді топтастырып, ақпарат құралдары арқылы өзінің жақсы тұлға етіп көрсетуге тырысады. Осы мәселеге көзқарасың қалай? – Біздің заманымызда PR-менеджменттің ықпалы зор екенін мойындауымыз керек. Дегенмен, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін ескерер болсақ, халық бәрін біліп, бәрін көріп отырады. Оның үстіне заманымыздың тағы бір ерекшелігі адамдар тек көзбен көргенге ғана сенетін болған. Яғни, «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, қанша жерден мықты жарнама жасағанымен, жасалған жұмыстың рахатын халық көрмесе, істің игілігін жұрт сезінбесе, ондай PR-менежменттен не пайда? Әрине, кейде баспасөз хатшылары басшыларына жағыну үшін тым әсірелеп жатады. Меніңше, қанша жерден белсенділік танытқың келсе де, халыққа жететін ақпарат шынайы болуы керек. Бұл жағынан Дархан Амангелдіұлының ұстанған қағидасы бөлекше. Ол кісі халыққа ақпаратты әділ және дұрыс жеткізу керектігін айтып қадағалап отырады. Кейде сылдыр сөзге еріп, елдігімізге сынмен қараймыз. Қазақстан Республикасы сан соқпақты сүрлеуден өтіп, егемендікке шынайы бейнетпен қол жеткізді. Бодандықтың бұғауынан босаған кесілген біздің елде аз жылда серпінді қарқын, оңды өзгерістер орын алды. Әр жыл еншісіне үміт пен сенім толы нақты жоспар, тың бастамалар негізі құрылып, қим-қиғаш шаруалар атқарылуда. Бағытты бастамалардың бел-белесінде қай сала болсын өршіл қадамдар жасалды. Небары жиырма үш жылдың ішінде бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Еліміздің болашағы жарқын болсын десек, әрбір іске үлкен сабырмен қарауымыз керек. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз талай нәубет жылдарды басынан кешірген. Атам қазақ: «Құдай ақырын берсін!» дейді де, келер күннен тек жақсылық күтеді. Яғни, Қазақстанды айналасы ширек ғасыр уақыт аралығында қарыштап даму даңғылына бастаған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халықты үнемі сабырға шақырып, ұлы істер жолында бір болуы керектігін айтып отырады. Біз осыны құп алуымыз керек. – Келер күннен жақсылық күтетін халықпыз ғой. Еліміздің болашағын қалай елестетесіз? – Елбасымыз Ұлытаудағы сұхбатында: «Менің арманым, ойым Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан «Мәңгілік Ел» деген идеяны ұсындым – дей келіп, Қазақстанның болашағы өте жарқын! Біздің балаларымыз бен немерелеріміз бұдан да керемет елде өмір сүреді деп ойлаймын» – деді. Міне, көрдіңіз бе? Президентіміз: Қазақстанның болашағы өте жарқын! – деді. Бұдан артық не айтуға болады. Мен Президентке толық сенемін! – Болашақ арман-мақ­са­тыңыз осы мемлекеттік қызметпен байланысты ма? – Кейбіреулер «қызмет –қолдың кірі» деп жатады. Мен осы сөзбен мүлдем келіспеймін. «Қызмет – қолдың кірі» емес, басқа қонған бақ және үлкен жауапкершілік дегім келеді. Басты мақсат – тапсырылған істі тиянақты орындап, мемлекеттік қызметте белсенділік таныту. Еліміздің және Шымкент қаласының жан-жақты өркендеуі мен дамуына үлес қосу. Алдымызға қойған жүйелі жоспарлардың орындалуына қолтаңбамызды қалдырудан асқан үлкен мансап жоқ. Адамның өмірге келгендегі үлкен армандарының бірі еліне, отанының дамуына үлес қосу болса, мен сол арманға жету жолында жүрмін. Өз басым ұзақ мерзімді мақсаттар қойып, табандылықпен соған жетуге қалыптасқанмын. – Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, төртінші Қаратау ауданының пайда болуы шаһар дамуының жаңа кезеңі. Республикада үшінші қала статусын иемдену үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Қала әкімдігінің бұл саладағы жұмыс жоспары қалай? 2046 – Елбасы Оңтүстік өңіріне келген әр іс-сапарында Шымқаланың дамуы мен атқарылған істеріне егжей-тегжейлі мән беріп, түрлі салтанатты ашылуларға куә болып, қаланың әлеуметтік-экономикалық, индустриялық дамуына оң баға беріп келеді. Соның арқасында Шымкентті Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қала деп тануы тегіннен-тегін болмаса керек. Үкіметтің арнайы қаулысымен қаламыздың аумағының жаңа шекарасы айқындалып, қаланың даму жоспары қайта бекітілді. Бас жоспар аясында қала құрылысына да жанды өзгерістер енгізілді. Көптеген архитектуралық жобалар мақұлданып, қала халқы санының артуына байланысты көпқабатты тұрғын үйлер массиві қолға алынды. Бас жоспарға сәйкес Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарының қалаға іргелес жатқан 40 елдімекен және сондағы 150 мыңға жуық халық қала құрамына кірді. Шаһар аумағының ауданы 117 мың гектар жерге ұлғайтылды. Шымкент қаласының шешілмеген мәселелері бұрыннан бар болатын. Ал енді, жер аумағы мен халық санының ұлғаюымен олардың түрлі мәселелері қалаға қоса енетіні айтпаса да түсінікті. Тиісінше қала бюджеті де миллионды қала статусына сәйкестендіріліп, бөлінетін қаржы көлемі де артып отыр. Қала халқының тұрмыс-тіршілігі ыңғайлы, жайлы қалыпта болуы үшін, жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылуда. Коммуналдық қызмет, су, жарық, газ, жол мәселелері тиісті жоспарға сәйкес толықтай жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарына жаңа Қаратау ауданының қосылуы қаланың қарқынды стратегиялық дамуына үлкен жол ашатыны белгілі. Тарихшы-ғалым Бауыржан Байтанаевтың тың зерттеулерінде Шымкент қаласының тарихы 2000 жылдан асатыны дәлелденген. Әр жыл еншісіне үміт пен сенім толы нақты жоспар, тың бастамалар негізі құрылып, қым-қиғаш шаруалар қолға алынып, көптеген бастамалар жүзеге асырылуда. Яғни, қай жағынан алып қарасаңыз да Шымкент республикадағы үшінші қала атануға лайықты. Өйткені Шымкент қаласының әлеуеті жоғары, дамудың даңғыл жолымен жүріп келеді. – Әңгімеңізге рахмет!                 Сұхбаттасқан                 Еркінбек СЕРІКБАЙ