Беруші мен алушы жемқорлыққа мүдделі болса, онда бұл зұлымдық жойылмайды

Біз бүгінде азаматтар үшін сыбайлас жемқорлық барынша тиімсіз болатындай жағдай қалыптастыруымыз керек. Мұндай пікірді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов білдірді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.«Әралуан саладағы жемқорлық көріністерін саралай келе, біз, беруші де, алушы да мүдделі болса, онда бұл зұлымдықты жою мүмкін емес деген тоқтамға келдік. Сондықтан да, жемқорлық жолы тиімсіз болатындай жағдай жасауымыз керек», - дейді Фархат Қуанғанов «Нұр Отанның» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа Бағдарламасы жобасын жастар ұйымдары лидерлерінің талқылауына арналған жиында. Партия хатшысының айтуынша, осынау құбылыспен ұзақ күресе беруге болады. Дегенмен, ең оңтайлы жолы – себептерімен күресу. Сонда ғана іс жемісті болмақ. Сондай-ақ, ол, жастармен пікір алмаса отырып, елімізде әзірленіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық Стратегия мен партияның Бағдарламасын атап өтті. «Бағдарламалар мерзімдері бойынша үйлестірілген, алайда, әр бағытта жұмыс жасайды. Тіптен, кей тұстарында қағидаттық ерекшеліктерге ие. Өз кезегінде, «Нұр Отанның» басты ерекшелігі – бұл құбылысты тікелей құртып жоюдан бұрын, пайда болу жолдарына көп мән береді», - дейді Ф.Қуанғанов. Партия хатшысының пікірінше, сыбайлас жемқорлық мәселелері шетелдік сарапшылармен де бірнеше рет талқыланып, Норвегия, АҚШ сынды елдердің тәжірибелері назарға алынған. «Шетелдердегі жоғары оқу орындарында жемқорлық жоқ. Олардың студенттері ең алдымен, білім алуға ынталы. Ал біздікілер болса, диплом парағына ынталы. Өйткені, осының өзі автоматты түрде кәсіпке, жұмысқа жол ашады. Ал батыста болса, дипломнан бөлек, қандай да бір кәсіп немесе жұмыспен айналысу үшін лицензия алу керек. Оның өзінде әр үш жыл сайын оны қорғап қалуға тиіссің. Мұндай жағдайда, бағаға, дипломға ақша төлеу пайдасыз болып қалады», - деп түсіндірді Фархат Қуанғанов. Осылайша, тежеуіш фактор пайда болады. Яғни, оның негізінде бүтін бір мәдениет жасалып, жемқорлыққа нөлдік төзімділік ортасы қалыптастырылады. «Осы тәжірибенің бәрін зерттеп зерделей келе, партияның бағдарлама жобасында негізгі басымдық ретінде оған қарсы қоғамның барлық топтарын тартуға баса мән берілді. Яғни, жемқорлыққа әрбір азаматты тартпайынша, нәтижеге жету мүмкін емес. Бұл партиялық бағдарламаның негізгі ерекшелігі», - деп түйіндеді ойын партия хатшысы. Еске сала кетейік, бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жастар ұйымдары лидерлерімен кездесу өткізіліп, онда 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы талқыланды. Бұған дейін хабарланғандай, оны партияның Саяси кеңесінде қарастыру жоспарланып отыр. Бағдарлама жобасы бойынша партияның өңірлердегі филиалдарынан, сарапшы қауымдастық пен интернет қолданушылардан 800-ге жуық ұсыныстар түсті. BNews.kz