Қазақстанда алғаш рет постаматтар жұмыс істей бастады

Алматы қаласында уақыт талабына сай постаматтар жұмыс істей бастады. Мемлекеттік байланыс операторы Қазпошта өз клиенттеріне жаңа қызмет түрін ұсынады. Енді олар арнайы пошта қызметкерінің көмегінсіз заттарды тиісті мекен-жайға жөнелте алады, деп хабарлайды Kazakh.tv арнасы.

Бағдат Мусин «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы: - Мұның барлығы клиенттерге жасалып отырған жаңалық. Олар заттарды өз бетімен рәсімдей алады. Яғни, тауарға тапсырыс беріп, индекс пен телефон нөмірін жазады. Және сол постаматқа тиісті тапсырыс жеткізіледі. Тіпті ұялы телефонына СМС алдын-ала келіп, қай постаматқа түскенін хабарлайды. Постаматтар тәулік бойы жұмыс істеп тұрады. Бұл кәдімгі пошта қызметіне қарағанда анағұрлым арзанырақ. Дәл осындай тәсілмен автомат арқылы сәлемдемелерді де жіберуге болады. Бағдат Мусин «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы: - Экранда тариф бірден шығады. Клиент қолма-қол ақша салып немесе төлем карточкасы арқылы есеп айырыса алады. Бұл орайда кезекке тұрып, уақытын сарп етудің қажеті жоқ. Шынымен де жағдайды жеңілдетіп, салемдемелерді жіберіп-қабылдауға өте тиімді. Келесі жылдың соңына дейін елімізде дәл осындай 50 постамат іске қосылады. Бұл технология электронды сауда жақсы дамыған елдерде кеңінен қолданылып келеді. Шетелде постаматтарды пошта желілеріне орнатуды үкімет жүзеге асырса, бізде мұны пошта қызметі өз бетінше жасауды ұйғарып отыр. bnews.kz