Бас имамдар да жемқор бола бастаған ба?!.
2014 ж. 08 қыркүйек
3076
4
Ақмола облысындағы Бурабай аудандық мешітінің бас имамы Тоқсанбай Шәріповтың әрекеті жергілікті ақсақалдардың ашу-ызысын тудырып отыр. Бұл мәселенің ушыққаны сонша, тіпті имам мен ақсақалдар осы уақытқа дейін 4 рет сотта кездесіпті.
Тоқсанбай Шәріпов
Бірақ онымен ештеңе шешілген жоқ. Бұл жерде әңгіме ақша жымқыруға байланысты екен. "Біз имамның заңсыз әрекеттерін Бас мүфтиятқа дейін талай жеткізгенімізбен, одан да түк нәтиже шығар емес" дейді ақсақалдар.
Бурабай аудандық мешіті әу баста құрылысы аяқталмай 23 жыл тұрған деп хабарлайды КТК арнасы. Кейін елдің игілігіне жарай бастағанда күмбезі өртеніпті. Осындай жағдайларды бастан өткерген ел ақсақалдары енді басымыз дауға қалды деп отыр. Мешітте есепші болып жүріп, бірталай заңсыздықты көзіммен көрдім деген Есенбай ақсақал жаға ұстатар жәйттерді жайып салды.
"Мешіт жабдығына Қытайға Мүсенов Қазбек дегенді жіберді. 600 мың ақша түсті есепшотқа. Қытайға барып келді. Әкелген тауарына 10 есе баға қосып 595 мыңға шот берді", - дейді Бурабай аудандық мешітінің бұрынғы есепшісі Есенбай Құсайынов.
Осы сияқты құйтырқы әрекеттер туралы сотқа да, мүфтиятқа да шағым түсірілген. Алайда ақсақалдар енді тексеруге келетін комиссияның әділдігіне күмәнмен қарай бастады.
"1 ай дайындық қылады. Адамдарды үгіттейді. Әйел болсын, ер адам болсын, 1 жылқыны сойып тастайды. 200-300 кісіні тамаққа тойдырады. Комиссия содан кейін бұның сөзін сөйлейді. Келген комиссия ұрлығын жауып кетеді", - деп ашынады Щучье қаласы ақсақалдар алқасының мүшесі Қалиасқар Қиқарин.
Садақаның ақшасы мүлдем есептелмейді екен. Тіпті мешітке жұрттан түсетін қаржының қайда кетіп жатқанын ешкім де білмейді. Кейде ол жұмбақ жағдайда жоғалып та кетеді.
Мешіттің бас имамы арызданушыларды жала жапты деп сотқа берген. Оның айтуынша, ақсақалдар тырнақ астынан кір іздеп әуреге түсіп жүр. Әйтпесе, өз басым күнәдан тазамын дейді бас имам.
"Ақсақалдардың соншалыққа барғандығы, көшеде тұрған мешітке келуге шамасы жетпей, Омбыға барып менің тұрған үйімді суретке түсіріп әкелгендері бар. Енді не айтуға болады? Күлем де қоям", - дейді Бурабай аудандық мешітінің бас имамы Тоқсанбай Шәріпов. Ақсақалдар имамның мешіттен қырық қадам жердегі қазіргі зәулім үйін де көрсетті. Курортты аймаққа келгелі 5 жылда осындай үй салып, шетелдік қымбат көлік те мінген. Бұл жағдайдың бәрі жұрттың күдігін туғызып отыр.