Жетпіс жеті атамыз естімеген бұл сұмдықтың алдын алу үшін қатаң заң қажет. Біз мынаны түсініп алайықшы, мұндай індетті күш арқылы шешу (қуалап жүріп ұрып-соғу т.б.) еш мүмкін емес. Әдетте ондайлар өздерінің құқықтарын жақсы қорғай біледі, сауатты келеді. Олар таяқтан да, басқадан да қорықпайды. Шет елдердегі үлкен қарсылықтар осы сөзімізге дәлел бола алады. Керісінше, заң жобасын тыңғылықты әзірлеп, белгілі бір деңгейде күші бар құжат арқылы тәртіп орнатқан мемлекеттер бірталай бәленің алдын алып отыр.
Ресей мемлекеттік думасы гомосексуализмді насихаттауға қарсы заңды өткен жылы мақұлдап жіберді. Сол себепті бірқатар аймақтарда біржыныстылардың тарапынан қарсылық акциялары өтті. Десе де қазір тәртіп реттеліп келеді, себебі заң бар. Украина үкіметі аталмыш заңды 2012 жылы қабылдап қойған еді. Белоруссия үкіметі де аянып қалайын деп отырған жоқ. Қазіргі уақытта талқылау жұмыстары жүруде. Өзбекстан заңы да қатал. Ендігі кезекте Қазақстан батыл әрекет ете білуі керек.
Қарап отырсақ, бұл тақырып уақыт өткен сайын біздің елде де өзекті болып барады. Жағдай бұрынғыдай емес, өзгерді. Өзгергенде қалай өзгерді. Жарнама жұмыстарынан бөлек, балаларға күш көрсету арқылы арам ойына жету оқиғалары белең алды. Мұның бәрі де шектен шыққандықтан болып отыр. Енді ондайлар өздерінің лас саясатын жандандыра түсу мақсатында тұлғаларымыздың есімдерін пайдалана бастады. Осы себепті біздегі Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері елдің ішіндегі ахуалға назар аударып, нақты әрі батыл әрекеттерге көшу керек деп ойлаймын.
Осы ретте айта кеткен жөн, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бұл мәселені бірнеше жылдан бері бекерден-бекер көтеріп жүрген жоқ. Бірақ жалғыздың үні қайдан шықсын. Мінеки, бір уақыт назар салыңызшы:
- «Еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің үйленуі, бір-бірімен жыныстық қатынас жасауы – оның құқы дегенге қалай көнесің?! Францияда, сол сияқты әлемнің 11 елінде бұл сорақылық заңдастырылып кетті. Соның әсері бізге де жетті. Алматыда бірнеше гейклубтар бар. Астанада 4 гейклуб ашықтан-ашық жұмыс істеп жатыр. Облыс орталықтарында ашылуда. Өкініштісі, соған кіріп кеткен қазақ жастары да бар. Осының алдын алу үшін «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңға дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратқа тыйым салу туралы норманы енгізіп отырмыз әзірге. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Таяуда Мәжілісте Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы қаралды және мақұлданды. Мен сол кодекс жобасына екі ұсыныс бердім. Біріншісі – гейклубтардың қызметін бүкіл Қазақстан аумағында заңсыз деп танып, жабу, екіншісі – бір жынысты қатынастарға баратын адамдардың бұл әрекетін қылмыс деп қарау, соған байланысты жаза қолдану. Екеуі де өткен жоқ. Неге десеңіз, «халықаралық қауымдастық солай дейді, ЕҚЫҰ бұлай дейді» деген сылтаулар айтылды. Бірақ түбінде біз бұларды жабуымыз керек! Экономика сенің арыңнан, ұятыңнан, халқыңның дәстүрінен, келешек ұрпақтың имандылығынан қымбат емес! Ойлаңызшы, ер балаңыз ертең бір жігітті үйге алып келіп: «мынаған үйленем»,- деп тұрса, масқара емес пе?!
Мені қынжылтатыны – қазақ қоғамының салғырттығы. Осы мәселені ел болып, жұрт болып көтеру керек қой. Зиялы қауым нақты талаптар қойып, мәлімдеме жасаса, «Біз ұрпағымыз үшін алаңдаймыз»,- деп айқайлап тұрып айтса ғой. Оның орнына, «Бұл мәселені сіздер көтерген екенсіздер, жарайсыздар, қостаймыз» дейді де, қамсыз жүре береді. Рухани тазалық жолында ымырасыз күрес керек!»
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – адам баласының болмысына жат мұндай әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қойылмаса береке-бірлігіміз ыдырап, саламатты, бай-қуатты ел болудан қаламыз. Олай болмасын десек заң керек. Құр сөз емес, нақты әрекеттердің уақыты келді, ағайындар!
Азамат БИТАН,