Қазақстан жұлдыздары Германияға үміт артуда

 11.07.2014 17:06:54

Әр төрт жыл сайын өтетін футболдан Әлем чемпионатының ақтық мәресі биыл 13 шілдеге түсіп отыр. Финалға шыққан Германия мен Аргентина командалары жексенбіден дүйсенбіге қараған түні бақ сынасады. Бірнеше күн ұйқыларын бөліп, матчты бақылаған отандастарымыздың ішінде елге танымал тұлғалар да бар. Кімнің қандай командаға жанкүйер болатындығын Almaty.tv тілшісі анықтаған болатын.

 “Қазақ үні” газетінің президенті Қазыбек Иса: Әлем чемпионатында Германия командасына жанкүйер болып отырмын. Немістер осы уақытқа дейін бірнеше рет финалға шыққан болатын. Бірақ, жеңіске жете алмаған. Осы жолы Аргентинамен ойнағанда, ұтысқа жетеді деген ойдамын. Есепке келер болсақ, менің ойымша Германия қақпаға 1 доп артық соғады. Ал осыған дейінгі матчтарда Бразилияға, одан кейін Голландияға жанкүйер болғанмын.

 Евгений Жагалтаев, әнші: Мен Қазақстан құрамасының жанкүйерімін. Бірақ өкінішке орай, ол ФИФА-ға өтпеді. Бірнеше жылдан кейін міндетті түрде қатысатынына сенемін. Сол кезде футболдан әлем чемпионатына барып, қазақ футбол командасына жанкүйер боламын.

  Спорт журналисі Амангелді Сейтхан: Әлем чемпионатында финалға Германия мен Аргентина шығады деп күттік. Екі команда да топты жарып шықты. Германия өте мықты команда. Аргентина командасында Месси бар. Бірақ Аргентина командасының бір ерекшелігі: өзі ойнамайды және өзгені ойнатпайды. Сол себепті, қосымша уақыттарда доп қақпаға кіруі де ықтимал. Ал мен екі команданын да жанкүйері емеспін.

 Зарина Омарова, әнші: Мен өзімнің жұбайым жанкүйер болатын командаға дауыс беремін. Негізінен маған Манчестер ұнайды. Менің сүйікті командам жеңіске жетеді деген ойдамын.

 Естеріңізге сала кетсек, 8 нен 9 шілдеге қараған түні Германия 7:1 есебімен Бразилияны жеңген болатын. Ал Аргентина құрамасы Нидерланд командасын пенальтиден 4:2 есебімен ұтып, финалға шықты.

Меруерт Сағымхан

http://www.almaty.tv/kz/