Бір жыл бойы күңдікте болған әйел тұтқыннан қашып шықты
2014 ж. 11 шілде
1374
0
Қарағанды облысында әлі күнге дейін күң мен құл ұстайтын қазіргі заманның феодалдары табылды. Елена Сычева есімді әйел бір жыл бойы бір қыстақта құлдықта болғанын айтады.
Әйелдің сөзіне қарағанда әлдекімдер оны қорқытып, ауыр жұмысқа жегіп қойған көрінеді. Ал жергілікті полиция мұның бәрінен хабардар болып шыққан. Елена Сычеваның қазіргі тұрағы - айдаладағы осы орманшының үйі. Екі қабат әйел бұл жерді 4 ай бойы паналап келеді екен. "Алайда бір жыл қорлық пен лас жұмысқа салған қыстақтағы үйдің жанында бұл жұмақ", - дейді әйел.
Айтуынша, ол жаққа Елена үй шаруасын істеп, азын-аулақ ақша табамын деп алданып барған. "Жалақы төлейміз деген. Қайдағы? Олар өзімді ұрып, қолымнан келмейтін ең ауыр жұмысты жүктеп қойды. Ал кетейін десем, орманда қасқырлар бар деп шошытты. "Қашатын болсаң соларға жем қыламыз деп", - дейді қазір бостандыққа шыққан әйел. Бір жыл дегенде әрең бостандыққа шыққан соң Елена дереу полицияға хабар беріпті. "Өйткені онда күңдікте жүрген басқа да әйелдер бар", - дейді. Ал Ақтоғай ауданына барып, бәрін өз көздерімен көріп қайтқан тергеушілер ешкімді жазаламай қайтып кетсе керек. Ал полицейлердің сөзіне сенсек, тергеу жүргізілген, бірақ өтініште жазылған фактілер расталмаған. "Тергеу алды тексерісте өтініштегі деректер расталмады. Соған сәйкес, қылмыстық іс қозғалған жоқ. Материалдар шешімнің дұрыстығын тексеру үшін прокуратураға жіберілді", - дейді полицияда. Елена Сычева өзін бейбіт күнде күң қылған адамдарды жазаласын деген ниетпен прокуратураға да шағымданған. Өйткені оған болысар басқа ешкім жоқ. Құжаттарын жақында ғана жасатыпты.
Ал бірер аптадан кейін ол өзін зорлаған адамнан көтерген баласын дүниеге әкеледі. Алайда әйелдің қорлықпен бойға біткен нәрестені туған кезде орайтын жөргегі де жоқ. "Сондықтан кез келген көмекке разы болар едім", - дейді ол.
7 арна