Масаң қыз Бақтиярды балағаттап, қол жұмсаса да чемпион сабыр сақтаған...

 Куәгерлер: "Бақтияр қызға қол көтерген жоқ!"

Астана. 5 шілде. Baq.kz – Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қызға қол көтерген жоқ. Астанадағы Fashion түнгі клубының қарауылдары Vesti.kz порталына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Ал, боксшының өзі болса бұл даулы мәселеге қатысты 8 шілде күні баспасөз мәжілісін өткізіп, мән-жайды айтып бермек. Бақытжан Юсупалиев сол күні түнгі клубты күзеткен қарауылдардың бірі. Оның айтуынша, Бақтияр осынау орталыққа достарымен бірге сағат 10-11 шамасында келген. "Бұл кезде біз енді ашылып жатқан болатынбыз. Залға адамдар тола бастады. Бір кезде бойжеткендердің бірі Бақтиярдың артынан барып, сөйлеп жатқанын байқадым. Қыздың түрі таныс, бұрындары да көргенмін. Алайда, оларға мән берген жоқпын, жай таныстар шығар деп ойладым. Араға біраз уақыт салып далаға шыққанымда әріптестерім әлгі бойжеткеннің дау-дамай шығарғанын айтты" дейді түнгі клуб күзетшісі. бақтияр артаев  Ал, екінші қарауыл Ертуған Бижанов болса Айсұлу Ибрашева мен Бақтияр Артаевтың арасында не болғаны есімде жақсы сақталып қалды дейді. Оның айтуынша, боксшыға бойжеткен балағат сөздер айтып, мазасын алған. "Біздің қызметкерлер кейін ол қыздың Бақтиярды тепкендігін айтты. Ал, ғимаратты тастап шыққан кезде артынан барып тағы ұрды. Айғайлап балағаттағаны тағы бар. Кейін жігіттердің бірі келіп бойжеткенді ішке қарай алып кетті. Ал, Бақтияр өз жолымен қайтты. Біз БАҚ беттерінде шығып жатқан ақпараттарды көріп, жағамызды ұстадық, Бақтияр қызға мүлдем қолын көтерген жоқ. Ұрған болса көретін едік қой. Оның үстіне бойжеткен масаң күйде еді. Шынымды айтсам, ондай балағат сөздерге мен шыдай алмас едім, бұрын мұндай жаман сөздерді естімегенмін. Ал, Бақтияр сабыр сақтады. Боксшыны қорғап тұрғаным жоқ, ол маған ешкім емес. Мен тек болған жайтты айтып отырмын" дейді ол. baq.kz

*Тақырып өзгертілді