Психолог Астананың бала психологиясына оң әсер беретінін айтты
2014 ж. 04 шілде
2123
1
Астана бала психологиясына да оң әсер береді. Бұл туралы BNews.kz-ке берген сұхбатында Ақтөбе қаласының психолог-педагог маманы Анара Нұрмағанбетова мәлім етті.
"Баланың арманы алып шаһарлармен де байланысты. "Ана қалаға барсам, мына қалаға барсам" деп бөбектер жиі айтады. Бұрын бүлдіршіндерден әлемге әйгілі шетелдің шаһараларының, елімізден Алматы қаласының атын жиі еститінбіз. Қазір олар бас қаланы мақтан тұтады", -дейді Анар Нұрмағанбетова.
"Түрлі тақырыптарға суреттер салғызсақ та, Астананың бір бейнесін шығармаларына қосып қояды. Бәйтерек болсын, Хан шатыры болсын. Бала жүрегі армандарының орындалуын Астанамен байланыстырады. Мақсаттарына да жол ашатын осы шаһар деп біледі", - деп ойын жалғастырды психолог маман.
Психологтың пікірінше, Астананың атының өзі бала тәрбиесіне жақсы әсер етеді. Мысалы, ата-аналардың көбісі "ақылды болсаң, айтқанды тыңдасаң, бұзық болмасаң" тағы басқа талаптар қоя отыра, бүлдіршінін Астанаға апаруға уәде береді екен.
Маманның бұл пікірін білмекке Ақтөбедегі "Өрлеу" орталығының оқушылары арасында сауалнама жүргізіп көрдік. "Астанаға барып көргенім жоқ. Онда менің екі ағам оқып жатыр. Әкем озат оқушы болсаң, жазда апарам деген. Биыл бірінші класты бітіріп, мақтау қағазын алдым. Әкем отпуск алса, жақында барамыз. Ұшқыш болғым келеді. Астанаға ұшақпен баратын шығармыз", - дейді Мансұр Шортай есімді оқушы.
"Астанаға барсам, Бәйтерекке барам. Аспаннан қарағым келеді қаланы. Өскенде президент боламын. Сосын Астанаға каникулда емес, үнемі барып тұратын боламын", - дейді Ақерке Мұратова есімді балғын.