150 теңге төлей алмаған оқушыға сыныптастары жәбір көрсеткен

Елімізде жыл басынан бері оқушылардан ақша жинау фактісі бойынша мыңнан астам ата-ана шағым түсірген. Ал мектеп директорлары құдды бір қаражат жинаушы менеджерлерге айналған.

Астанада депутаттар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері бас қосып, осындай мәлімдемелер жасады. Білім беру жүйесіндегі жүгенсіздіктер "Нұр Отан" партиясының бас кеңсесінде сөз болды.

Фото: vesti.kz
Фото: vesti.kz

Демалыс уақыттары жақындап қалса да, депутаттар бұл өзекті мәселелерді бір пысықтап алуды жөн санапты. Себебі, соңғы кездері еліміздегі мектептерде оқушылардан ақша жинау қалыпты жағдайға айланып кетті.

"Ал мектеп директорлары құдды бір қаражат жинаушы менеджерлер тәрізді", - дейді депутаттар. Халық қалаулыларының бұл сөздерін қоғамдық бірлестік өкілдері де қолдап отыр. Себебі, әжетқана қағазы, бор, еден сыры немесе мектеп перделеріне қаражат жинау оқушыларының міндетіне кірмейді.

"Біздің "150" жедел желімізге өткенде бір қыз бала қоңырау соқты. Оның айтуынша, ата-анасы ай сайын кабинет тазартатын қызметшіге 150 теңге төлеуге жағдайы келмей, ақша бере алмаған. Сосын оны өз сыныптастары ауызына шүберек тығып, "ақша төлемесең өзің тазала" деп жәбір көрсеткен. Осындай жайттарды болдырмау үшін мектепте ақша жинауды доғаруымыз керек", - деді "Дағдарыс орталығы" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова.

Ата-аналар тарапынан соңғы 5 жыл ішінде осы іспетті шағымдардың милионнан астамы келіп түсіпті. Тек осы жылдың өзінде мыңнан астам ата-ана мәселелеріне араша түсуді сұраған.

Сондай-ақ депутаттар ҰБТ төңірегіндегі түйткілдерге де тоқталды. Мәжілісмен Камал Бұрхановтың айтуынша, тест тапсырушы түлектерге кәсіби деңгейде психологиялық көмек керек.

"Келесі жылы ҰБТ дайындалғанда біз жастарға түсіндіруіміз керек.  Ол ақырзаман емес. Одан кейін де өмір бар. Оның шешетін ештеңесі жоқ. Биыл болмаса келесі жылы. Жол ашық. Ешқандай құлады, өлді енді әрі қарай өмір жоқ деген әңгіме болмау керек", - деді мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар мектеп оқушыларының ата-аналарына Қазақстанның кез келген аймағында "150" деген нөмірлі тегін жедел желі қызметі бар екендігін айтып отыр. Яғни ата-аналар немесе оқушылар осы нөмірге хабарласып, білім ордаларында болып жатқан жүгенсіздікке араша түсуін сұрауға болады екен.

7 арна