Ақпарат саласының үздіктері мен "нұрсұңқарлық" жеңімпаздар марапатталды

                                 Ақпарат үздіктері 26 маусым күні  Астанадағы Astana Music Hall мейрамханасында Баспасөз күніне орай дәстүрлі «Нұр Сұңқар» республикалық конкурсы жеңімпаздарын жариялау биыл Байланыс және ақпарат агенттігінің алғаш рет өтіп отырған «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі  иелерін марапаттауымен бірлесіп өткізілді. Аталмыш шараға республикалық және аймақтық БАҚ бас редакторлары мен журналистері, баспасөз хатшылары, мемлекеттік ұйымдар өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен ҚР Парламентінің депутаттары және «Нұр Отан» партиясының мүшелері қатысты. Салтанаттың ашылуында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасы Асқар Жұмағалиев сөз сөйледі. Б.Байбек «Бүгінде бір де бір реформа, бір де бір ел тағдырындағы маңызы зор шешімдер  БАҚ насихаттауы мен талқылауынсыз іске аспайды. Біз азаматтық бастамалардың дамуы, қоғамдық бірлестіктердің кең мағынадағы диалогы, қоғамдық бақылауды нығайту үшін жағдай жасауымыз қажет» десе, А.Жұмағалиев: «Қазақстан медианарығы кейінгі жылдары көптеген игі өзгерістерді бастан өткеруде. Сондықтан әр белес сайын бәсеке мен кәсіптік шеберліктің де өсіп, дами түсетіні айқын»-деді. «Нұрсұңқарлық»  бәйге жеңімпаздары 7 аталым бойынша марапатталып, 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды: 1.«Сөз шебері» аталымы – ең үздік газет журналисі - Сүлеймен Мәмет, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы; 2. «Ерекше пікір» аталымы - ең үздік телевизиялық журналист - Майя Бекбаева, «Жетінші канал» телеарнасы «Другими словами» сараптамалық қорытынды бағдарламасының жүргізушісі; 3.«Медиа-профи» - аталымы – ең үздік ақпараттық агенттік журналисі - Анар Базмухаметова, «Bnews.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы; 4.«Аймақ айнасы» аталымы – ең үздік өңірлік тілші - Гүлзина Бектас, «Айқын» газеті руханият, әлеумет бөлімінің редакторы; 5. «Көзқарас» аталымы бойынша – ең үздік блогер болып - Өркен Кенжебек пен Яков Федоров бәйгені бөлісіті; 6.«Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» аталымы - Нұржан Мұхамеджанова, Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы; 7.«Партия қызметі туралы ең үздік материал үшін» аталымы - Ольга Цой, «Хабар» телеарнасының шеф-редакторы және «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі.   Сондай-ақ салтанатты рәсім үстінде ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің «Ақпарат саласының үздігі» төлбелгілері тұңғыш рет  табыс етілді. Құрметті белгінің иегерлері болған ақпарат саласының үздің журналистері: 1. Иса Қазыбек - «Қазақ үні» газетінің президенті; 2. Лейла Қазиақпарова – жүргізуші, «Астана» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі; 3. Зарина Бахтиева - «Казконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары; 4. Наталья Абсалямова - «Экспресс К» газетінің арнайы тілшісі; 5. Юрий Тё – «Хабар» агенттігі АҚ техникалық дирекциясы Бейнемонтаж бөлімінің бастығы; 6. Максим Попов – Астана қаласындағы «Tengrinews.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі; 7. Мейіржан Жиенали – «Қазақстан» РТРК АҚ ақпараттық бағдарламалар дирекциясы «Апта KZ» бағдарламасының жүргізуші-редакторы; 8.Вячеслав Пащенко - «Interfax.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы; 9.Александр Аксютиц - «24kz» телеарнасының директоры; 10. Қошан Зарлы - «Қазақ радиосының» әдеби жүргізушісі. Мерекелік  кеште қазақ домбырасынан күй күмбірлеп, эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Қазыбек-фото-1 Салтанатты жиында жуырда құрылған Байланыс және ақпарат агенттігінің  алғаш рет беріліп отырған «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің алғашқы иегері, «Қазақ үні» ЖШС президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйледі: - Байланыс және ақпарат агенттігі мен «Нұр Отан» партиясына бүгінгідей журналистер мерекесін ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз.Сіздерді  Бұқаралық ақпарат құралдары күнімен құттықтаймын!  Алаш көсемі, қазақ баспасөзінің бастауында тұратын Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың  көзі, құлағы және үні»-деген болатын. Ал Алаш арысы Міржақып Дулатұлы: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» дейді. Бұл ұлылардың ұлағатты сөздерінің мән-маңызы бүгінгі Алаш арманы – Тәуелсіз Қазақстанда одан сайын арта түспек. Ендеше әрбір баспасөз елдің, мемлекеттің, ұлттың дауысы -  Қазақ үні болып, алдарыңнан әрдайым Ақ жол ашыла берсін деп тілеймін!  Ақпарат әлемінде Кәсіптік мерекелерің – нәсіптік берекеге айналып, жұлдыздарың жарқырай берсін!»- деп әріптестерін құттықтап, ақ тілегін ақтарды. Біз "Қазақ үні" газеті жетекшісі Қазыбек Иса мен  жалпы әріптестерімізді марапат-сыйлықтарымен  құттықтай отырып,  еңбекте зор табыстар тілейміз!

Азамат Тасқараұлы,

qazaquni.kz