Күйеуге шығудың жолдары
2014 ж. 24 маусым
5087
5
«Азаматтық неке» деген сөзді естіген кезде біздің төбе шашымыз тік тұратыны рас. Әрине, аты құлаққа жағымсыз естілетіні де белгілі. Арамызда «азаматтық некеде» тұрып бағы ашылып, бақытты ғұмыр кешіп жүргендер де қаншама. Ал, осы некенің кесірінен сан соғып етегі жасқа толып еңіреп қалған қара көзді қыздарымыз да кездеседі. Осындай жағдайдың бірі менің жақын құрбымның басынан өтті. Осыдан бір жыл бұрын көрген кезде, ол бір жігітпен бірге тұрып жатқанын айтқан еді. Бақыттан басы айналған бейбақ қыз, бәрімізді де ұмытып, араласудан да қалған болатын. Оның көзіне жігітінен басқа ешкім де көрінбеді. Құрбымның «азаматтық некеде» тұратынын тек біз ғана білетінбіз. Ал, ол өзінің туыстарына бұл жағдай туралы айтпаған еді. Мен сол кезде үйіндегілерге ашып айтуын, қаншама рет өтіндім. Бірақ, ол мені тыңдамады. Жұмған аузын ашпады. Ол өзінің қиялындағы бақытты өмірінде шалқып жүре берді. Құрбымның өмірін естіген кезде, тура бір ертегі естігендей күй кешетінмін. Сөйтсем, тек кітаптағы ертегінің ғана соңы жақсылықпен бітеді екен. Ал, шынайы өмірде олай болмайды екеніне көзім жетті. Олай дейтін себебім, көшеде кетіп бара жатып, өзінің қиялындағы бақытқа масайрап жүрген құрбымды көріп қалдым. Бұрынғы бал-бұл жайнаған реңі, солғын тартқан. Мөлдіреген екі жанарына мұң басқан. Тығыршықтай топ-толық құрбымның құр сүйегі ғана қалған. Бір нанды бөлісіп, тай-құлындай тебісіп өскен жолдас қызымды әзер дегенде таныдым. Адамның бет-әлпеті өзгергенімен де, оның жүрісі еш өзгермейді екен. Жүрісінен бірден таныдым. Құрбымның бір аяғын сылтып басатыны бар-тын. Көшеде артынан атын атап айқалап, соңынан жүгіріп-жүріп зорға дегенде тоқтаттым. Сағынғаным соншалықты мен оны қапсыра құшақтай алдым. Оны құшағыма қысқан бойда бір 10-15 минөт тұрсам керек. Сағынбай қайтемін енді. Құрбымды көрмегеніме де екі жылдың жүзі болыпты. Жерден алтын тапқандай, менің екі езуім құлағыма жетіп мәзбін. Ал, құрбымның мұңға толы екі көзі, жасқа толып мөлдіреп тұр. Оның жүзіне қараған менің де өңім қуарып кетсе керек. Сасқанымнан не дерімді білмей «жаным-ау, не болды» дей беріппін. Сырласатын жақыны қалмаған құрбым мені құшақтай өксіп жылап жіберді. Оған басу айтып, көшенің бойында тұрған бір асханаға кіріп отырдық. Су ішіп, өксігін басып, сабырға келген құрбым, өзінің басынан өткен оқиғасын баяндап берді.
«Е, бәрін айт та, бірін айт» демекші, бой жеткен қыздың «сұңқарым деген жігіті, сұмырай» болып шықса, одан асқан бақытсыз жан болмасы анық. Құрбымның да, жігіті жатып ішер масылдың бірі екен. Бес жыл бірге тұрып үйленеміз деп алдап келген екен. Алдаған былай тұрсын, барын сыпырып, тазға отырғызып, қара жерді сипалатып та кетіпті. Жігіт сымағы, есірткіні серік етіп, ал құмар ойынды ермек етушілердің қатарында болыпты. Байғұс қыздың тапқан табысын, бар алтынын сыпырғанымен қоймай, банктен бір емес бірнеше несие де алдыртып тайып тұрыпты. Басына түскен бұл қайғысын үйіндегілерге айта алмай, уайымға салынып жүргені байқалды. Әрине, қалай айтады... Олар не ойлайды. Жастайынан тәкаппар, көрікті қыз болатын. Алдына келген көк аттыны менсінбей, мұрнын шүйіріп жүрген хас сұлулардың бірі еді. Құрбымның басынан өткен жағдайды естіп, менің көңілім су сепкендей басылып, қалың ойға орандым. Себебі, мен де тұрмысқа «азаматтық неке» арқылы шықтым. Мұны неғылайын жасырып. «Азаматтық неке» бәріне бірдей бақыт әкеледі деп ойлаушы едім. Сөйтсем, менің бұл түсінігім қате екен. Біреуге бақыттты ғұмыр болып жалғасса, ал екінші бір адам үшін орны толмас оқиғамен аяқталатынын аңғардым.
Адам жүретін ұзын жолға түсіп, келе жатырмын. Қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін. Менің құлағымнан құрбымның айтқан сөздері, көз алдымнан оның солғын тартқан жүзі кетер емес. Екеуміздің балалық шағымызға да саяхат жасадым. Уайымсыз-қайғысыз кешкен күндерді еске алып, екі көзге ерік беріп келемін.
Ал, енді өзімнің басымнан өткен оқиғаға келер болсам, менің өмірім мүлдем басқаша өрбіді. Себебі, мен ұнатпайтын адамды ұнаттым. Туған сіңілімнің қайнағасына ғашық болдым. Ол да маған ынтық еді. Алғашқы кезде екеуміз бір-бірімізге деген махаббатты жасырып келдік. Жалындаған отты қанша өшіруге тырысқаныңмен, оның ұшқыны ұша береді емес пе?! Сол секілді, біз де бір-бірімізге деген сүйіспеншілікті өшіруге тырыстық. Бірақ, онымыздан ешқандай да нәтиже шықпады. Махаббатымыз күнен-күнге жалындай берді. Бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын халге де жеттік. Менің сүйген жігітім бұрын үйленіп ажырасқан екен. Бірінші әйелімен сегіз жыл тұрып, бала сүймегендіктен ажырасыпты. Ал, ол әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығып, бала босанып алған көрінеді. Бар кінәрат өзінен екенін білген жігітім аздап араққа сылқия тойып алатыны да бар еді. Содан не керек, күндердің бір күнінінде ата-анам, бауырларым, туыстарым екеуміздің арамыздағы ғашықтық сезімін аңғарып қалса керек, үйдегілер екеуміздің бірге болуымызға қарсы болды. Мені жігітімнен бөлек алып кету үшін жасамағандары да жоқ. Олар қанша тырысып-тыраштанғанымен ешнәрсе өзгермеді. Керсінше, біздің бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз арта түсті. Осындай жанжалдың кезінде мен жігітімді шақырып алып әнгімеге тарттым. «Екеуміздің туыстарымыздың арасындағы араздықты көріп отырсың. Енді арты не болар екен деп, сын көзбен қарап, мысқылдап отырғандар да жетерлік. Мен ешкімнің айтқанымен жүрмеймін. Сені өмірлік серігім деп сенің етегіңнен ұстағандықтан, барлық қиындыққа төтеп беруге дайынмын. Біз бірінші бірге тұрайық» деп кесіп айттым. Жігітіме де сол керек болса керек, ол да бірден келісе кетті. Үйге бардым да, керек-жарағымды жинадым да ата-анама «мен жігіттімен қол ұстасып кетіп барам» деген бір ауыз сөзді айттым да шығып кеттім. Менің туған сіңілім, өзінің қайын жұртынан ұялды ма, әлде оның ойы басқа ма еді, менің жүзімді көрместей, айтпаған сөзді айтып қалды. Сіңілім екеуміз үш жылдай көшеде я болмаса, жиында бір-бірімізді көрсек, танымаған адамдай кейіп танытып кете беретін де болдық. Алғашқы кездері, жүрегім сыздап қатты қиналатынмын. Уақыт өте оған да үйреніп кетеді екенсін.
Содан не керек, алғашқы кезде екеумізде қатты қиналдық. Ал, ол болса менің бойымнан бірінші әйелінің бойындағы қасиетін іздей бастады. Екеумізді салыстыруы да жиіліп кетті. Шарадай басым, шақшадай болды. Не істерімді білмей дал болып жүрген кезде нағашы әпкем, әрі сырласым үйге келіп қалды. Оны көріп өкіріп жылап жібердім. Бірге тұрғанымызға алты ай болса да құрсақ көтере алмай қиналып жүрген де болатынмын. Мені тыңдап отырған әпкем ұзақ ойланып отырды да, «сен осы жігітке заңды түрде тұрмысқа шыққың келеді ма?» деп төтесінен сұрақ қойды. Сасқанымнан біресе «білмеймін», біресе «иә» деп басымды шұлғи беріппін. Сонда әпкем, «онда ертең дәрігерге барып көрінеміз. Таңертең дайын отыр» деп айтты да кетіп қалды. Сол кісінің айтқандарының бәрін, бұлжытпай жасап жүрдім. Дәрігерге қаралып, жігітім екеуміз де емделдік. Ақырындап мен оның бірінші әйелі емес екенімді өзімнің әдемі қылықтарым арқылы түсіндіре бастадым. Оның алдында өзімді тәкаппар, әрі ерке қыздай наздана түстім. Жұмыстан келген кезде дәмді тамағын дайындап, бар әдемі киімімді киіп, әтірімді сеуіп мойнына асылып қапсыра құшақтап ұзақ тұратынмын. Дастарханға отырғызған бойда аузына дәмді-тағамды өз қолыммен салып отыратынмын. Оған менің еркелігім және оны жас баладай алақаныма салғаным қатты ұнады. Сөйтіп, екеуміздің бақытқа толы өміріміз басталды. Дегенмен де, Алла тағалам менің көз жасымды көрсе керек. Көп кешікпей, аяғым ауыр болды. Күнделікті жұмысынан келген жігітімді ерекше дастарханмен, ерекше көңіл-күймен қарсы алдым. Оған астарлата отырып нәрестелі болатынымызды айтқан кезде, оның қуанғанын көрсеңіз шіркін...
Бұл кез менің өмірімдегі ең бір бақытқа толы кез болды. Себебі, мұның арты не болар екен деген қорқыныш сезім де болмады емес. Болды. Жігітім баланы алдыртып таста деп айтса не істеймін, туыстарыма не айтамын деп те қорыққаным рас. Менің қорқынышым бос әурешілік екен. Жігітім бұл қуанышты хабарды ести сала, тойдың қамына кірісіп кетті. Екеуміз отбасын құрып, бүгінгі күні екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. «Азаматтық неке» арқылы бағым ашылған нәзік жанды қыздардың бірімін. Өміріңді жақсы арнаға бұрып, өзгерту өз қолыңда екеніне көзім жетті. Менің құрбым секілді, жан баласына тіс жармай, өзіңнің қиялыңдағы бақытқа масайрап жүре беруге болмайды. Бақытың үшін күресіп, кездескен барлық қиындыққа төтеп беру қажет. Ата-анаң, ағайын-туыс бәрі де сенің азаматтық некеде тұрып жатқаныңды білгені жақсы. Сонда ғана жігіт саған өзінің көңілдесі ретінде емес, өмірлік жарым, балаларымның анасы деп қарайтын болады.
"Алаш айнасы", Ақшолпан, Алматы қаласы