Атақты гитарашының әйелі мен балалары Қазақстанға самоктпен қашып келген

Ресей эстрадасының жұлдызы, танымал гитарашы Валерий Дидюляның жұбайы еліміздің шекарасын заңсыз бұзғаны үшін ұсталды.

Ерінен ажырасқан келіншек екі баласымен Тәжікстанға өтпек болыпты. Астықты алқаптың арасында "самокатпен" келе жатқан үшеуін солтүстікқазақстандық шекарашылар көріп қалып, қолға түсірген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Әйгілі гитарашы Валерий Дидюля 1999 жылы Ләйлә есімді тәжік қызымен көңіл қосқан оның қазір бір ұл, бір қызы бар. Алайда екеуінің дәм-тұздары жараспай, 2005 жылы ажырасқан екен. Содан бері балалары атақты әкелерін тек теледидардан ғана көреді.

"Балалардың оқуы, киімі мен тамағы толығымен менің мойнымда. Ажырасқан соң ол маған не ақшалай, не өзгелей көмектеспеді. Балалар да әкелеріне ренжіп жүр. Алимент үшін бірнеше жыл соттастым. Бірақ нәтиже жоқ", - дейді Валерий Дидюляның бұрынғы әйелі Ләйлә Хамрабаева.

Жұлдызды әкенің отбасына көмектеспегені былай тұрсын, әйеліне екі баласын Ресейден сыртқа шығаруға сот арқылы тыйым салдырыпты. Тәжікстандағы әке-шешесінінің қолына баруға қамданған келіншек еліне Қазақстан арқылы жетпек болған.

Пойызбен Петропавлға келгенде, мұндағы шекарашылар оны вагоннан түсірмей қойыпты. Амалы құрыған әйел Ресейдің елімізге ең жақын Есілкөл деп аталатын бекетінен түсіп, Қазақстанға қарай астықты алқаптың арасымен жаяу тартқан.

Еліміздің шекарашылары ұсталған бұл үшеудің эстрада жұлдызының туысы екенін білгенде жағаларын ұстапты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар әйгілі гитарашының әйелінің ісін аудандық сотқа жіберген.

Аудандық сот Ләйлә Хамрабаеваға шекара бұзғаны үшін 75 мың теңгедей айыппұл салды. Енді ол он күн ішінде елімізден кетуі тиіс. Айыппұлды сол күні-ақ төлеген келіншек қазір Алматыға кетіпті. Сол жерден балаларымен бірге отаны Тәжікстанға ұшпақшы.