Қазіргінің қыздары...
2014 ж. 23 маусым
11912
1
Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовқа көзі тірісінде «XXI ғасырдың қыздары туралы пікіріңіз қандай?» деген сұрақ қойып, қарт қаламгердің пікірін білген едік. Әлдеқашан бақилық болған әз ағаның қазіргі қазақ қыздары жайлы айтқан толғамын ұсынып отырмыз.
Әзілхан Нұршайықов:
- Қазіргі қыздардың түрі, түсі бұрынғы ғасыр қыздарына ұқсағанымен бұлар ұлттық үлгіден ауытқып бара жатыр. Қазір көптеген қыздар ана тілінен алыстап, ұлттық дәстүр, салт-санадан мақұрым болып барады. Олар үйде де, көшеде де, аудиторияда да, мекемеде де қазақша сөйлеспейді. Қазақ кітаптарын оқымайды. Радио, теледидардың қазақ тіліндегі хабарларын тыңдамайды. Қазақ тілінде ән салынып, қазақ күйлері тартылып жатса, ол каналды өшіре салады. Қазақтың тамаша ұлттық салт-дәстүрлерінен мүлде хабарсыз. Оны білгілері де келмейді. Бір сөзбен айтқанда қазіргі қазақ қыздарында ұлттық рух жоқ.
Қазіргі қыздар тым сәнқой. Сәнқойлығы сондай, көп қыздар жазда жалаңаш (ашық-шашық деген мағынада), қыста жалаңбас жүреді. Жылуы жоқ жұқа бешпет, капрон шұлық киіп, қалтырап сабаққа не қызметке барады. «Қарағым-ау, бүйтіп жүріп денсаулығыңды жоясың ғой!» дегің келеді оларға. Жоқ, оларға денсаулық емес, сән керек. Санасын сән билеп кетсе, не дерсің оларға?!
Қазіргі қыздар тарқылдап күледі, қайқаңдап жүреді. Үлкендерге ізет жасауды білмейді – ұлттық сыпайылық жоқ.
Қазіргі көп қыздар жігіттермен көшеде сүйіседі, көз таса жерде — «құлай» кетеді – ұлттық ұстамдылық жоқ.
Қазіргі көп қыздар пәктігін сақтамайды. Пәктігі жоқ қыз байға тигенде бақытсыз болатындарына мән бермейді. Пәктігінен ерте айрылған қыз салдақы болады. Салдақыдан сарамас туады. Ұлт ұрпағы осылай азады.
Қазіргі көп қыздар махаббатты мансұқ етті. Көшеде сүйісе салып, күйеуге шыққан қыз алты күннен, немесе алты айдан кейін ажырасып тынады. Қайтадан қылмыңдап, «қыз» бола қалады.
Қазіргі көп қыздар күйеуге тисе, бір баладан артық көтермейді. Сонда ұрпақты кім жалғастырады, ұлтты кім көбейтеді?
Қазіргі кейбір қыздар жас кезінде жүргіш болғандықтан ұлғайғанда жалғыз қалады. «Кәрі қыз» атанып, өксікті өмір өткізеді. Ондай өмір кімге керек?
XX ғасырдың қыздары жасырын жердің бәрін жауып ұстайтын. Қыздардың қос анарын торситып, кіндігін көрсетіп, сандарын жарқыратып жүруі еркектерді «ереуілге» шақырады. Ойнасқорлық осыдан туады. Тал бойыңдағы ақ жүзің мен ақ білегіңнен өзге құпия жерлерді қымтап ұстасаң өлмейсің, ешқандай қызықтан құр қалмайсың. Мәдениетің төмендеп, ақылың азайып кетпейді, қыздар. Денені жалаңаштап ұстау сән емес, санасыздыққа саятынын, оның ақыры сексқұмарлыққа соғатынын ұмытпаңдар, айналайындар.
Біздің қыздарымыздың көбінің теледидарға еліктеп, байға шықпай, бала таппай, сексқұмар болып бара жатқаны жаныңды қинайды. Ал қазақтың кейбір зиялы деген азаматтарының, үлкенді-кішілі шенеуніктердің, қалталы байлардың жас қыздардың «шырынын» соруға құнығып алғаны қаныңды қайнатады. Осының бәрі ұлтымыздың соры екенін ұғынсақ етті.
Экономикамыз өсіп келеді, еліміз байып барады дейміз. Рухың өшіп, ұлтың азайып азып кетсе, ол экономика кімге керек? Не пайда? Осыны да ойлауымыз керек қой!
Қыздардың бәрі бақытты болғысы келеді. Бақытты болу үшін байға ти, бала тап. Ұрпақ өсір. Ұлтыңды көбейт. Сөйтіп, артыңда алтын із қалдыр. Бақыт деген осы!
Қыздар! Бой түзеп, «Болашақта» оқығандарыңа мастанбаңдар. Университет тауысып, үкілі қызметке қолдарың жеткеніне мақтанбаңдар. Сендерің затың әйел болғандықтан ең басты міндетің ана болып, бала өсіру екенін ұмытпаңдар. Ең басты парызың – ана болу екенін ұмытпандар. Осы ұлы қызметті ойдағыдай атқарғаннан кейін қызмет істесең де кеш қалмайсың. Кеңседе отырып «қағаз кемірмеймін» десең, Ана болу да –ұлы қызмет! Ал өне бойыңды талант кернеп бара жатса оның жөні басқа .
Ертең ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін, қыздар сендерсіңдер. Біздің ұлттық ұлылығымызды жойып, «Халық» деген қасиетті аттан айырып, әлде бір ұсақ ұлыс-аймаққа айналдырып жіберу де, қыздардың қолдарыңда.
Қыздар пәк болмай, тәні таза, жаны ұлағатты болмай, ұлт сақталмайды, азғындап, азып-тозып бітеді. Ұлттық ұлы жауапкершілік өз мойындарыңда екенін ұмытпаңдар, қыздарым, қарақтарым, қалқаларым!
Жазып алған Нұрболат Өнерханұлы, namys.kz