СҚО тұрғыны аттас адамдарының қарыздарына жауап беруден қажыған

Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Волкова өз аты-жөнінен зардап шегіп келеді. Ол есімдері ұқсас адамдардың қордаланып қалған қарыздарына жауап беруден шаршаған.

Бұл туралы 24.kz жазады. Сорақысы сол, сот орындаушылары белгісіз біреулердің берешегі үшін оның мүлкіне тыйым салған.

Наталья Волкова өзінің аттастарына қатты қапалы. Есімдестерінің бірі - банкке, енді бірі - коммуналдық қызметке қарыз. Бір қызығы - белгісіз біреулердің берешегі жазықсыз әйелдің мойнында. Сот орындаушылары оның мүлкіне осымен 3 рет тыйым салды.

"Жеке пәтерім болса, үйімді алып қояр ма еді?! Мұндай жағдайда не істейтінімді де білмеймін! Қазір алыс жолға шығудан да қалдық. Өйткені алдымнан осы шығады. Содан тағы да өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеумен жүремін", - дейді қала тұрғыны Наталья Волкова.

Наталья 2 бөлмелі пәтерде анасымен тұрады. Ешқашан несие алып көрмеген. Ешкімге қарыз да емес. 25 жасар әйелтегімді ауыстыру үшін тез арада тұрмысқа шығу керек деп қалжыңдайды.

"Соңғы рет егде әйелдің қарызына тап болдық. Ол суық суға мың теңгедей берешек екен. Борышкер басқа адам, біздің тек аты-жөндеріміз бірдей десек, сот орындаушылары "қара тізімге" барлық Волковалар кіргенін айтты", - дейді қала тұрғыны Галина Волкова.

Солтүстік Қазақстанда Волкова Наталья Александровна деген 30 адам бар екен. Олардың 6-ауы қалада тұрады.

Сот орындаушысы Бақтияр Биқановтың мәлімдеуінше, Волковалардың ішінен тек 1989 жылғы Наталья Александровнаға ғана шара қолданылды. Бұл - қалалық Әділет басқармасының шешімі. Басқаларының мүлкі болмаса керек, олар тізімде жоқ. Егер сот тұлға туралы мәліметті толық жіберсе, мұндай жағдай болмас еді.

Мойнында қарызы бар Волкова Наталья Александровнаны бір көруге сот орындаушылары да ынтызар. Борышкердің ұстатпай жүргеніне бір жылдың жүзі болыпты. Ал оның берешегінен берекесі қашқан аттасы енді сотқа шағымданбақ.