Павлодарда полицейлер марқұмның туыстарын іздеуге ерініп аты жоқ адам ретінде көміп тастаған

Павлодарда ыс тиіп өлген қала тұрғыны полицейлердің қателігінен "жетімдер қорымына" жерленді. 49 жастағы ер азаматтың мәйітін олар жоқтаушысы жоқ деп жер қойнына тапсырған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Соңынан іздеу салған туыстары марқұмның бейітін қызмет көрсету орталықтарына сабылып жүріп, әрең тауыпты. Міндетіне салғырт қараған тәртіп сақшылары енді тәртіптік жазаға тартылғалы жатыр.

49 жасында аяқ асты ажал құшқан Геннадий Бобученко таяуда ғана туыстарының арасында жүріпті. Жан бағу үшін, жұмыс іздеп кеткен үш баланың әкесі енді мына қорымның шетінде жатыр. Ата-тегі белгісіздер жерленген сайға тұлғасы анықталған адамның көміліп тасталғанын туғандар да, тамыр-таныстар да байыптай алар емес.

Арада бір ай өткенімен, тәртіп сақшылары суыт хабар жайында мүлдем естіртпепті. Бейіт бастарындағы гүл шоқтарының көптігіне қарағанда, марқұмдарды өздігінен іздеп табу әдетке айналған сыңайлы. Мәйітханадан соңғы сапарға аттандырылған отағасының сүйегін бұрынғы әйелі мен үлкен қызы үй-күйі жоқтарға арналған нөмір арқылы тапқан. Олар хабар бермеген полицейлерге қатты өкпелі.

"Мұндай фамилия бүкіл Қазақстанда біреу ғана. Іздеуші арқылы теріп қалсаңыз, менің үй телефоным шыға келеді. Тіпті тұрғылықты мекен жайы да тіркеуде бар. Меніңше, таба алмадық дегендері бос сөз", - дейді Светлана Бобученко.

Үйілген топырақтың үстіне крест қағылып, "утилизация" деп жазылыпты. Яғни, марқұмның мүрдесі тұтастай жерленбеген. Прокурорлар енді бассыздыққа жол бергендерге тәртіптік жаза қолданылуын талап етуде.

Павлодар қаласы прокурорының аға көмекшісі Владимир Пальченконың айтуынша, полицейлер туыстарының бар-жоғын тексермеген. Қылмыстық іс қозғамау жөніндегі шешімді дәлелдейтін бірде-бір құжат жоқ. Осы дерек бойынша, қызметкерлердің жүктелген міндетті атүсті атқарғаны жөнінде ішкі істер департаментінің бастығына түсініктеме жазылды.

Қайғы жұтқан туған-туыстары мәйітті қазып алып, қайтадан басқа зиратқа арулап жерлемекші. Ал мұндай сорақы жағдай енді қайталанбас үшін, полицейлерді сотқа бермек ойда.