Әйелді ұрма, сағы сынады
2014 ж. 11 маусым
4289
0
Отбасында әйелдердің зорлық-зомбылық көруі барлық қоғамда кездесіп отырған шындық. Бүгінгі күні, өкінішке қарай, жер бетіндегі әйелдердің әрбір бесіншісі еркегінен соққы көреді. Кейбірі зорлық-зомбылықтың құрбаны да болады. Республикамызда тұрмыстағы қысымды болдырмау мақсатында 2009 жылдан бері «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң да қолданыста. Десек те ресми дерек бойынша, елімізде жыл сайын шамамен 20 мыңға жуық әйел зорлыққа тап болады екен.
Қазақ әйелдеріне тән мінез болса керек, көбіне ерлерінен көрген зорлығын сыртқа айта бермейді. «Бас сынса, бөрік ішінде», - деп қарайды. Дегенмен зорлыққа шыдамағанда, оны жақынына, не анасына айтады. Шыдамы таусылғанда барып әлдекімдердің ақылымен заң орындарына жүгінеді. Бірақ күйеуінің ұрғанынан өліп кететін әйелдер де аз емес.
Отбасындағы жанжалға себеп көп. Соның бірі – ішімдік. Арақ ішіп, есін білмеген күйеуі әйелін өлесі етіп сабап тастағанын кеш түсініп жатады. Бір айта кетерлігі, отбасындағы осындай зорлық-зомбылық әйелге ғана кері әсер етпейді. Мамандардың айтуынша, өсіп келе жатқан балалардың психологиясына да бұл жағдай жағымсыз әсер етеді. Ұл бала мәселені шешу мен әйелді бағындырудың жолы таяқ деп түсіне бастайды. Өзі де өскенде соны қайталауға бейім тұрады. Қыз бала үшін отбасылық өмірдің қорқынышы басым. Әйелдер күйеулерінің ұрғанына шыдауы керек деген ойға барады. Осындай жағдайларға мен де тап болуым мүмкін деп үрейленеді. Ер кісілерді жек көретін болады. Тәуекелі жетпей тұрмыс құруы кешеуілдейді. Ұл мен қызда бірдей қорқыныш, алдағы күнге деген сенімсіздік пайда болады. Ұйқы жүйелері де бұзылады. Бұндай зорлық-зомбылықтың балаға деген ең жағымсыз әсері отбасында мәселелер осылай шешіледі екен деген ойға баруында. Яғни шешесінің таяқ жегенін көріп өскен бала әйелді жұдырықтауды қалыпты әрекет ретінде қабылдайды. Бұндай отбасында өскен балалар күйзеліске, өз-өзіне қол жұмсауға, үйден қашып кету әрекеттеріне жақын келеді.
Таяқ жеген әйелде күйеуіне деген сезімі семіп, іштей ыза пайда болады. Бұл ызаның неге апарып соқтыратыны да белгісіз. Тіпті жыныстық қатынастан да суып қалуы мүмкін. Бұл жағдай олардың араларын суытады. Отбасында сыйластық қалмай, бір-бірімен ілінісіп әзер жүрген адамдарға айналады. АҚШ-та ішімдікке салынған әйелдер зерттелгенде, олардың бұл қадамға күйеулерінен зорлық көру нәтижесінде барғаны анықталған. Әйел мен еркек арасындағы мәселе ешқашанда зорлықпен шешімін таппайды, қайта олардың кикілжіңдерін молайтады. Әсіресе, аяғы ауыр кезде әйелдің зорлық-зомбылық көруі құрсақтағы нәрестенің денсаулығына да айтарлықтай кері әсер етеді. Ата-анасының арасындағы төбелес баланың көз алдында әрі екі жақсы көретін адамының арасында жүргендіктен, балада өзіне деген сенім орнықпайды. Бұл жағдай баланың жасық болып өсуіне жол ашады. Таяқ жеген әйелдер өшін алғысы келгендей балаларын да көп ұрғыш келеді.
Анығында ерлі-зайыптылар өзіндік мәселелерін ашық сөйлесу, тілдесу арқылы шешуге дағдылануы керек. Өйткені мәселе көбіне түсініспеушіліктен де туындайды. Күйеуі әйелінің күнделікті үйдегі бір бітпейтін әрі көзге аса көріне бермейтін ұсақ тірліктерді атқаруын да бағалай білуі тиіс. Әйеліне әркез ұнатқан сыйлығын әперіп тұрса, ал әйелі күйеуі ұнатқан ас түрлерін дайындап, көңілін таба білсе, бұл да араларындағы сыйластықты арттыруға жарайтын тәсіл. Бұған қоса, Ислам дінінде әйелді ұру ұнамсыз әрекет екенін қаперде ұстау керек. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінде ешкімді ұрмаған, тіпті жаман сөз айтып балағаттауға да тыйым салған. Хадисінде әйелге қол көтерген жандардың нашар адамдар екенін білдірген.
Иә, «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеріп жүретін жайт.
Құдайберді Бағашар, Ислам порталы