Ел бюджетінен жымқырылатын қаржының көлемі рекордтық көрсеткішке ие
2014 ж. 06 маусым
1732
1
Ел бюджетінен ұрланған қаржының көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Қазынаға қол сұққан шенеуніктер 300 миллиард теңгені қымқырып қалталарына басқан. Қолды болған қыруар қаржы бір жарым жылдың ішінде ұрланыпты.
Қаржы полициясы 300-ден астам ірі шенеунікке қатысты 10 мыңнан астам қылмыстық іс қозғаға деп хабарлайды КТК арнасы.
Олардың арасында атышулы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміраев, жуырда ғана 12 жылға сотталып кеткен "ҚазҒарышСарапы" ұлттық компаниясының президенті Ғабдулатиф Мырзақұлов, қазір іздеуде жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев, "Қазатомпром" және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компанияларының топ-менеджерлері бар.
Анықталғандай атқамінерлер қызмет бабын асыра пайдаланып қылмыстық топ құрып оған жетекшілік еткен. Сондай-ақ, қаржы полицейлері қазынадан ұрланған ақша ғана емес, өздерінің қанша көлемде жалақы алатыны туралы да айтты.
"Аймақтардағы бөлімшелерде жұмыс істейтін қаржы полицейінің орташа жалақысы - 155 мың теңге. Бұған қоса қызметкердің жедел әрі тергеу жұмыстарын жүргізуіне байланысты арнайы үстемақылар да бар. Ал, аппараттағы басшылық құрамның орташа жалақысы - 215 мың теңге", - деді Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов.